Елбасы түлеткен Түркістан
Елбасы түлеткен Түркістан
142
оқылды

2018 жылы Елбасының тарихи Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітіліп, барша түркі жұртын қуанышқа кенелтті. Нәтижесінде, бүгінде түркітілдес мемле­кеттердің рухани астанасына айналған Түркістан қаласы қайта түлеп, қарқынды көркейіп жатыр. Биылғы ораза  аяқталар тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына арнайы сапарлап келіп, қала тынысымен танысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кістан қаласына келген са­па­рында өзінің идеясымен қарқынды жанданып жатқан қасиетті қала­ның тыныс-тіршілігімен және он­да­ғы қыруар жұмыстармен таны­сып, бірнеше нысанның ашылу рә­сіміне қатыс­ты. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан сапарында Елбасы Қазақ ханды­ғына арналған мемориалдың ашы­лу рәсіміне қатысты, сондай-ақ «Тұң­ғыш Президент саябағын» одан әрі абаттандыру жоспарымен танысты. «Тұңғыш Президент саябағын» аралап, абаттандыру жұмыстарын көрді. Жалпы аумағы 38 гектар болатын саябақта сыйымдылығы 100 текше метр жасанды арал пайда болды. Жасанды аралға су әкелу үшін су ұңғымасы мен резервуар салынған. Онда 10 мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар тө­сел­ді. Жаңа демалыс орны ерекше дизайнда жасалған шамдармен жарықтандырылады. Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсімі ая­сында Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңіріндегі киелі жерлердің топы­рағы жиналған. Айта кетейік, «Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен» қазақ хандығының негізін қалау­шылардың құрметіне тұрғызылған. Мемориалдың архитектуралық шешімі – биіктігі 7 метрлік сатылы 21 пилоннан тұратын, диаметрі 35 метрге тең киіз үй бейнелі ком­по­зиция. Сәулет кешенінің орталық бө­лігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын асатаяқ пішіндес, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр. Бұдан соң Тұңғыш Президент назарына ботаникалық бақтың даму жоспары ұсынылды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа «Күл­төбе қалашығы» археология­лық саябағын құру жобасын жүзеге асыру туралы баяндалды. Жалпы, «Яссы» ботаникалық бағының жалпы ауданы 7,7 гектар. Бақтың орталық бөлігі раушан гүлдерден және аршадан жасалған ислам ою-өрнектері бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Саябақ ішінде раушан гүлдерден ислам паттерндеріне ұқсас гүл­зарлар бар. Бұл жерге мыңға жуық ағаш егілген, оның 800-ден астамы шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүлдейтін сәнді өсім­діктер. Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы­ның аумағында орналасқан ин­терактивті этноауылға барды. Елбасы этноауылдағы қолөнер­шілер көшесін аралады. Қолөнер­шілер көшесінде ағаш ұсталары­ның, тоқымашылар мен киіз басу­шылардың, қыш бұйым жасайтын шеберлердің, зергерлердің, тас қашаушылардың 5 түрлі тақырып­тық шеберханасы қамтылған. Нұрсұлтан Назарбаев этноауыл­дағы көшпенділер асханасын да тамашалады. Этноауылды аралап болған соң Нұрсұлтан Назарбаев Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты. Айталық, театрда Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті түркі халықтарының тарихы мен өмірі­нен сыр шертетін «Шаңырақ» ми­ниатюрасын тамашалады. Соңында Елбасы театр әртіс­тері­мен сөйлесті, құрметті қонақ­тар кітабына естелік жазба қал­дырды. Сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, қала мен өңірдің негізгі даму нәтижелері туралы айтты.
– Түркістан қазіргідей жаң­ғыруды бұрын-соңды басынан өт­кізіп көрген емес. Танымастай бо­лып өзгерді. Бұл жер қазақстан­дықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті инвестициялық және турис­тік жобаларды, сондай-ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын да­мытуға бағытталған жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңыз­дылығын атап өтті.
– Қалада жаңа жұмыс орын­дары ашылуда, жастарға мол мүм­кіндік жасалып жатыр. Туризм уни­вер­ситеті бой көтерді, бүгін та­ма­ша театрдың тұсауы кесілді. Бұл – шын мәнісінде айтулы оқиға, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы облыстық Farab Library ғылыми әмбебап кітапханасына барып, кітапханадағы роботтан­дырылған техника зертханасының жұмысымен танысты, сондай-ақ сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін көрді. Сәулеті көз сүріндірер Farab Library кітапханасы – заманауи құ­рылғылармен және озық тех­но­ло­гиямен жабдықталған көпфунк­циялы білім беру кешені. Бұл жерде 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, кон­сервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотү­сі­рілім­ге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проек­ция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коуоркинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан. Кітапхананы аралап болған соң Нұрсұлтан Әбішұлы «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешеніне барды. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті «Алтын Самұрық» ұшатын театрына барып, театрландырылған судағы шоуды тамашалады. Сондай-ақ ол жерде Елбасына «Қыз қуу» театрландырылған кө­рінісі көрсетілді. Айтайық, «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешені «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 117,6 мың шаршы метр. «Керуен-Сарай» кешенінде «Жібек жолы» дәуірінен сыр шер­тетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойын­дарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутик­тер, қонақүйлер мен мейрамха­налар, SPA және фитнес орталық, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Олардың бәрі бір-бірімен су арналары арқылы жалғасып жатыр. Жалпы, Түркістанға сапары ба­рысында: «Ата-бабаның арма­нын орындап, Тәуелсіз Қазақ­стан­ды осылайша көркейтіп жатырмыз. Алла бізді бірліктен айырмасын. Елдің ішінде ауызбіршілік мықты болсын. Қазақ біріккенде барлығын жеңеді» деген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, облыс орталығының жаңарып, күн сайын өзгеріп жатқанын атап өтті. Түркі әлемінің рухани ас­танасын аралаған Елбасы қыруар іс тындырып жүрген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке де алғыс айтты. Түркістанның күннен-күнге көр­кейіп, түлеп жатқан келбетіне ри­за­шылығын білдерген өңір жұрт­шы­лығының да айтары бар. Осы тұрғыда әлемді назарына аударған Түркістан шаһарында атқарылып жатқан игілікті істерге деген көз­қарасы мен пікірін білмек болып Түркістан облыстық арда­герлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мауленқұлов ақсақалға хабар­ласқан болатынбыз. Ақсақал бүгінгі Түркістанның көз алдында өркен жайып, өсіп-өніп жатқанына тәубе айтып, қасиетті мекеннің барша түркі жұртының рухани астанасына айналғанына көңілі толатынын және осындай тарихи сәттерге өзінің куә болып жүргеніне қуанышты екенін жетізді. Мұның бәрінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы­ның ерен еңбегі жатқанын және Тұңғыш Президенттің сараб­дал саясатын жалғастырып, еселі еңбек етіп жүрген Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да зор үлесі барын тілге тиек етті.

Тельман БЕЙСЕН