Әлеуметтік қызметкер зейнеткерді қарттар үйіне жіберіп, баспанасын иемденген
Әлеуметтік қызметкер зейнеткерді қарттар үйіне жіберіп, баспанасын иемденген
150
оқылды

Бұл жайында қарияның немересі айтып, дабыл қақты. Оның пайымынша сала маманы әжейді арбауына түсіріпті. Қазір бұл іске қатысты полиция тексеріс бастады. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Сексеннен асқан Людмила Носик жастайынан теміржолда жұмыс істеп, ерен еңбегі үшін екі бөлмелі пәтерге ие болған. Алайда жуырда баспанасынан айырылып қалды. Айтуынша, қартайғанда жалғыз қалған қарияны  әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің маманы төрт ай күтіп, үйдегі шаруаға көмек көрсеткен. Артынша зейнеткер денсаулығын оңалту үшін қарттар үйіне көшкен. Ал пәтерінен айырылып қалғанын, үйіне қайта алмай қалған кезде бір-ақ түсініпті.

Зейнеткер Людмила Носик: «Мен ешқандай құжатқа қол қойған жоқпын. Олар бәрін өздері жазды. Үйге қашан қайтамын деп сұрап едім. Жуық арада деп жауап берді», – дейді.

Зейнеткердің немересі Наталья Середа әжесі із-түзсіз жоғалған кезде алаңдай бастаған. Екі апта байланысқа шықпаған соң, ол Мәскеуден ұшып келіпті. Құлыптаулы есікті көрген соң, бірден құзырлы органдарға шағымданғанын айтқан. Олар қарияны қарттар үйінен тауып берген. Жәбірленушінің немересі Наталья Середа: «Әжем құжатты өзі толтырмағаны анық байқалады, тек астына қолын ғана қоя салған. Жасына жеткен кісіні алдау қиын емес. Мен әжемнің мүлкін қайтаруды талап етемін», – дейді. Ал басы дауға қалған маман әлі қызметінде жүрген көрінеді. Бүгінде ол әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде тіркелген сегіз қарияға жауапты. Сала маманы пәтерге қатысты мәселені заң жүзінде жасағанына сенімді.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин: «Бұл маман бізде әлі жұмыс істейді. Құқық қорғау органдарының шешімінсіз мен оны жұмыстан шығара алмаймын. Тексеріс жұмысы аяқталсын. Егер заңсыз ісі дәлелденсе, біз оны міндетті түрде жұмыстан шығарамыз», – деді.

Қазір полицейлер алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Бүгінде әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде қызмет етіп жатқан 78 маман, 500-ден астам қарияның күтімін мойнына алған.