Биыл блогер мәртебесін анықтайтын заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады. Бұған 2019 жыл соңында жолаушыларды қазаға, елді азаға ұшыратқан Bek Air ұшағының апаты түрткі болғанға ұқсайды. Себебі әуекомпаниясындағы заңсыздықтарды бүркемелеуге біраз бұрын дабыл қағып, қоғамдық пікірден дауыл туғызып, меморганның қол-аяғын жіпсіз байлап-матап тастаған лоббист блогерлер ықпал етті.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан – сөзі мен әрекетіне жауапсыз «жабайы блогерлер елі». Өйткені тіпті дамыған мемлекеттерде, соның ішінде демократия мен еркіндіктің тірегі ретінде насихатталатын АҚШ-та да олардың қызметі заңмен реттеледі.
Еркіндік пен қауіпсіздік – қайшы ұғым ба?
Алматы маңындағы әуе апатынан кейін арынды блогерлер тарататын ақпаратты заң аясында «ауыздықтау» мәселесі көтерілді: 2016 жылы Азаматтық авиация комитеті барлық әуетасымалдаушыдан IOSA ұшу қауіпсіздігінің халықаралық аудитінен өтуді талап еткен. Халықаралық тексеріс абырой әкелмесін түсінсе керек, Bek Air компаниясы жазылушылары он мыңнан асатын бірнеше блогермен ынтымақтасып, IOSA сертификатының қадірін түсіруге күш салды, жұртшылықты «өз жерімізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жатжұрттықты тартпаған жөн» екеніне сендірді.
– Уақыт көрсеткендей, сол блогерлер жолаушы қауіпсіздігіне кесір келтіріп, әуекомпания мүдделерін кез келген жолмен ілгерілетуге ұмтылған. Бұл ретте ұлттық мүддені қорғаған сыңай танытты, тірліктерінің ақысы төленген жарнама мен лоббизм екенін жазылушыларынан жасырып қалды. Блогердің өз аудиториясы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі маңызды. Сондықтан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға өзгеріс енгізіп, 10 мыңнан астам жазылушысы бар блогерлерді БАҚ деп тануды ұсынамын, – дейді белгілі қоғам белсендісі Лаура Маликова министрге жазған хатында.
Ол блогерді «пост коммерциялық мақсатта жазылды» деп көрсетуге міндеттеуді ұсынады. «Сонда азаматтар ақысы төленген жарнаманың шындыққа жанаспауы ықтимал екенін түсінеді. Әрине, блогерлер қоғамдағы әртүрлі түйткілді мәселені шешуге үлес қосады. Бірақ қауіпсіздік үшін лоббистерді тізгіндеу керек», – дейді Л.Маликова.
Жалпы, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сәйкес, БАҚ дегеніміз – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле және радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз таратудың басқа да нысаны. Тиісінше, заң жүзінде Facebook, Вконтакте, Mail.Ru, Одноклассники, Instagram және Твиттер онсыз да БАҚ болып есептеледі. Яғни, бұл интернет-ресурстарда орналастырылған материалдар, соның ішінде пайдаланушылар тобының жазбалары, блогердің жеке парақшасы және пікірлер тегіс БАҚ өніміне жатады және заңмен реттеледі.
Әйтсе де, заңнаманы қолдану барысында бірнеше кінәрат пен кілтипан әшкереленді. Біріншіден, әлеуметтік желілердің барлығы – шетелдік. Екіншіден, тағы да блогерлердің шу көтеруі нәтижесінде қабылданған заңға «блогер» деген бірде-бір сөз енбеді.
Үшіншіден, БАҚ заңының 10-бабының 1-тармағы бойынша Қазақстан аумағында тек мерзімді баспасөз басылымдары, яғни газет-журналдар және ақпарат агенттіктері ғана міндетті түрде есепке қойылуы тиіс. Ал интернет-ресурсты желілік басылым ретінде тіркеу – ерікті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев бұл салада олқылық барын растады.
– Блогер мәртебесі және оны БАҚ субъектілеріне жатқызудың өлшемшарты заңнамада айқындалмаған. Ағымдағы жылы ақпарат мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер мен толықтыру енгізіп, блогер мәртебесін анықтау жоспарланды. Осы орайда, Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-тармағы бойынша БАҚ-ты, телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың және ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне, қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін жалған ақпарат тарату үшін жауапкершілік көзделген, – дейді Дәурен Абаев.
Жаңа заң жобасы жазылып, Парламентке енгізілсе, оның айналасында қандай дауыл туып, толқын тулайтынын қазірден болжай беруге болады. Бірақ демократия мен сөз бостандығының шектелуіне жол бермеу үшін дамыған елдердің озық тәжірибесіне жүгінген жөн. Олар блогер қызметін бұрын реттеді, бұл істің суығына тоңып, ыстығына күйді. Қателерін «көш жүре түзеді». Олардың дайын үлгісін алсақ, жаңсақтықтан құтыламыз, алдыңғы қатарлы мемлекеттер тапқан қауіпсіздік пен еркіндік арасындағы тепе-теңдікті өзіміз де түземіз.
Арандаудан «анцайге» құтқарады
Бір уақытта блог жазу хобби, еріккендегі ермек болған. Бүгінде ол да –кәсіп. Рас, блогердің үстінен қарайтын бастығы, бекітілген 8 сағаттық жұмыс режимі жоқ. Алайда кез келген жұмыс сияқты мұнда да өз ісіне жауаппен қарау, тәртіпке бағыну, жасампаздық таныту, ерінбей еңбек ету талап етіледі. Әйтпесе, ешкімге қызықты болмай, жазылушысынан айырылады. Үлкен аудиториясы бар блогерге тұтас команда жұмыс істейді. Демек, басқарушы, ұйымдастырушы бола білуі тиіс.
Қазақстандық блогерлердің кірісі тұрақты емес, олар жарнама, PR сыртында, бартерден пайда табады. Мысалы, тауарды сыйлыққа алу, тегін SPA және массаж, мейрамханада ақысыз тамақтану, турагенттік есебінен саяхаттау және басқасы. Автокөлікті сыйға алғаны да бар.
АҚШ-та 160 млн жазылушыға ие Instagram жұлдызы Кайли Дженнер бір жарнамалық пост үшін 1,5 млн доллар, әнші Ариана Гранде өз парақшасында атап өту үшін 996 мың, ал футболшы Криштиану Роналду 975 мың доллар сұрайды.
Қазақстанда мұндай ауқым жоқ. Танымал блогерлерде жарнама орналастырудың орташа құны 300 мың-1 млн теңге. Бірақ нарықтың шағын болуы нәтижесінде он мыңнан көп жазылушысы бар блогердің көбі бір жарнама үшін 70-150 мың теңгені қанағат қылуына тура келеді екен. Бәрі де посттың жарнама екенін жасыруға тырысады.
Мемлекет барлық саланы салықтық әкімшілендіруге және құқықтық реттеуге бейім тұрады. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, осы нарық дамыған елдерде Influencer Marketing ретінде танылып, ондағы ойын ережелері мен қағидалар заңда көрініс табуда. Бұл жарнама беруші, тапсырысты орындаушы және контентті тұтынушы арасындағы адалдық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін қажет.
Мәселен, АҚШ-та Федералды сауда комиссиясы (FTC) тұтынушылардың құқығын және экономикадағы бәсекелестікті қорғайтын федералдық агенттік функциясын іске асырады. Ведомство The FTC’s Endorsement Guides құжатын жаңартты және блогерлер мен «жұлдыздардан» қандай да бір бизнес нысанымен байланысын және серіктес екенін ашық көрсетуін, #ad (жарнама), #collab (ынтымақтастық), #sponsored (демеуші) секілді хэштег қоюын талап етеді. Осыған сай таяуда Instagram демеушілік контентті таңбалау саясатына өзгеріс енгізді. Яғни, блогер өтемақы, сыйақы, тіпті жеңілдікпен азық-түлік алғанын, ақысыз жүріп, тегін тұрғанын жария етуі шарт. Талап бойынша Америкада жарнаманы айғақтайтын ақпарат Instagram, Snapchat және басқа әлеуметтік желіде суретке немесе посттың алғашқы үш жолында басылуы тиіс.
Еуропа көшбасшысы Германия бұдан да асып түсті. Бұған 2017 жылғы Rossmann ісі түрткі болды. Rossmann дәріханалар желісін 1,3 млн жазылушысы бар 20 жастағы блогер қыз жарнамалаумен айналысқан. Әр пост соңында оның жарнама екенін меңзейтін хэштег қойып отырады. Алайда Verband Sozialer Wettbewerb қауымдастығы шағымы бойынша істі қараған Келле жоғарғы соты мұны әділетсіз бәсекелестік деп таныды. Себебі инфлюенсер өз постында күлегеш, өңтаңба секілді Emojis көп қолданды, бұл коммерциялық жарнамаға емес, жеке хабарларға тән. Ал жазба соңындағы жарнама хэштегіне мәтінді соңына дейін оқыған не аса мұқият жандар ғана назар аударады.
Сондықтан Германия заңгерлік компаниялары қауіпсіздікті кепілдендіру үшін блогерлерге хэштег орнына Werbung (жарнамалық науқан) не Anzeige (жарнама) деп әу баста көрсетуге кеңес береді.
Айхан ШӘРІП