Аттестаттау емтихандары мен соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу ұсынылды
Аттестаттау емтихандары мен соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу ұсынылды
129
оқылды
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдап, аттестаттау емтихандары мен соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеуді ұсынды, - деп хабарлады azattyq-ruhy.kz. Қазақстанда мамырдың соңынан бастап 9, 11-сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтихандары басталады. Биыл 9-сыныпты тәмамдаған 264 мыңнан астам оқушы 3 емтихан тапсырса, ал 11-сыныпты бітірген 154 816 оқушы 4 емтихан тапсырады. Депутат емтихан тапсыру жабық ғимараттарда өткізілетіндіктен, оқушылардың, педагогтар мен басқа да жауапты мамандардың коронавирус жұқтыру ықтималдығы жоғары екенін айтады.
«Оқушылар арасындағы коронавирус жұқтыру фактілерін ескеріп, қорытынды аттестаттау емтихандарын және соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу керек деп есептейміз. Бұған ата-аналар да алаңдап отыр. Оқушылар мен мұғалімдердің денсаулығы басты назарда болуы қажет», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Былтыр елімізде пандемияға байланысты бітіруші түлектер үшін қорытынды аттестаттау емтихандары болмады, қорытынды баға оқу жылының тоқсандық нәтижесіне қарап шығарылды. Осы ретте Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары нақты үш ұсыныс айтты:
  • 9, 11-сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдау;
  • 9, 11-сыныптарда қорытынды аттестаттау өткізу пандемия және қашықтан оқыту жағдайына икемді етуге қатысты тиісті заңнамалық нормативтік актілерге өзгерістер енгізу және реттеу;
  • жергілікті атқарушы билік органдары Бас санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, ҰБТ тапсыру пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатысты мониторинг топтары жұмысының тиімділігін арттыруды өз жауапкершілігіне алуы қажет.