Осы қалаларға қарап аталған ұлттар бой түзеп қоршаған әлемге өздерін паш етеді. Тарихтың өзі Қазақ даласында осындай ерекше мәртебені Түркістанға бұйыртты.
Түркістан – Орталық Азиядағы ең көне шаһарлардың бірі саналады. ХІV ғасырда осында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынғаннан кейін қала бүкіл түркі тілдес халықтардың діни орталығына айналып, «Хазреті Түркістан» атанды. Ғасырлар бойында Қазақ хандарының ордасы күллі Алаш баласының жүрегінен орын тепкен осы кесене аумағында ел билеген хандар мен билер, батырлар мен сұлтандар жерленген. Олардың қатарында Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Қаз дауысты Қазыбек би есімдерін атап өтуге болады. Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы Түркістан қайта жаңғыру үстінде. Мұндағы құнды жәдігерлер қалпына келтіріліп, мәдени, экономикалық, инфрақұрылымдық әлеуеті арта түсті. Қала ірі халықаралық жиындардың, оның ішінде Түркітілдес қауымдастық жетекшілері бас қосатын маңызды саяси орталыққа айналды. Бұл істерге Тұңғыш Президентіміздің өзі әркез мұрындық болғанын атап өткен жөн. 1992 жылы Елбасымыз бен Түркия президенті Тұрғыт Озалдың бастамасымен құрылған Халықаралық Қазақ-Түрік университеті алдыңғы қатарлы оқу орнына айналды. Мұнда бүгінде алыс-жақын шетелден 20 мыңнан астам студент білім алады. https://www.youtube.com/watch?v=muBOht6IAcA&ab_channel=AikynGazetiВидео: Президент телерадиокешенінің қолдауымен түсірілген
2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан деп өзгертіліп, оның орталығы осы киелі шаһарға көшірілуі - Қазақстанда халқы ең көп орналасқан өңірдің өркендеуіне жаңа серпін берді. Содан бері өткен үш жылдың ішінде түркі әлемінің мәдени-рухани жауһарында көптеген игілікті істер атқарылып үлгерді. Оны Елбасының Түркістанға кешегі сапары да айшықтады. Бой көтерген нысандардың қатарында Қазақ хандығына арналған мемориалды ерекше атап өтуге болады. Киіз үй пішіндес кешендегі 21 уыққа Жәнібек пен Керейден бастап Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақтың 21 ханының есімі жазылған. Осы жерге Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» атты ішінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы салынған капсуланы орнатты. Қаланы абаттандыру шеңберінде жаңадан саябақтар салынып, онда 300 мыңнан астам ағаш егілген. Шаһардың іші ғана емес, сырты да жасыл желекке айналып келеді. Ірі мәдени, спорт кешендерінің қатарында «Керуен-Сарай» бүгіннің өзінде Қазақстан жұртшылығы ғана емес, шетелдік меймандар үшін көз тартар нысанға айналды. Мұндағы «Ұлы Жібек жолы» дәуірінен сыр шертетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойындарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, қонақүйлер мен мейрамханалар бірегей ұлттық нақышта салынған. Олардың бәрі бір-бірімен су арналары арқылы байланысып жатыр. Әлбетте, Түркістанның рухани қазына ретіндегі орны қашан да ерекше маңызға ие. Бұл тұрғыда халықаралық мәртебеге ие болған "Әзірет-Сұлтан" тарихи-мәдени қорық-мұражайында да көптеген игі жұмыстар тындырылды. Оның аумағында ерте заманда Қожа Ахмет Яассауи кесенесімен қатар Рабиға Сұлтан Бегім кесенелері, Қылует жерасты мешіті, Гауһар ана мен Ұқаш ата кесенелері, Сауран қалашығы орын тепкен. Мұражай қорында 25 мың бағалы экспонат бар. Облыс орталығына айналғалы қала тұрғындарының саны да едәуір артып келеді. Қазір мұндағы халықтың саны 200 мыңды құраса, 2025 жылға қарай 300 мыңнан асады деп жоспарлануда. Осы мақсатта Түркістанда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындарымен қатар өмір сапасаның өсуін қамтамасыз ететін жаңа мүмкіндіктер. Жаңа заманда көне Түркістанның осылайша түлегені – Тәуелсіз Қазақ мемлекеті үшін үлкен абырой. Ұлы Даланың кешегісі мен бүгінін ұштастырған әсем қаланың рухани мәнімен қатар саяси һәм экономикалық ықпалы артып отырғаны өз алдына қуантарлық жағдай. Бұл үрдіс тұтастай оңтүстік өңірдің алға басуына да оң әсер ететіні сөзсіз. Олай болса Қазақтың ғана емес күллі Түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістанның жылдан жылға өркендей беруі ұлт ретіндегі мерейіміздің үстем болуының маңызды алғышарты екені күмән тудырмас.