Соңғы қоңырау таяды: ұстазға сыйлық беру міндет пе?

Соңғы қоңырау таяды: ұстазға сыйлық беру міндет пе?

Соңғы  қоңырау  мен  ұстаздар  мерекесі  жақындағанда  сый­лық беру жайында екіұдай пікір бар. Оның ішінде сынып жетекшілеріне реті келсе, алтын, күміс, басқа да бағалы сыйлық беретіні жасырын емес. Сайып келгенде, оқушыға білім беру оның негізгі міндеті әрі сол үшін жалақы алады. Осы тұста мектептегі бұл «дәстүрге» тосқауыл қоя аламыз ба? Бағалы сыйлық алуға тыйым салатын қандай да бір заң бар ма?

Сыйлық көлемі – 2АЕК

Мектеп ішінде ақша жинау, сый­­лық беру мәселесі бұрыннан қозға­­­­­лып жүр. Жауапты органдар бірнеше жылдан бері мұғалімдерді мереке қарсаңында сыйлық алмауға шақы­рады. Бұл, бір жағынан, жемқорлық ретінде әсер қалдырмауды көздесе, екін­­­шіден, оқушы психологиясының бұ­­зылуына әкелуі мүмкін. Осы тұсын тәптіштеп түсіндіреміз. Алдымен, бас­қарма жауабына назар аударайық. Әрине, ұстазға құрмет көрсеткен дұрыс. Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы сыйлық көлемі 2 АЕК-тен асып кетпеуін ескертті. Олар жыл сайын ата-аналарға бағалы сыйлық алып, ақша жинаудың қажеті жоғын түсіндіреді. Байқап қарасақ, орган пікірін ескеріп, сыйлық алмауды әдетке айналдырған білім ордалары бар. Сондай-ақ басқарма сыйлық ұсынуда гүлмен шектелуді ұсынады. Ал 1 АЕК-тің 2 917 екенін есептесек, мұғалімге тарту етер сыйлық түрі 5 834 теңгеден аспауы тиіс. Мәселен, ұстаз Клара Омарова­ның айтуынша, мектепте оқушылар мұғалімдерге гүл сыйламайды. «Бұл жемқорлық есебіне жатады. Өз ба­сым оқушылар тарапынан алғыс­­тан басқасын қабылдамаймын. Мен үшін бұл – ең үлкен сыйлық», – дейді ол. Ал осы тақырып төңірегінде әлеу­меттік желіде жүргізген сауална­­ма­мызда «бізге беретін бір шоқ гүлді қыз­ғандыңдар ма?» деп реніш біл­дірген ұстаздар да болды. Ал заңгер Құралай Болатбекқызы педагогтер мемлекеттік қызметкер емесін, бірақ сыйлық көлемінің 2 АЕК-тен аспауы бақылаушы орган­­­­­дар ұсынған нұсқау екенін атап өтті. Мұн­дай нұсқау түрлері «Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл тура­лы» заңы аясында жүзеге асады. Олай болса, тарту мәселесіне қа­тысты мұ­ғалімді қандай жаза күтіп тұр?
«Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» Білім және ғы­лым министрлігінің 2020 жылы 11 ма­­мырдағы №190 бұйрығына сәй­кес педагогикалық әдеп қағи­да­лары бекітілген еді. Осы педаго­гикалық әдеп қағидалары оқыту­шылардың, ұстаздардың, педагог­тердің жалпы өзін-өзі ұстау, жүріс-тұрыс ереже­леріне негізделген. Педагогикалық әдеп негізгі нормалары бойынша, педагог қызметтік және қызметтен тыс уақытта белгілі бір ережелерді ұстануы қажет. Соның ішінде сыбай­лас жемқорлықтың алдын алу үшін шара қабылдауы, шыншыл, адал, әділ мінез-құлқымен үлгі болуы ке­рек. Білім беру процесіне қатысу­­шы­ларға қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермеу әріп­­­тестерінің тарапынан осындай әрекеттердің жолын кесуге күш салуы тиіс. Бұл белгілер – осы сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ая­сында көзделген нормалар. Ұстаз­дар, педагогтер осы педаго­гикалық этика­ны бұзған жағдайда «Педагог­тер» заңнамасына сәйкес, жауапкер­шілікке тартылады. «Педагог мәрте­бесі» туралы заңға сәйкес 5-бапта «Педагогтік әдепті бұзу тәртіптік те­ріс қылық болып саналады және педагогті еңбек заңнамасына сәйкес тәртіптік жауаптылыққа алып келе­тіні»   көрсетілген. Сәйкесінше, педа­гог әдеп нормаларын бұзған жағдайда оның әрекеті тәртіптік теріс қылық есебінде. Оның ішінде мынадай тәр­тіптік жазалар бар. Мысалы, ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс. Ал тәртіптік жаза­лар­дың түрлері еңбек заңнамасында қарастырылған», – деді заңгер.

Бала психологиясына әсер етеді

Пікірлерді мұқият оқығасын ата-аналардың ойына баса назар ау­дардық. Қанша жерден сыйлық ал­мау жағын баса айтсақ та, елімізде тарту-таралғы жасайтын «дәстүр» бар. Оқушы бастауыш сыныпты, 9-11-сы­ныпты бітіргенде сынып же­текшілері мен пән мұғалімдеріне қа­тарласта­рымен бірге сыйлық жасай­тынын білеміз. Кейінгі кезде пән мұғалімде­ріне сыйлық беру «дәс­түрі» тыйыл­ғанын айта кеткен жөн. Белсенді ұстаз Өмір Шыныбек­ұлы «оқушыдан тіпті гүл алуға қар­сымын» деп отыр. Өйткені әріптес­терінің жұрттың көзін ала бере, арзан букетті мектептегі қоқыс жәшігіне тастағанын көрген. «Ал өзі сыйлаған букетті қоқыстан көрген оқушының жайын ойлап көріңізші?», – дейді ол. Желіде жариялаған сауалнама әсер етті ме, оқытушы Гүлжазира Есбол осыған қатысты оқиғаны айтып бер­ді. Өзі сыйлаған гүлдің ескерусіз қал­ғанын көрген бала мұңайған екен.
«Жиенім орыс мектебінде оқыды. Сынып жетекшісі жасы келген бе­делді ұстаз. Барлығы оны сый­лайды, себебі еңбегі сіңген, ортасына сыйлы апай. Сол апайы жасы келе «қарттық маразмға» ұшырады ма, білмедім, оқу­шыларынан сыйлық дәметіп тұра­тын «ауруға» ұшырады. Оған же­ке көзім жетті. Ел мақтаған мұғалім кезекті бір мерекеде оқушыларынан көптеп сыйлық (гүл, шоколад, ора­мал, шарф, ыдыс, сүлгі, жайма, т.б.) алады. Әр оқушысына «Молодчина, умница, спасибо, милая» деген сияқ­ты қошеметін білдіріп жатады. Ау­лада өсіп тұрған гүлден гүлшоғын сыйлаған жиеніме жақтырмай қарап, амалдың жоғынан сыйлығын алады да, партаға тастай салады. Сосын сабақ біткен соң, сол гүлшоғын ал­маған күйі парта үстінде қалдырып кетеді. Сыйлық сыйлай алмаған 5-6 бала мен жиеніме қалған оқушылар мазақтап күледі, кемсітіп кекетеді. «Бедная, денег не хватило на нор­маль­­ные цветы? Родители бедные? Хоть на хлеб дома у вас деньги есть?» – деген сияқты ересек адам­ның ойына келмейтін ауыр сөздермен келемеждейді. Бір-екеуі жылап шы­ғып кетеді. Ал жиенім аузы бұртиып үйге келді де, осының бәрін апайыма айтып берді. Қарсылық көрсетейін деп едім, апайым жалы­нып-жал­­­ба­ры­нып, мені сабырға шақырып, мұ­ға­лімді мектеп дирек­торынан бас­тап сыйлайтынын айт­ты», – дейді ол.
Мұндай оқиғалар жиі кездесіп жататынын аңғардық. Мұғалімдерге бағалы сыйлық жасап, өзара жары­сатындары да бар. Осы тұста оқыту­шы сыйлықты шын ниетімен сый­лайтын ата-ана барын, одан кейін сый­лық бергісі келсе де, мүмкіндігі жоқ оқушылар барын айтты. Әр бала жеке әлем екенін, оған жай ғана бала деп емес, жеке индивид деп қарауы­мыз керегін атап өтті. Осындай әлеу­меттік теңсіздіктің соңы жиналып, қорда­ланып, баланы біз ойламаған «оқи­ғаға» алып келері де әбден мүм­кін екені тағы бар. Осылайша, ба­ланың психологиясына салмақ түсе­ді, реніш, қызғаныш, өкініш, әлеу­меттік тең­сіздік, іштей қорлану туын­дайды. Ай­налып келгенде, ше­шім – сыйлық сыйламау.

Сыйлық беруге тосқауыл қоя аламыз ба?

Сыйлық беру, оны қабылдауға қатысты шешім шығаратын орта – мектеп ұжымы. Өйткені жыл сайын жауапты орган осы мәселені көтеріп, құлаққағыс жасайды. Яғни, мұғалім­дерде бұған қарсы «иммунитет» пай­да болғаны жөн. Ал сыйлық қабылда­мауға қарсы вакцина «егетін» тұлға бар болса, ол – директор мен оның орын­басарлары. Егер мектепте қатаң тәртіп болса, бәрін тезге салуға бола­ды. Бұл пікір көптің көкейінде жүр деп ойлаймыз. Себебі ата-аналар да сый­лыққа ақша жинаудан шар­шаған сыңайлы.
«Мектептен ата-аналар чатына тізім келді. Онсыз да баламыз мектеп бітіріп жатқасын бастауышта, жоға­ры сыныпта жетекшілік еткен ұста­­зына сыйлығымызды беретін едік. Енді сол тізімді көрсеңіз. Біз де 11 жыл­дық мектепті бітірдік. Бірақ не мектепке, не мұғалімге «сыйлық берің­дер» дегенді естімедік. Ал қазір тап бір құдалыққа тізім түзгендей дерсің», – дейді ата-ана Назокат Қуандықова.
Әрине, талап жоқ емес. Министр Асхат Аймағамбетов мектеп аула­сында өтетін бітіру кешіне біркелкі мектеп формасымен келуді сұрағаны бар. Бұл да ата-ана мен оқушының көңілін көтергені анық. Неге? Себебі аттестат алу үшін көйлек сатып алып, бет әрлеу сәнге айналған-ды. Сіз бен біздің де осы себеппен бітіру кешіне келмей қалған сыныптасымыз бол­ғаны рас. Бірақ әлі де бітіру кешін сән-салтанатпен өткізіп, мұғалім­дерге сый ұсынуға құмармыз. Алайда пандемия кезеңі ой сал­ғаны анық. Өйткені қатаң каран­тин тұсында мектепте бітіру кеші өткен жоқ. Соңғы қоңырау да онлайн фор­матта өтті. Ал биыл 25 мамырда мек­теп ауласына жиылу-жиылмауды өңірлердегі бас санитарлық дәрігер­лер шешеді. Соңғы қоңырауды өткізу форматы туралы шешімді әр мектеп өзі қабылдайды. Ал аттестаттарды табыстау рәсімі маусым айының ортасына жоспарланған. Ми­нистр­ліктің хабарлауынша, оқушылар саны аз мектептер бітіру кешін бар­лық сынып үшін бір уақытта өткізе алады. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шараны әр­түрлі күндерде өткізу ұсынылады. Дейтұрғанмен сыйлық беру, ақша жинау, лимузин жалдау мәселесін жөнге салатын уақыт жеткен сияқты. Қазір «бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» екені айтпаса да түсінікті. Кейде сынып жетек­шісіне арнап сыйлық алып беру, бі­­тіру кешін өткізу жайын талқы­лай­тын ата-аналар екені ойға ора­лады. Демек, ата-аналар бірінші болып «өзгеден озу, ортадан қалмау» дейтін стереотипті бұзғаны керек-ақ.  

Айбике ЖАНАСЫЛ