«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» тарататын мемлекеттік гранттар турасында дау көп. Бірі орталық жанындағы комиссия мүшелері мемлекеттік тілді білмейді деп дат айтады. Ендігілері сарапшылардың сала жөнінде білері аз, сондықтан жобаның байыбына бармайтынын алға тартады. Шектен тыс көп есеп-қисап, құжат талап етеді дейтіндер де бар. Ал үкіметтік емес ұйым өкілінің орталық басшысының кездесуге қазақтілді аудармашымен келгенін айтқаны бар. Сонда жыл сайын миллиардтаған қаражатты игеретін орталық ісіне жауапкершілікпен қарамай ма?
Даудың басы – жақында өткен мемлекеттік грант беру жөніндегі конкурс нәтижесі. 4 тақырып бойынша грант үлестірген. Мәселен, «Қайырымды істер марафоны» жобасы бойынша Dauletten ҮЕҰ бақ сынаған. Қызығы сол аталған жоба ішінде «Іскер әйелдер қауымдастығы» жеңімпаз атанған. Бұлай дейтініміз, қайырымдылық жобаларына байланысты комиссия төрағасы Дәулет Төлеутайұлы жетекшілік ететін ұйым жұмысына жоғары баға берген. Ал нәтиже бойынша 11 ұпай берген Айнұр Заурбекова неліктен төмен балл қойғанын түсіндіре алмаған. Белсенділер тікелей эфир өткізуге жан таласқанымен, орталықтан тіл қатқан адам жоқ. Осылайша, мемлекеттік грант үлестіруден көңілі қалған қатысушылар кімге барып, базынасын айтарын білмей отыр.400 миллион теңгелік қайырымдылыққа көз жұмғаны ма?
«Қайырымды істер марафоны» жобасына қайта оралсақ. Дәулет Төлеутайұлы үкіметтік емес ұйымның мемлекеттік грант алмағанына емес, мемлекеттік тілдің рөл ойнай алмағанына қынжылады. Сіз бен біз қайырымдылық істер марафонына келгенде аталған ҮЕҰ-ның алдына жан салмайтынын жақсы білеміз. 10 мамыр күні Риддерде шыққан өрттен зардап шеккен халыққа бір күннің ішінде 15 миллион теңге көмегін дайындап отыр. Осындай бастамаға себеп болып отырған ұйымға Үкіметтен қолдау болмағанына жұрт аң-таң. Тіпті, сол күні комиссия төрағасы болған Марғұлан Ермағанбетұлы да шешімді түсінбегенін атап өтті. «Заңсыз, әділетсіз өткен комиссия жиыны. Өзім төраға болдым. 25-ке бағалаған жобаға қазақ тілін нашар білетін адам 11 деген балл қойды. Қайырымдылық жобаларымен айналысып, 400 млн теңгеге мұқтаж жандарға көмек көрсеткен Дәулеттің ұйымы жеңіліп, тек әйелдер арасында вебинар ұйымдастырып жүрген ұйым жеңімпаз атанды. Ал жоба қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруды көздейді. Мәселе Дәулеттің жобасы сол баяғы қазақ тілінде жазылғандықтан»,– дейді комиссия төрағасы. Иә, Айнұр есімді сарапшымен біздің де тілдескіміз келді. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» сарапшының телефоны сөндірулі екенін айтып, басын ала қашты. Артынша өзге сарапшының нөмірін сұрағанымызда үнсіз қалғаны тағы бар.Расымен, орталықта қазақ тілін жетік білетін сарапшы барына күмәнмен қарадық. «Осындай жобалардың ішінде қазақ тілін мүлдем білмейтін адамдардың комиссия мүшесі болып отырғаны қынжылтады. АБҚО-ға конкурсқа өтінім бергенде «Іскер әйелдер қауымдастығы» өтті. Бұл қауымдастықтың қашаннан бері қайырымдылық марафонын жасағанын түсіне алмаймын. Dauletten қоры 2019 жылы мамырдан бастап заңды түрде Әділет министрлігінің тіркеуінде тұр. Білмеймін, комиссия төрғасының сөзі жүрмегені де ой салады. Ол жоғары ұпай қойғанымен, Айнұр Заурбекова не үшін 11 ұпай қойғанын түсіндіре алмайды. Комиссия отырысы құпия түрде өтіп, ешкімнің түрін көрмедік. Бірақ сөйлеген сөздерінен, жазуларынан бәрін түсінуге болады. Қазақ тілін мүлдем түсінбейді», – дейді Дәулет Төлеутайұлы.Түйткіл тіл мәселесінде ме?
Ақпараттық даму министрлігінің байланыс нөміріне қоңырау шалғанымызда жауап берген азамат сарапшылардың дені орыстілді екенін айтып қалды. Кейіннен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» атынан жауап берген тұлға қазақтілді ҮЕҰ-дың жеңіске жеткенін атап өткен-ді. Ал осы орталық өткізген мемлекеттік грант бөлуге 6 рет қатысқан Марғұлан Ермағанбетұлы қазақтілді ұйымдар жеңімпаз болған жоқ деп отыр. «Комиссия мүшелері қазақ тілін білмейді. Неге тіл мәселесін көтеріп отырмын? Жобаның барлығы орыс тілінде іске асады. Семинар, конференция, оқыту, бәрі орыс тілінде өтеді. Басшыларын тікелей эфирде тілдесуге шақырсаң, қашады. Бірде комитетке кездесуге келгенде басшысы қазақтілді аудармашымен келді. Ойлаңызшы, мемлекеттік мекеменің басшысына аудармашы керек! Біріншіден, жыл сайын миллиард қаражатты игеретін орталық жөнінде халықтың көп бөлігі бейхабар. Грант бөлу жөніндегі комиссия жұмысын жетілдіру керек. Оның объективті, әділ шешім қабылдау процестерінде кемшіліктер көп», – дейді ол. Осы сұрақтардың жауабын іздемекке орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларын сүзгіден өткіздік. Сонда халық жолдаған сауалға жауап берген бейнекөрініске назарымыз ауды. «Алдыңғы жылғы жобада қандай қазақтілді оқытушылар болды? Нақты аты-жөнін айтсаңыз» деген сұрақ қойған. Бұл сұрақтан-ақ халық арасында қазақтілді оқытушыға сұраныс барын ұғасыз. Олар жоба аясында қазақ тілінде білім алғысы келетіндіктен оқытушының аты-жөнін сұрап жатқаны айтпаса да белгілі. Осы сұраққа маман Салтанат Оразбек былтыр өткен тренингтерде қазақтілді тренерлер аз болғанын, өйткені орыстілді қатысушылар көп екенін алға тартқан. Яғни, мәселе сұранысқа да байланысты. Орталықтағы тіл мәселесіне қатысты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Лима Диастың пікірін білгіміз келді. «Біріншіден, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы еліміздегі ҮЕҰ-ның барлығымен (қазақ, орыс немесе басқа тілді ұйым екеніне қарамастан) өзара тығыз әріптестік орнатуға қашанда мүдделі. Екіншіден, келіп түскен өтініштерді қарастыру барысында өтініштер мен жобалардың конкурстық талаптарға сәйкес келуі мен мазмұнына баса мән беріледі. Бұл жерде жобалық өтініштерді қарау барысында олардың қай тілде жазылғанына байланысты қандай да бір артықшылық немесе кемсітушіліккке ешқашанда жол берілмейді. Үшіншіден, конкурсқа қатысуға ниетті ҮЕҰ тарапынан өтініштер екі тілде де қабылданады. Сәйкесінше, Конкурстық комиссияның сарапшыларының мемлекеттік және орыс тілдерін еркін білуі – басты талаптардың бірі. Яғни, қазақ тілінде жазылған жобаларды сәйкесінше, мемлекеттік тілді еркін меңгерген сарапшылар тобы қарайды. Биыл ақпан айында өткізілген екінші конкурсқа жіберілген өтініштердің 58%-ы мемлекеттік тілде жазылған. Сондықтан айтып өткенімдей, Конкурстық комиссия сарапшыларының екі тілді еркін білуі – басты талап. Одан бөлек, Конкурстық комиссияның сарапшылары осы салада жұмыс тәжірибесі бар біліктілік талаптары бойынша іріктеледі», – деп жауап берді Лима Диас. Қош, орталық жауабымен таныстық. Одан бөлек, орталыққа қатысты пікірлерді саралай отыра, сарапшылардың біліктілік талабына сын көзбен қарайтындарды да байқадық. Мәселен, Әбдіғалым Оспан үнемі өзін-өзі басқару саласына жобалық гранттарды салаға мүлдем қатысы жоқ адамдар ұтатынын алға тартады. «Менің ойымша, осы салаға келгенде бұл кісілер ұлттық болашағы, дамудың даңғыл жолы деп емес, бөлінген қаражатты өзара келісіп, бөліске салу деген деңгейде қарайтын сынды»,– дейді ол. Байқап қарасақ, орталық жұмысы төңірегінде сын пікірлер көп. Тіл мәселесіне қатысты дау әлеуметтік желіде кең таралғаны тағы бар. Төрелікті орталық жұмысын қадағалайтын министрлікке қалдырдық. Өйткені миллиондар айналымға түсетін істе жауапкершілік пен қырағылық керек-ақ.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ