10 жылда бензин бағасы қалай өзгерді?
10 жылда бензин бағасы қалай өзгерді?
515
оқылды

Қазақстанда 10 жылда бензин бағасы 73 - 79%-ға дейін өскен. Aikyn.kz 2011 - 2021 жыл аралығында Қазақстандағы бензиннің бағасы қалай өзгергенін анықтап көрді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2011 жылдан бері, 10 жылда АИ-92 бензинінің орташа құны 76%-ға, АИ-95/96 бензині 73,5% - ға, АИ-98 бензині 79%-ға, дизель отыны 131 %-ға қымбаттаған. 2011 жылы АИ-92 бензинінің литрі шамамен 95 теңгеге сатылса, 2021 жылы сәуірден 168 теңгеге сатылып жатыр.  Ал АИ-95, АИ-96 бензинінің литрі 2011 жылы шамамен 107 теңге болса, 2021 жылы 187 теңгеге сатылады. АИ-98-дің бағасы 2011 жылы шамамен 115 теңге болса, 2021 жылы сәуірде 207 теңге болған. АИ-95, АИ-96 бензині тек 2019 жылы 3,8% арзандаған, басқа жылдары баға тек өскен. Ал АИ-98 10 жыл ішінде тек екі рет арзандаған. Баға 2015 жылы 4,2%, 2019 жылы 3,3% түскен.  АИ-92 бензинінің бағасы 10 жыл ішінде 3 рет түскен. 2013 жылы 1,9% , 2015 жылы 7,2% , 2019 жылы 6,8%  арзандаған. Экономист Мақсат Сералының айтуынша, бензин бағасының өзгеруіне көрші елдердегі жанармай бағасы, ішкі нарықтағы жанармайдың тапшылығы, мұнай өндіруге кеткен өзіндік құн және тағы басқа факторлар әсер етеді. Ресейде жанармай бағасы Қазақстандағы бағадан шамамен 20% жоғары. Оның айтуынша, Қазақстандағы мұнай өндіруші зауыттар "қайта жөндеуден өткенен кейін ішкі нарықты жанармаймен 100% қамтимыз" деген уәдесін орындамады. Онымен қоймай, зауыттардың қайта жөнделуінен елдегі жанармай бағасы тағы да өскен. "Мұнай өндіруші зауыттарымыз екі жыл бұрын толық қайта жөндеуден өтті. Барлығы ішкі нарықты жанармаймен 100%  қамтамасыз етеміз деді. Бірақ оны әлі орындамады. Жөнделгеннен кейін баға көтерілмейді деді. Бірақ баға өсті. Елде жанармай тапшылығы әлі де бар. Қазір Ресейден импорттап жатырмыз. Зауыттардың алдына қойылған мақсаттар орындалған жоқ. Сондықтан мұнай өндіруші зауыттардың экономикалық жағдайын қарау керек. Олар жөнделгененн кейін жанармай бағасына өздерінің шығынын қосты. Сөйтіп елде баға өсті. Қазір Қазақстанда өндірілетін мұнай көлемі үлкейді.  Бірақ әлі де жеткізіп жатқан жоқ. Сондықтан зауыттардың қуатын толық қолдану керек. Олар ішкі нарықты толық қамтыса, баға тұрақталар еді", - дейді экономист Мақсат Сералы.

 
 

Қазақстандағы бензиннің орташа бағасының 10 жылдағы өзгерісі (2011-2021 ж.) (литр, теңге)

 

АИ-95, АИ-96

АИ-98

АИ-92

Дизель отыны (жазғы)

2011\05

107,84

115,62

95,68

80

2012\05

139,95

158,28

111,38

95

2013 \05

140,92

160,73

109,21

101

2014\05

143,73

161,26

114,86

114,29

2015\05

133,53

154,4

106,55

96,21

2016 \05

138,48

155,41

123,95

98,44

2017 \05

155,22

165,02

142,18

135,74

2018 \05

175,3

192,42

158,51

169,25

2019 \05

168,57

185,91

147,58

192,06

2020 \05

172,02

190,9

151,81

184,73

2021\04

187,13

206,87

168,51

185,38

Экономистің айтуынша, жанармай бағасының өсуі елдегі азық-түлік өнімдерінің, кей қызмет құнының қымбаттауына әсер етеді. "Жыл сайын дизель отыны ауылшарушалық науқаны басталған кезде қымбаттайды. Осыдан кейін бәрінің бағасы жүйелі түрде көтеріледі.  Ауылшаруашлық өнімі, басқа да азық-түлік тауарлары, логистика қызметтерінің құны қымбаттайды. Сондықтан үкімет мұнай өндіруші зауыттарға нақты жоспар қойып, олардың ішкі нарықты жанармаймен толық қамтуын қадағалауы керек", - дейді экономист. Айта кетейік, биыл Қазақстанда бір ай ішінде бензин бағасы 5-6% өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл сәуірде Қазақстанда АИ-92-нің орташа құны 6%-ға, АИ-95/96 бензині 5,2%-ға, АИ-98 бензині 5,5%-ға қымбаттаған. Ұлттық Банк басшысы Ерболат Досаев жылдың басынан бері бензиннің бағасы 11,6%-ға өскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бағаның өсуіне елдегі ішкі сұраныстың азаюы және мұнай өнімдерін тасымалдау тарифінің көтерілуі себеп болды.