Сондай-ақ автор кітапты жазу үшін арнайы кітап оқымағанын жеткізді. Бұрыннан дамуға арналған туындыларды, түрлі авторлардың кітабын оқитынын айтып, бірнеше кітапты кеңес ретінде ұсынды. Өзінің орыс зерттеушілері, психологтары Анатолий Некрасов пен Зицердің, ағылшындардан Кэрол Дуэктің кітабын назарға алғанын айтты.
«Әр кітаптан түйгенімді түртіп жүремін. Барлығын санамдағы, өмірімдегі кейіпкерлермен қабыстыра отырып, өзімнің де жұртқа айтар кеңесім бар екенін түсіндім. Қыз-келіншектер замануи болуы керек. Бірақ өткенсіз болашақ жоқ. Сол үшін өзегі мықты болуына Зейнеп Ахметованың кітаптары сеп болады. Одан кейін отбасындағы құндылық, салт-сананы тереңірек түсіну үшін классик жазушылардың туындыларын оқыса екен. Мұхтар Әуезовтен бастап, Аягүл Мантайға дейінгі туындыларды оқып, өзіне керегін алса. Мысалы, Аягүл Мантайдың мөп-мөлдір, тұп-тұнық қысқа да нұсқа әңгімелері бар. Сол дүниелерді оқыса қазақ әйелі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі таныр еді», – дейді автор.
Тұсаукесерге қатысқан белгілі тұлғалар қазір психологиялық, мотивациялық сарындағы кітаптар көбейіп кеткенін баса айтты. Соның ішінде жалаң аудармаға құмарлардың қатары көбі тағы бар. Әсіресе, филология ғылымдарының кандитаты Оңайгүл Тұржан мұндай мазмұндағы кітаптарды расымен тәжірибесі, көрген-білгені бар бақытты әйел жазу керегін атап өтті. Қыз-келіншектерге бақытты болудың құпиясын үйрететін әдебиет іздерде автордың өмір жолына, тәжірибесіне назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, құрғақ сөзден аулақ болып, шынайы мысалмен көркемделген туындыға басымдық берген дұрыс.
Айта кетерлігі, қазір кітап мың данамен жарық көрген. «Бақытты келіншек кітабын» «Меломан» дүкендер желісінен, «Қазына» онлайн кітап дүкенінен сатып алуға болады.
Айзат Айдарқызы