Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері жол апатынан қаза тапты. Бұл туралы БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлімдеді. Оқиға бүгін Орал - Тасқала жолында болған.
Белгібековтің мәліметінше, Орал қаласы Полиция басқармасының қызметкері Мержан Бисенғалиев Тасқала ауданы Айнабұлақ ауылы тұсында өзінің Chevrolet Cobalt автокөлігімен аударылып қалған. Көлікте ол жалғыз болған. Алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Осы дерек Тасқала аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК 345-бабы 3-бөліміне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
«Марқұмның соңында жары, кішкентай қызы қалды. Мержан ішкі істер органдарына 2002 жылы орналасып, қызмет бабында өзін жақсы қырынан көрсетті. Жауапты да сауатты қызметкерлердің бірі еді, әрдайым жастарға үлгі бола білді», – деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.