Теңге қолданыстан шыға ма?
Теңге қолданыстан шыға ма?
118
оқылды

Жақында  Ұлттық банк цифрлық валютаны енгізу туралы баcтаманы жариялады. Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны айырбастауға арналмаған. Егер енгізілсе, заңды төлем құралына айналмақ. Олардың хабарлауынша, жаңа форматтағы қаржыны енгізу 5 сатыдан тұрады. Қазір оның 3-і аяқталған екен. Алда жобаның қорытынды және жүзеге асыру кезеңдері бар. Бұл жаңашылдықтың оң-терісі жайында мамандар өз пікірін білдіруде.

Белгілі экономист, «DAMU Capital Management» ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев теңгенің баламасын енгізуді мәжбүрлі шара деп есептейді. Оның пікірінше, бүгінде халықтың криптовалюталарға қызығушылығы артқан.

«Орталық банктер мемлекеттің бақылауына алынбаған ақша форматтарының еркін айналымына жол бермеу тәсілдерін зерттеп жатыр. Ал сандық теңге жасау криптовалютаның барлық артықшылығын пайдаланып, кемшілігін алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда әлемдегі 50-ге жуық орталық банк өздерінің осындай ақшасын әзірлеуде. Қазақстан үшін цифрлық теңге қаржы жүйесі мен төлем технологиялары эволюциясындағы жаңа қадам болады. Реттеушінің дерегінше, ол криптовалюталарға қарағанда қауіпсіз әрі дәстүрлі төлем жүйелерінен тыс аударым сынды артықшылықтарға ие», – дейді ол.

Сонымен қатар экономист теңгенің сандық баламасы интернет-банкингтерден де бөлек болатынын айтады. Бірақ Tickmill халықаралық брокерлік топ сарапшысы Арман Бейсембаев цифрлық теңге қолма-қол ақшаны немесе қолма-қол емес ақшаны ауыстыруға арналмағанын айтады. Ол осы екі төлем жүйесімен қатар пайдаланылады. Ал бастысы сарапшы сандық ақшаны қазіргі кезде танымал криптовалюталармен шатастырмау керек деп есептейді.

«Криптовалюта арқылы әдеттегі қолма-қол ақша секілді барлық жерде төлем жасауға болады. Азаматтар мен компаниялар оны заңды төлем, сондай-ақ жинақ құралдары ретінде пайдалана алады. Ішінара ұқсас технологиялық тәсілдерге қарамастан, криптовалюталар және стейблкоиндер ақша емес. Олар ақшаның қызметін толық атқара алмайды. Мәселен, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін пайдаланылмайды. Сондай-ақ ресми ақшалай есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құнының тұрақсыз болуына байланысты толыққанды айналыс құралы ретінде қолданылмайды», – дейді Арман Бейсембаев.