Сенаторлар Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде біркүндік еңбекақысын аударды
Сенаторлар Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде біркүндік еңбекақысын аударды

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында болған жойқын өрттің салдарынан ондаған үй отқа оранып, жанып кетті. Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелді.

Осыған орай Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мұндай төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін қоғамның жұдырықтай жұмылып, бірлесіп әрекет етуінің маңызы зор екенін айтты.

«Бұл жағдай Президентіміздің тікелей бақылауында. Мемлекеттік органдар Риддер тұрғындарына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Бұл өте қиын жағдай екені сөзсіз. Осындай сын-сағатта бәріміз бірлесіп, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек. Парламент Сенатының және жеке өз атымнан өрт салдарынан қайтыс болған азаматтың жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сондай-ақ, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Парламент Сенатының депутаттары бір күндік еңбекақыларын тілсіз жаудан зардап шеккендердің көмек қорына аудару жөнінде шешім қабылдады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен қала тұрғындарына көмек көрсету және үйсіз қалғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысып жатыр.