«Бақытты келіншек кітабы» жинағының тұсаукесері өтті
«Бақытты келіншек кітабы» жинағының тұсаукесері өтті
353
оқылды
Журналист, телепродюсер, PhD докторы, көпбалалыана Алма Сайлауқызы 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында көпшілікке тарту жасады. Оның деректі-мотивациялық «Бақытты келіншек кітабы» жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері елордада өтті. Салтанатты шараға ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан, тарихшы Жұлдыз Сүлейменова, «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев қатысты. Олар авторға жылы лебізін білдіріп, қоғамдағы негізгі проблемаларға тоқталды. Туынды авторы Алма Сайлауқызы қыз-келіншектердің «келіншек» сөзіне назар аударуын, тереңіне бойлауын сұрағанда көпшілік таңырқап қалды. Ол мұның себебін келіншек сөзі тек қазақта барын, өзге тілге аударылмайтын ұғым екенімен байланыстырды. Сондықтан бақытты келіншек атану үшін он бөлімнен тұратын кітапты оқып, құндылықтарды бойға сіңіруге шақырды. «Негізі, кітап жазу идеясының келгеніне он шақты жыл болды. Бірақ «тәжірибем жетіспей тұр, әлі сәті туған жоқ» деп жүріп, ішімде көп уақыт пісірдім. Ал жазып шығуға бір жылдай уақыт кетті. Ең басты ерекшелігі – бірегей мазмұны. Өзгенің ақылын емес, шетел психологтарының аудармасы емес,  қияли, көркем-әдеби элементтері жоқ, шынайы деректі, өмірде болған оқиғалардың жиынтығы. Нақты мысалдармен  заманауи психологияны ұштастыру арқылы деректі-мотивациялық кеңестерімді ұсынамын. Ішінде әндерден үзінді келтіре отырып, бөлімдерге бөле отырып, келіншек ұғымы арқылы бірегей қазақ қызы туралы сыр шертемін. Еуропаның да, Азияның да ең ізгі қасиетін бойына сіңірген, жеке әлемін, отбасын мен жұмысын да қатар ұстай алатын ерекше күштің иесі қазақ әйелі туралы кітап», – деді Алма Сайлауқызы.  width=   Сондай-ақ автор  кітапты жазу үшін арнайы кітап оқымағанын жеткізді. Бұрыннан дамуға арналған туындыларды, түрлі авторлардың кітабын оқитынын айтып, бірнеше кітапты кеңес ретінде ұсынды. Өзінің орыс зерттеушілері, психологтары Анатолий Некрасов пен Зицердің, ағылшындардан Кэрол Дуэктің кітабын назарға алғанын айтты. «Әр кітаптан  түйгенімді түртіп жүремін. Барлығын санамдағы, өмірімдегі кейіпкерлермен қабыстыра отырып, өзімнің де жұртқа айтар кеңесім бар екенін түсіндім. Қыз-келіншектер замануи болуы керек. Бірақ өткенсіз болашақ жоқ. Сол үшін өзегі мықты болуына Зейнеп Ахметованың кітаптары сеп болады. Одан кейін отбасындағы құндылық, салт-сананы тереңірек түсіну үшін классик жазушылардың туындыларын оқыса екен. Мұхтар Әуезовтен бастап, Аягүл Мантайға дейінгі туындыларды оқып, өзіне керегін алса. Мысалы, Аягүл Мантайдың мөп-мөлдір, тұп-тұнық қысқа да нұсқа әңгімелері бар. Сол дүниелерді оқыса қазақ әйелі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі таныр еді», – дейді автор. Тұсаукесерге қатысқан белгілі тұлғалар қазір психологиялық, мотивациялық сарындағы кітаптар көбейіп кеткенін баса айтты. Соның ішінде жалаң аудармаға құмарлардың қатары көбі тағы бар. Әсіресе, филология ғылымдарының кандитаты Оңайгүл Тұржан мұндай мазмұндағы кітаптарды расымен тәжірибесі, көрген-білгені бар бақытты әйел жазу керегін атап өтті. Қыз-келіншектерге бақытты болудың құпиясын үйрететін әдебиет іздерде автордың өмір жолына, тәжірибесіне назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, құрғақ сөзден аулақ болып, шынайы мысалмен көркемделген туындыға басымдық берген дұрыс. Айта кетерлігі, қазір кітап мың данамен жарық көрген. «Бақытты келіншек кітабын» «Меломан» дүкендер желісінен,  «Қазына» онлайн кітап дүкенінен сатып алуға болады.

   Айзат Айдарқызы