Көгілдір отын көмірді ығыстыра ала ма?
Көгілдір отын көмірді ығыстыра ала ма?
300
оқылды

Қазір Қазақстан билігі елді жаппай газдандыруды мақсат етіп отыр. Оңтүстік және батыс өңірлері үшін бұл аса өзекті мәселе емес. Ал «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген­дей, 6 ай қысы аязды болатын Қарағанды мен солтүстік өңірлерін газ­дандыру ісі оңайға түспесі анық. Сол үшін көмір тұтынусыз қалса, ел экономикасы да әлсіреуі мүмкін. Қатты отынның қадірін қашырып, жерасты байлығының тағы бірін игілікке жарата алмаған ел болып шықпасымызға кім кепіл?

Дегенмен «Сарыарқа» магис­траль газ құбырының құрылысы бойынша 3 миллионға жуық тұрғынды газбен қамту көзделген. Жоба құрылысының жалпы құны – 267,3 миллиард теңге. Бір қы­зығы, бұл жоба ішкі-сыртқы на­рықты көмір қорымен қам­тамасыз етіп отырған жерлерде жүзеге аса бастады. Одан қатты отынға деген сұраныс кеміп, «қара алтынның» қадірі қашуы да ғажап емес.

Көмірсіз өмір болмас...

Айта кетсек, бүгінде әлем бойынша 1,1 триллион тонна көмір қоры бар. Соның ішінде 10-орында тұрған біздегі 300 кен орнында шамамен 33,9 миллиард тонна көмір қоры бар. Оның 90 пайызы – қазір көгілдір отынды пайдалануға көшкен солтүстік-шығыс пен орталық өңірлерде. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақ­станда 2,6 миллиард тонна көмір өндірілсе, соның шамамен 0,8 мил­­лиард тоннасы шетелге экс­портталған. Қазір де елдегі электр энергиясының 70 пайызы, коксхи­миясы өндірісінің 100 пайызы, ком­муналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген сұра­нысы сол көмірге тәуелді. Сондық­тан жылына орта есеппен 100 мил­лион тонналап көмір өндіретін ол салада 35 мыңдай адам жұмыс істеп жатыр. Қазақстаннан өнді­ріске шығарылған алғашқы пайда­лы қазба ретіндегі көмір өндірісі ел экономикасының локомотиві десе де болады. Алайда сарапшылар қазір Қа­зақстан әлем бойынша көмір са­­­ласын дамытудан кенже қалғанын алға тартып отыр. Себебі біздегі қатты отын шикілей сатылады. Оны өңдеп, байытуға құлықсызбыз. Үкімет экономикалық тиімсіз деп таныған. Ал Австралия, Германия, ОАР сияқты елдерде көмірдің 80-100 пайызы байытылады екен. Енді 2030 жылға дейін көмірді энер­­­гетикадағы басты сектор ретінде сақ­тау жоспарланғанмен, «жасыл экономиканы» басты құндылық санаған Батыс Еуропа елдері бір­­­тіндеп байытылмаған көмірді им­­­порттауды тоқтатуы мүмкін. Сон­­­дықтан Қазақстан әлемдік на­­­­рықтағы басты экспорттаушы ре­­тінде өз орнын сақтап қалғысы келсе, ең алдымен көмірді өңдеп, байыта білуі керек. Әйтпесе, «QazTrade сауда саясатын дамыту орта­лығы» АҚ бас сарапшысы Бақытбек Амантаев: «2020 жылдың 8 айын­дағы көмір экспортының 86,8 пайы­зы таскөмірге тиесілі. Бұл дегені­міз – 14,05 миллион тонна. 2019 жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 10,2 пайызға кем», – деп отыр. Демек, 300 жылға жететін көмір қо­ры бар елдегі экспорт көле­­мінің азаюына алаңдамасақ болмайды. Енді біздің көмір өндіруші ком­паниялар алдағы уақытта өнім­дерін Оңтүстік-Шығыс Азияға, Жапония мен Оңтүстік Кореяға экспорттауды ойластырып жатыр. Өйткені әлгі Еуропа елдерін айт­пағанда, көр­шілес Ресейдің өзін­де Қазақ­стан­­­нан көмір сатып алу көрсеткіші тө­мен­деген. Олар қа­зақстандық көмірдің сыртқы на­рыққа экс­портталуына кедергі кел­тіріп отыр. Мысалы, Ресей бұ­рыннан Екібастұз көмірін тұты­натын стансаларды өздерінің Куз­басс көмірімен қамта­­­масыз етуді жолға қойып алған. Ал ресейлік Argus Media көмір нары­­­ғының шо­лу­шысы Юрий Онышкив Қазақ­станның Еуропаға көмір экс­порттауы тиімсіз болып жатқа­нын өзінше түсіндіріп бақты. «Еуро­па­лық Одақта көмірдің ба­ғасы бірне­ше факторларға байла­­­нысты, тон­насы 60 доллардан тө­мен түсті. Бірін­­­шіден, еуропалық қоймаларда үлкен қор жиналып, көмірдің артық мөлшері пайда болды. Екіншіден, көгілдір отын­­ның бағасы әлдеқайда арзан­­дады. Бұл өз кезегінде газ өнді­рісін да­­мы­­­туға ынталандырды. Нә­тиже­­сінде, Испания, Германия, Фран­­ция және Ұлыбританияда кө­мір жағу көр­сеткіші жыл басынан бас­­тап тө­мендей бастады», – дейді ол. [caption id="attachment_137103" align="alignnone" width="1200"]газ © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Содан болса керек, қазір кө­мірдің тоннасы өз ішімізде 17 мың теңгеге дейін көтеріліп кетті. Мы­са­лы, Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі әлі газ құбыры тартылмаған жер үй тұрғындарына биыл 7 миллион тон­надан астам көмір қажет бола­­­­тынын болжаған. Оның бағасы әр өңірде әртүрлі. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында – 7 500-11 000 теңге, Өске­менде – 11 000 теңге, Павло­дарда – 12 500 теңге, Нұр-Сұл­танда – 12 800 теңге, Ақтөбеде – 13 000 теңге, Көк­шетауда – 13 400 теңге, Қос­танайда – 15 000 теңге. Ең қым­баты – Петропавлда, тоннасы 17 500 теңгеге бағаланған.

Газ құнына жұрт наразы

Елордада тұратын көпшілік қаланың қақ ортасында көмірдің көк түтініне тұншығып отырғаннан гөрі көгілдір отынды қолданғанды құп көреді. Дегенмен Энергетика министрлігі Газ және мұнай-газ химиясы департаментінің дирек­торы Зияш Қияқбаев мұнда газ қосылғанның өзінде көмір жағуға заң бойынша шектеу қойыл­­май­тынын жеткізді. «Көмір жаға ма, газ қоса ма, оны әр адам өзі шешеді. Бірақ үйге келіп тұрған газды пайда­ланбау дұрыс емес», – дейді ол. Ал қалалық Коммуналдық шаруа­шылық басқармасының бас­шысы Ернат Бәзіл газдың қан­шалықты пайдалы екенін тәп­­тіштеп көрді. Оның айтуынша, тұр­ғын үйлерге газ қойса, келіп батырмасын басып, керек тем­­ператураны анықтайсыз. Бі­рін­шіден, ыстық су, жылу болады. Мысалы, көмірмен тек үйді жы­лы­тасыз да, ал ваннаға ыстық су қол­дану үшін бойлер қосасыз. Ол үшін қосымша тоқ кетеді. «Меніңше газ қымбатқа шықпайды. Оның бәрін жеке санап шығу керек. Газ қолдану үшін артық әрекет керек емес, оның бәрі автоматты түрде болады. Кө­мірмен олай істей алмайсыз. Сон­дықтан өз тарапымыздан газдың артықшылығы көп деп есептей­міз», – дейді Ернат Бәзіл. Сондай-ақ ол Жылу электр орталықтарынан көмірдің көк түтінімен бірге улы қалдықтар да қалаға төніп, айналаға тарап жат­қанын ескертті. Өйткені газ бен көмір қалдықтарының 10 есе айырмашылығы бар. Сондықтан елорда шенеуніктері 2021 жылдың аяғы мен 2022 жылдың басында түтін мәселесін толығымен жоюға ниетті. Енді ол жағын уақытында көрерміз. Сонымен қазір Нұр-Сұл­­­тандағы Железнодорожный елді мекенінде газбен жабдықтаудың 80 пайыздан астам тарату желілері салынып бітті. Қалған жұмыстар Көктал-1, Көк­тал-2, Промыш­­ленный және Агро­городок, Юго-Восток шағынау­дандарында жүргізіліп жатыр. Жо­баны іске асырудың соңғы мер­­зімі – 2023 жыл. Ал қазір бас қалада газды үйге дейін кіргізіп беру қыз­метімен айналысатын мекеме­лердің саны 50-ден асқан. Осылай­ша, газ өткізу қаладағы зиянды қал­дықтардың 6 есеге, қатты зат­тардың 40 мың тоннаға дейін аза­юы­на мүмкіндік береді екен. Енді құрылысына 2 мыңнан астам адам жұмылған «Сарыарқа» ма­гистралды газ құбырына тоқтал­сақ, ол Қазақстанның астанасы мен орталық және солтүстік аймақ­тарын газбен қамтуға арналған. Сондай-ақ Алматы облысында 741 елді мекеннің 473-не табиғи газ тартуға болады екен. Ал жарты мил­­лионға жуық адам тұратын шал­­ғайдағы ауылдарда ондай мүмкіндік жоқ. Олар газ құбырын тартуға тиім­сіз көрінеді. Енді ондағы газ берудің құнына келетін болсақ, Талдықорғанда бағасы аса қымбат емес. Газбен жабдықтаудың қол­даныстағы жүйесі арқылы берілсе, 30 мың теңгеге жуық бола­ды, ал газ­бен жабдықтаудың қолда­­ныстағы жүйесі болмаған жағдайда 70 мың теңгеге дейін төлейді. Ал ауылдарда дәл осындай көрсетілген қызметке төленетін қаржы 350 мыңнан 700 мың теңгеге дейін ауытқиды. Се­­­­бебі әкімшілік ор­­талығындағы газбен жабдық­таудың ішкі қалалық жүйесі бюджет есе­бінен салынған. Ал аудандарда газ жүргізуді жеке­меншік инвес­торлар жүзеге асы­рады. Қызылорда облысының Терең­­өзек кентіндегі жағдай одан да со­рақы. Мысалы, онда газ тартылса да тұрғындар әлі көмір жағып отыр. Аймақ басшысының қатысуымен ауылға газ беру рәсімі салтанатты түрде өткен болатын. Бірақ 2 мың­нан астам үйдің 10-ға жетер-жетпесі ғана көгілдір отынға қосылған. Елді мекендегі 2 мыңнан астам үйдің жартысынан көбі қондырғысын сайлап, газды күтіп отыр. Үйлерге газ құбырларын өткізетін жеке кә­сіпкерлер де бағаны көтеріп жібер­­ген. Монтаждау жұмысы алдыңғы жылдары 300 мыңға бағаланса, қазір газды үйге кіргізу үшін 400 мың теңге төлеу керек. Одан бөлек, жылу жағынан үне­мі көштің соңында жүретін Арқалық қаласындағы мазут оты­нын маз­датып отырған ЖЭО кө­мірдің өзіне биыл бір-ақ ауысатын болды. Сол үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға респуб­­ли­калық бюджеттен 3 714,5 мил­лион теңге бөлінген. Жаңартылған ЖЭО-ны пайдалану алдағы 2021-2022 жылғы жылу беру маусымына жоспарланғандықтан, облыстық бюджеттен 48 мың тон­надан астам көмір сатып алуға 500 миллион тең­ге аударылып отыр.

Еркеғали БЕЙСЕН