Жоғары білім. Халықаралық деңгей. Ұлттық салт-сана. Заманауи келбет. Еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жыл сайын мыңдаған түлекті қанат қақтыратыны баршаға аян.
Елбасы мемлекет тағдырымен ұрпақ тағдырын қатар қою арқылы мемлекетіміздің бүгінгі стратегиясы – өз жерін, елін сүйетін, адамгершілік қасиеті мол, ата-бабаның әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бойына сіңірген парасатты, өз ойын еркін жеткізе алатын дарынды, білімді, сапалы ғылыми жұмыстарға бейім тұлғаны тәрбиелеу мәселесін алға қойды. Адам тәрбие негізінде жетіліп, қалыптасады. Адам болашағын шешетін де тәрбие екендігі ежелден белгілі. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыз. Халықаралық қатынастар факультеті студенттерінің қоғамдық жұмысы және студенттік өмірі мазмұнды әрі қызықты деп айтуға әбден болады. Әрбір болашақ маманның белсенді өмірлік қағидасын, отанды сүю, ана тілін дәріптеу, оптимистік көзқарасын қалыптастыру – университет және факультет деңгейінде қабылданған бағдарламалар мен жоспарлар негізінде жүзеге асады. Университет болашақ мамандарды тек өз саласына қатысты пәндерді оқытумен ғана шектемейді, сондай-ақ студентті жан-жақты дамытатын түрлі клубтар мен үйірмелердің жұмысын жүргізіп, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыруды жолға қойған. Аталған білім шаңырағының Халықаралық қатынастар факультеті Дипломатиялық аударма кафедрасының «Шығыс әлемі» студенттік ғылыми-танымдық клубы осы сөзімізге айқын дәлел. Себебі «Барлық өркениеттің бастауы – батыстан» деген қасаң стереотип бұзыла бастаған қазіргі уақытта барлық ілім-мен білімнің қайнары – шығыстан екені күн өткен сайын өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Осы ұстанымды негізге алған бұл үйірме өз жұмысын 2001 жылдан бастаса, қамтитын ауқымы кеңейгендіктен, 2008/2009 оқу жылынан бастап ол клуб ретінде құрылымын өзгертті. Дегенмен, мақсат пен бағдар бұрынғысынша қалды десе болады. Клубтың негізгі мақсаты: студенттерді шығыс әлемімен тереңірек таныстырып, әр елдің тарихына, мәдениетіне, ұлттық салт-дәстүріне ден қоя отырып, саяси-қоғамдық, экономикалық дамуынан хабардар ету. Білімгерлер үшін шығысқа ашылған терезедей болған бұл ұйымның шаңырағына соңғы он жылда Түркияның Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Супхи Атан, Түркі халықтары мәдени қорының төрағасы Ахмет Дағдұран, Түркі Дүниесі Журналистер Федерациясының президенті және Түркі Дүниесі деректі фильмдер фестивалінің ұйымдастырушысы Мендерес Демир сынды халықаралық деңгейде лауазымы бар азаматтар қонаққа келді. Ал туған елімізде қызмет етіп жатқан отандастармыздың ішінен абайтанушы-ғалым Ә.Әбдіманұлымен, т.ғ.д., профессор Н.Мұқаммедханұлымен, танымал шығыстанушы Ө.Күмісбаевпен, ф.ғ.д., профессор Берікбай Сағындықұлымен және «Иран-Тұран» зерттеу орталығының директоры, профессор Ислам Жеменеймен танымдық тұрғыдан берері мол кездесулер өтті. Ол кездесулердің әрқайсысында болашақ дипломаттар үшін шығыстың тарихы мен болашағына қатысты, еліміздің ұстанған саясаты мен келешек бағдарына байланысты құнды ақпараттар пен қызықты пікірлердің айтылғаны заңдылық еді. Қазіргі таңда Халықаралық қатынастар факультетінің «Шығыс әлемі» студенттік ғылыми-танымдық клубы Анкарадағы Түркі Дүниесі Журналистер Федерациясымен 2016 жылдан бері ынтымақтастық орнатып, бірлесіп жұмыс істеп келеді. Факультет Түркі Дүниесі Журналистер Федерациясымен 2017 жылдың 5 мамыр күні Ынтымақтастық Протоколын бекітті. Клуб мүшелері 2017 жылы Стамбұлда өткен II Түркі Дүниесінің деректі фильмдер фестиваліне арнайы шақырылып, қатысқан болатын. Жақында «Шығыс əлемі» ғылыми-танымдық клубы және Түркі Дүниесі Журналистер Федерациясының ұйымдастыруымен ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына арналған «Абайдың аудармашылық қызметі», «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы» атты халықаралық ғылыми онлайн семинарлар өткізді. Клуб сонымен қатар, Түркияның танымал журналистерімен тығыз байланыс орнатты, мысалы, «MUSKARA HABER» газетінің бастығы Байрам Екижи, CEYHAN Radyo TV» – «HABER» газетінің бастығы Шахин Озер, «HASRET», «OLAY» газеттерінің бастығы Мендерес Демир, «TUM 1 HABER» газетінің бастығы Дикмен Хакан. Университет және факультет туралы оқытушылардың имидждік мақалалары осы белгілі газеттерде түрік тілінде жарияланып отырады. Кафедра оқытушылары мен студенттер клубтың ұйымдастыруымен өтетін дөңгелек үстелдер мен пікірталастарға зор қызығушылықпен қатысып, олардың жоғары деңгейде өткізілуіне белсенді түрде атсалысуда. Жастар – еліміздің жарқын болашағы, заман талабына сай өрісі биік, дүниетанымы кең, білікті мамандарды шығару үшін, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие қатар берілуін ұмытпау қажет.Бөрібаева Сафура Болатқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультеті Дипломатиялық аударма кафедрасы «Шығыс әлемі» студенттік ғылыми-танымдық клубының жетекшісі, ф.ғ.к.