Ынтымақтастыққа ұстын болған ұйым
Ынтымақтастыққа ұстын болған ұйым

Екі алып империяның арасында жер дауы болды делік. Кәрі тарихта мұның мыңдаған мысалын кездестіруге болады. Түгін тартса, майы шыққан, асты-үсті қазынаға толы сол жер үшін қос алпауыт бірнеше рет соғысады, қан төгіледі. Жылдар жылжып, замана ауысады. Империяның бірі ішкі алауыздықтан тоз-тоз болып, күйрейді. Осы мезет қуаты артып, күші тасыған екінші империяға әлгі шұрайлы жерге баса-көктей кіріп, өз иелігіне көшіруіне не кедергі?! Солай болар ма еді. Ұлы далаға иелік еткен халықты Елбасы бастамағанда...

Кеңес Одағы жеңгенімен, жөнге келтірмеді

Шың елі ұзақ ғасырлардан бері еліміздің шығыс жерлеріне көз сұғын қадап келді. Әріге бармағанның өзінде, 1969 жылғы 13 тамыз­да қытайлық батальон Шығыс Қазақстандағы Жалаңашкөл маңында жерімізге баса-көктеп кіргені мәлім. Жалпы, ҚХР бұған дейін де КСРО-мен арадағы шекарасын өзгертіп, оны өз мүддесіне сай қайта құруға тырысқан. 1969 жылғы наурызда Ресейдің Қиыр Шығысындағы Даманск аралында шекара үшін кеңес–қытай қақтығысы болғаны, онда ондаған жауынгер қаза тапқаны белгілі. Содан кейін де Шың елі жаңа жерлерді қосып алуға әлденеше рет талаптанды. Мысалы, 1969 жылғы мамыр-маусымда қытайлар Жоңғар қақпасы ауданында Қазақстанға енуге әлденеше рет күш салады. 12 тамыз күні кеңес шекарашылары қытай Қарулы күштерінің үлкен қолы шекараға жақын жерде топтасып жатқанына куә болады. Кеңес тарапы ҚХР әскерилерін келіссөз жүргізуге шақырады, бірақ олар еш жауап қатпастан, ойға алған істерін жалғастыра берген. Содан дереу «Жалаңашкөл» және «Родниковая» шекара заставалары күшейтілген жауынгерлік даярлық жағдайына келтіріледі. 13 тамыз таңында қытай әскерилері екі топпен «Жалаңашкөл» заставасы ауданында кеңес шекарасын бұзып өтіп, Қазақстан аумағына жарты шақырымға дейін тереңдеді және сол жерде окоп қазып, бекінуге кірісті. Олардың соңынан жүздеген қытай жауынгері қазақ жеріне қарай шұбырды. Мұның арандатушылық болуы мүмкін екенін түсініп, артын бағып, кеңес шекарашылары оқ атпаған. Шамалыдан соң «Теректі» шекаралық бекеті жағынан да қытай солдаттары сау ете қалады. Олар «Каменная» шоқысына бет алған. Майданда биікті кім иеленсе, басымдық сонда екені белгілі. Шекарашылар дереу қос БТР-мен олардың алдын орауға ұмтылады. Қытай әскерилері шекарашыларымызға автоматтан оқ жаудырады. Жауынгерлерімізге жауап қатудан басқа амал қалмаған... Жауынгерлеріміздің жанқиярлық ерлігі арқасында жау тойтарылды. Кеңес жағынан 2 жауынгер қаза тауып, 10-ы жараланған. Қытай жағынан 19-ы өлді, үшеуі тұтқынға түсті. Қалғаны кері шегініп кетті. Кеңес Одағы Қытаймен арасындағы даулы учаскелер бойынша келісімге келуге талай талпынды. Келіссөздердің 400-ге жуық раунды өткен! ҚХР ымыраға илікпеді. КСРО ауыр «мұраны» тәуелсіз Қазақстанға қалдырды.

Қазақ үшін қасиетті ұғым ұлықталды

Қытай елі өз тарихында ешбір елмен шекарасын бекітпеген. «Қытайдың шекарасы жоқ, аспанасты – тегіс қытайдың мекені» деген философияны ұстанған. Өзін «аспанас­ты елі» деп атайтыны да содан. Бірақ тәуелсіз Қазақстанға аумағын бүтіндеп, оның тұтастығын сақтау қажет болатын, сол себепті шығыс көршісімен шекара бойынша келіссөздерге кірісті. Азаттық алған тұста Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарада даулы учаскелер көп болды: қос көрші арасындағы жалпы ұзындығы 1 783 шақырымдық шекараның 844 шақырымы даулы деп саналған жерлермен өткен. Ақыры 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан мен ҚХР арасындағы мемлекеттік шекара түбегейлі белгіленді. Бұған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай төрағасы Цзян Цзэминьмен достық пейілдегі жеке қарым-қатынасы ықпал еткен. – Қазақтар үшін шекара – қасиетті ұғым. Жас мемлекетке тұрақтылық және шекараның айқындығы қажет. Келіссөз бастапқыда тығырыққа тірелген, сарапшылар ортақ шешімге келе алмады. Мәселе ең жоғары деңгейге дейін жетті. Сол кезде Цзян Цзэминь маған аудармашы арқылы: «Нұрсұлтан, саған дос есебінде қараймын және ашық айтамын: егер біз бұл мәселені қазір өзіміз шешпесек, болашақта оның шешілуі қиынға соғады. Ұрпақтар, ел басшылығы ауысады. Болашақта бұл мәселенің қалай шешілетінін мен білмеймін!» деген еді. Мен оның не айтқалы тұрғанын жақсы түсініп, іштей келістім. Бұл мәселені кейінге қалдыруға болмай-тын, – деп еске алады Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының айтуынша, ол даулы аймақтарға байланысты мынадай шешім ұсынады: 53%-ы – Қазақстанға, 47%-ы  Қытайға тиесілі болсын. – Мұндай мәселеде Цзян Цзэминь өте табанды еді және өз елінің ұлттық мүддесі ол үшін қашанда басымдыққа ие болды. Оның жүзі қаталданып, әжептәуір қатқылдау дауыспен: «Не, бұл сен үшін принципті түрде маңызды ма?» деп сұрады. Мен де сондай қатқыл дауыспен: «Иә!» деп жауап бердім. Қазақ халқының тарихи жады өте тереңде жатыр және Қытаймен арадағы шекараның нақтылануы тек саяси баталияның мәселесі емес болатын. Онда өткен шақтың жаңғырығы болды, әрі үмітпен бірге ренішке толы еді. Менің халқымның ұлттық көңіл күйі дәл осы мәселенің шешіміне байланысты болатын, – дейді Елбасы. Өз сарапшыларымен осы шешім жайында ақылдаса келе қытай көшбасшысы ақыры: «Жарайды, онда қол қояйық!» депті. 1995 жылғы 15 қыркүйекте, ратификация­лық грамоталар алмасқаннан кейін Қазақстан–Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісім күшіне енді. ҚХР-мен мұндай ке­лісімге, тіпті КСРО-ның өзі де қол жеткізе ал­маған. Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қытаймен арада мойындалған, бекітілген мемлекеттік шекара – бейбітшілік пен әріптестік шекарасы пайда болды. Империялардың тісі батпаған мәселені тәуелсіз Қазақстан шешті. Империяларды діңкелеткен істі азат Қазақстан еңсерді!

Жақсы көрші тапқаның – олжаға батқаның

Шекараға қатысты келіссөздер процесін талдағанда бір қызықты жайт назар аудартады. Қазақстан Көшбасшысы тек қарапайым келіссөздермен шектелмей, оның институционалдық ұстынын да қалаған. Жеңіске жетуінің бір сыры – осы. Әңгіме Шанхай ынтымақтастық ұйымы жайында болып отыр. Бастапқыда «Шанхай бестігі» аталған бұл бірлестік аясында жасалған қадамдар бұрынғы Кеңес республикаларын ҚХР-мен арадағы шекаралық проблемаларын реттеуге оң серпін берді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев шекараға қатысты келіссөздерге Қырғызстанның, Тәжікстан мен Ресейдің делегацияларын тартты. Олардың да Қытаймен арасында жер дауы болатын. Кеңес Одағы жайрап қалғанда, оның жұртында қалған бұл елдердің қай-қайсысы болса да тым әлсіз, әлжуаз еді. Экономикалары тұралап жатқан-тын. Бұл ретте ҚХР-мен шектесетін елдер бас біріктірсе ғана өз аумақтарының тұтастығын сақтап қала алатынын Елбасы түсінді. Қазақстан Көшбасшысының көрегендігі сол, бұл бірлестік «Қытайға қарсы» емес, «Қытаймен бірге» форматында қалыптастырылды. Әйтпесе, қарсы тұру өңірдегі соғысқа соқтыруы ықтимал. Оған жол бермеу үшін Елбасы «Шанхай бестігін» құру жөнінде ұсыныс білдірді. Қытай мен Ресей осы бастаманың іске асуын қолдайтынын ресми түрде мәлімдеді. Мұндағы мақсат – шекара мәселесін саясиландырмау, оған қатысты барлық түйткілді құқықтық өрісте, тату көршілік қағидатымен шешу, ең бастысы бес мемлекет арасындағы шекараны қақтығыс пен шиеленістің емес, ынтымақтастық пен өркендеудің шекарасына айналдыру. Осыған байланысты Қазақстанның ұсынысымен 1996 жылы «Шекара ауданында әскери салада сенімді нығайту туралы» көпжақты келісімге қол қойылды. Соның негізінде Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғыз Рес- публикасы және Тәжікстан кіретін «Шанхай бестігі» құрылды. Оның аясында қабылданған шаралар аса ауқымды географиялық кеңiстiкте сенiм, серiктестiк пен тұрақтылық саясатының негiзiн қалады. 1997 жылы елдер «Шекара ауданында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы» келісімді бекітті. Бес мемлекет басшылары 1998 жылғы 3 шілдеде Алматыда кездесті. Сонда Елбасы «бестік» елдері бірлесіп қол жеткізген, қымбат саяси капиталды ысырап етуге болмайтынын, керісінше мұны сақтап, ынтымақтастық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты әрі нығайта беру керегін мәлімдеді. Сөйтіп, Алматы кездесуінде болашақ ШЫҰ сұлбасы айқын көріне бастады. Әрине, көпжақты келісімге қол қою үшін тұтас ұйымды ұстап тұру қажет емес еді. Демек, осы келісімдер рәсімделгеннен кейін бұл «бірлестік» тарап кетуі мүмкін. Бірақ ынтымақтастықтың бұл тетігін сақтап қалу мақсатында Елбасы оның аясында халықаралық терроризмге, ұлттық сепаратизмге және саяси экстремизмге қарсы әрекеттесуді ұсынды. Бұл тәуелсіздігін жаңа ғана алған елдер үшін емес, Қытай үшін де өзекті тақырып болатын. «Шанхай бестігі» аясындағы саммиттердің жетістігі оның тұрақты халықаралық ұйымға айнала алу әлеуетін паш етті. Мәселен, оның жиын­дарында 5 мемлекет өз араларындағы шекара мәселесімен шектелмей, Ауғанстанда­ғы жағдайды тұрақтандыру, бірлескен әскери жаттығулар өткізу проблемаларын талқылады. Кеңестер тұрақты өту режиміне көшті. Ақыры 2001 жылғы 14-15 маусым аралығында 6 мемлекеттің – Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекет басшылары саммит өткізіп, Шанхай ынтымақтастығы ұйымын құратынын жаһанға жария етті. Осылайша, «Шанхай бестігі» институционалдық тұрғыдан рәсімделді. Ұйым болған соң оған кеңею тән. Бұл ұйымға кіруге қызығушылар жетерлік еді. Себебі ШЫҰ сыртқы саясат, құқық қорғау және күш құрылымдары бағыттарында ұтымды әрі тұрақты кеңестер мен келіссөздер жүргізу, ортақ мәселенің шешімін табу бойынша тұрақты тетіктері бар, пәрменді ұйым екенін көрсете алды. Нәтижесінде, 2017 жылғы 9 маусымда Астанада өткен ШЫҰ саммитінде оған қатысушы мемлекеттердің лидерлері Пәкістан мен Үндістанды ұйымға мүшелікке қабылдау туралы шешімге қол қойды. ШЫҰ шекаралас елдердің шекіспей, қайта саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан, сондай-ақ мәдени, білім, энергетика, көлік, экология салаларында ынтымақтасуына мол өріс ашты. Елбасының «бестікке» қатысты бастамасының құндылығы – осында. Бүгінде ШЫҰ – Еуразияның 60%-ын және бүкіл әлем халқының жартысына жуығын қамтитын алып ұйым. Сонымен бірге бұл орасан зор нарық саналады. Демек, еліміздің экономикалық мүддесін ілгерілету және мемлекеттілігімізді нығайту тұрғысынан оның әлеуетін барынша пайдалану бағытында атқарылар жұмыс әлі алда болса керек.

Айхан ШӘРІП