Елбасы кітапханасында Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен онлайн кездесу өтті
Елбасы кітапханасында Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен онлайн кездесу өтті
314
оқылды
12 мамырда Елбасы кітапханасында Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен онлайн кездесу өтті. Іс-шара  «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрме алаңында ұйымдастырылды. Көрме атауы Олжас Сүлейменовтің ғарышты бағындырған адамзатты әйгілеп, күллі әлемнен сүйінші сұраған поэмасынан алынып отыр.
"Елбасы кітапханасы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қызылорда, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен және «Роскосмос» МК, Қазақстандағы Россотрудничество өкілдігі, Мәскеудегі Ю.Гагарин атындағы Космонавтика музейі мен Украинадағы С.Королев атындағы Ұлттық космонавтика музейі секілді шетелдік серіктестерімен бірге осы жобаны жүзеге асырды", - деп атап өтті іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Ол қатысушыларды көрме серіктестері – Ю.Гагарин атындағы Космонавтика музейі (Мәскеу қ.) және С.Королев атындағы Ұлттық космонавтика музейі (Житомир қ.) өкілдерінің бейнеүндеуін көруге шақырды.
– Ғарышты игеру басталғаннан бері 60 жыл өтті. Бұл – адамның өмірі үшін аз көрінгенімен, адамзат үшін ғарыш кеңістігін игерудің алғашқы қадамы. Баршаңызды осы датамен құттықтаймын! Өткен ғасырдың басында Эдуард Константинович Циолковский айтқан армандарды жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Біз, адамзат, басқа планеталарды бағындырамыз. Ол сәт алыс емес. Ал осы кездесуде отырған жастар бұған куә болып қана қоймай, сонымен қатар қатысушы да болуы мүмкін, – деді өзінің құттықтау сөзінде Тоқтар Әубәкіров.
Онлайн байланысқа (ZOOM арқылы) Нұр-Сұлтан қаласындағы Басқару, Құрылыс, Менеджмент және бизнес, көпбейінді колледж студенттері, Қажымұқан атындағы мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің оқушылары, сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы Лингва шет тілдері колледжінің білімгерлері, Маңғыстау облысы Бейнеу қаласы мектеп-гимназиясының, Ақтөбе облысы Қобда ауылдық мектеп-гимназиясының, Алматы және Тараз қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары мен В.Пацаев атындағы Жас ұшқыштар мектебінің және «Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты» РММ-нің курсанттары шықты. Кездесуге қатысушылар Қазақстанның тұңғыш ғарышкеріне сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.