Қариялар азайып бара жатыр
Қариялар азайып бара жатыр

Қазақстанда қариялар саны азайып кетті. Бұған елді жайлаған пандемияның да ықпалы болуы мүмкін. Был­тыр ауруханалардың көбі коронавируспен күреске тар­тылғаны және өзге сыр­қат­тарды қабылдай ал­мағаны белгілі. Оның үстіне, ка­рантин енгізіліп, жүріс шек­телді. Оған созылмалы сыр­қаттары мен уақытылы ем­делмеуі де себеп болған шығар.

Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау ми­нистр­лігінің мәліметінше, 2019 жылы елімізде зейнет жа­сындағы қазақ­­­стан­дықтар саны бір жыл ішінде 43 мыңға артып, 2 миллион 190 мың адам болған. Ал былтырдан бергі 1 жылда зейнеткерлер саны небәрі 19 мыңға ғана өсті. Атап айтқанда, 2020 жылғы 1 ма­­­мыр­­дағы жағдай бойынша зейнет­­­керлер саны 2 мил­лион 225,9 мың болды. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнеткерлер қатары 2 млн 245 мың адамға жеткен. Министрліктің дерегінше, биыл жыл басынан бері жалпы сомасы 894 миллиард теңгеден астам зейнетақы төленді. «2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында респуб­ликалық бюд­жеттен базалық зейнетақы төлеуге 274,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 620,1 млрд теңге бағытталды. 2021 жылдың сәуір айын­да республикалық бюджеттен зейнетақы төлем­деріне 223,2 млрд теңге, оның ішін­де базалық зейнетақы тө­леуге – 68,4 млрд теңге, ынты­мақты зейнетақы тө­леуге 154,8 млрд теңге бөлінді», – деді ең­бек ве­дом­ствосы. Министрлік базалық зей­нетақыны қоса есеп­тегенде, елдегі зейнетақы төлемдерінің орташа мөл­шері 2021 жылғы 1 мамырда 100 мың теңге болғанын ха­барлады.  

Елдос СЕНБАЙ