Жыршылар бар, жырау ше?
Жыршылар бар, жырау ше?
830
оқылды

Қазақта үш жыраулық мектеп бар: Жетісу, Сыр бойы және Батыс мектебі. Батыс мектебі дегеніміздің өзі  Маңғыстау, Жайық және Ақтө­бенің жыраулық үрдісі. Қашаған, Сүгір, Сәттіғұл, Мұрат, Махамбет, Сатай, Кердері Әбубәкір, Өтім жырау, Қосым жырау, төртқара Теңізбай жырау және тағы басқа жыраулар осы Батыс мектебінің негізін құрайды. Ал Жетісу мен Сыр бойы мектептерінің мақамы бөлек. Әр мектепті жалғап жүрген жыршы­лар да жетерлік. Олардың көбі орын­даушылар ғана. Қазір жырау­лар мектебін жалғаған нағыз жырау­лар бар ма?

Рас, кеңес дәуірінде жыраулар да көп қуғын-сүргінге ұшыраған. Асып-атып, тоз-тозын шығарған. Жыршы­лардың айтуынша, бір ғана Қазалының өзінен он жырауды итжеккенге айдаған көрінеді. Содан болар, балаларына домбыра ұста­тпауға тырысты. «Дом­бырасы құрысын. Ұстама» деп ат-тонын ала қашқан от­басы­лар да бо­лыпты. Домбыра ұста­ғанның көбін кеңестік идеология мазақ етіп, қор­лауға тырысқан. Жырау­лардың ел ал­дындағы абыройын да түсіруге тырысқан екен. Кеңестік зұлмат жыл­дарында жыраулық мектеп те жойы­лудың аз-ақ алдында қалған еді. Ол заман қазір келмеске кеткен. Бұрын­ғыдай қудалап, қуғын-сүргінге ұшырап жатқан жоқ.  Жыраулық мектептің бүгінгі дамуы қан­дай? Белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай «қазір жыраулар мектебі деген жоқ, тек жыршылар ғана бар» дейді. Ал осы сала­ны зерттеп жүрген публицист Қошан Мұстафаұлы «бүгінде біз қолына домбыра алып, бес-алты терме, екі-үш жырды жатқа айтқан адамды жырау деген үрдіске айналдырып алдық» дейді. «Біздің ғалым­дарымыз­дың зерттеу, негіздеме­лері  бо­йынша, заманында жыраулар хан орда­сында жүріп, мемлекет басқару ісіне ты­ғыз араласқан. Хандар мен батырларға,  халқына ақыл-өсиет айтқан, болашақты болжаған дуалы ауыз, хандардың ақылгөй кеңесшісі болған. Мысалға: Қазтуған жырау – қолбасы батыр, Доспамбет – жорықшы жырау.  Жиенбет жырау – Есім ханның әскербасы батырларының бірі әрі жорықшы жырауы. Марқасқа Ақтам­берді рубасы көсемі әрі әскербасы батыр болғаны белгілі.  Жорық жыраулар соғыс кезінде ханның әскери кеңесіне қатысып, жауынгер­лердің рухын көте­ретін жырлар айтқан» дейді. Оның ай­туынша, ел аузында Көмекей әуле атанып кеткен Бұқар жырау­дың жөні де, жолы да бөлек. Қошан Мұстафаұлы: «Абылай ханның кеңесшісі әрі ақылшысы Бұқар жыраудың Абылайға мадақ жырында: «Сарыарқаны сайрандап,   Кең даланы ен жайлап, Алшаңдап жүрген ханым -ай! Еліңе тұтқа болып ең, Разы қылып бәрін- ай. Абылайлап ұран салғанда  Алды-артына қарамай. Беттесуге жарамай,  Қашушы еді жауың-ай», – деп риза­шылық білдірсе, енді бірде: «Ай, Абылай,Абылай, Сені мен алғаш көргенде Тұрымтайдай ұл едің. Үргеніште жүр едің, Үйсін Төлебидің Түйесін баққан құл едің»  деп ашына сөйлеуі – бұл жырауларға тән қасиет. Демек, жырау өзі ақын, өзі жыршы, өзі жанынан өлең-жыр шығарып айта алатын, өзі шешен, болжағыштық қа­сиеттері бар көреген, тарихи жырларды да айтып, батырларға рух  беретін жорыққа бірге шығатын батыр, бо­йына бірнеше өнерді тоғыстыра білген, ақты ақ, қараны қара деп айта алатын ұлы тұлға болған. Осыдан ол дәуірдегі бірінен-біріне жалғасқан жыраулық мектептің қандай болғанын бағамдай беріңіз. Ал біздің бүгінгі бейбітшілік заманда жорықшылығы болмаса да, басқа ұлы қасиеттер бойынан табы­латын қасиеттері болса құба-құп» деген пікірді алға тарта­ды. «Бұл үрдіс неге жоғалды?» деген сауалымызға:  «Қазіргі жыршыларды жыр орындау­шылар десек, жарасар еді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серва­ториясында, Астана Қазақ ұлттық өнер университетінде, Қызылорда Қор­қыт ата атындағы университеттерде дәс­түрлі ән кластары бар. Сонда жыраулар, жыршылар тақырыбынан дәрістер өтіп, шәкірттер дайындап  жатыр. Осылардың ішінен халқының сөзін сөйлейтін, ұлы жыраулардың жолын жалғастырушылар шығады деп үміт­тенейік» деп отыр. Жыршы, ҚазҰӨУ-нің оқытушысы Ерболат Шалдыбеков жыраулық мектепті жалғап жүрген жыршылардың көп екенін айтады. Ал жыр алыбы Жамбыл секілді, Қашаған, Сүгір, Дос­памбет, Ақтанберді, Қазтуған, Бұқар жырау секілді жыраулар жоқ деп отыр. «Қазір жыршы ретінде орындаушы көп. Өзі ақын, өзі жырау, өзі шешен адамдар өте сирек. Қазір айтыс ақын­дары бар. Бірақ олардың өзі арнау айтуы мүмкін. Бірақ айтыс ақын­дарының өзі Бұқар, Қазтуған, Жамбыл, Сүйінбай және тағы басқа жырау­ларымыз секілді дәстүрді жалғап жүр­ген жоқ. Сыр өңірінде жыршысы да, орындаушысы да өздерін жыраумыз деп сөйлейді. Жырау дегеніміз – өзі шығарған, яғни суырып салған өлеңін орындайтын адам. Қазір жыршы­лар Базар жыраудың немесе Тұрма­ғамбеттің сөзін жаттап айтады. Бірақ «біз жыраумыз» дейді.  Негізі, түп-төркінінде жырау деген Сүйінбай, Жамбыл, Бұқар, Кете, Базар, Тұрма­ғамбет болуы керек. Біздің кемшілігіміз сол – жырау мен жыршының айырмасын ажырата алмай жатамыз. Қазір бізде орындау­шы­лар көп. Жыраулық мектеп де­геніміз – бұрынғы мектепті жалғас­тырушылар ғана. Үш мектептің өкіл­дері шығарған өлең, жырды жалғап келеміз. Әрине, ақын жоқ деп айтуға болмас. Айтыс ақын­дары баршылық. «Сен тұр, мен атайын» дейтін мықты­лар да жетерлік. Жастардан да мықты-мықты айтыс ақындары шықты. Бірақ олар өз заманына сай «айтыс ақын­дары» болып жүр. Арасында біз естімей қалған, бірлі-екілі туындылары бар бо­луы мүмкін. Ақындардың жазған арнау-термелерін термешілер орын­дай­ды. Бірақ Бұқар жырау, Шалкиіз, Дос­памбеттің заманындай жыр ай­татын жыраулар жоқтың қасы. Бізде ұлт­тық фольклор бар. Сол ұлттық фоль­клорға жететін туынды бар ма қа­зір? Дәл соған жетпесе де, соған жетеқабыл дүние­лерді таба алмаймыз. Олардың айтқан ойы, түйдек-түйдек жырларын қазір айта алмай­тын се­кілдіміз» дейді. Қазір қолына домбыра алып, суы­рып салып, өлеңді төгіп-төгіп жібе­ретін қасиет айтыс ақындарында бар. Бірақ оларды «жырау» деп сеніммен айта аламыз ба? Белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов: «Жырау мен жыршы­ның әлеу­мет­тік функциялары екі басқа. Жыраулар – жазба әдебиет үрдісін қалыптастырған кітаби ақын­дар мен халық ауыз әдебиетінің ба­йырғы өкілдері. Ал «жыршы» деген жал­ғыз қазыққа байланып жүрген орындау­шылық тип өкілдерін әлеумет­тік қызметін саралай келе «жыр­шы» және «эпик жыр­шы» деп екі топқа бөліп қарастырған дұ­рыс» деген екен.

Гүлзина БЕКТАС