Соның жарқын көрінісі ретінде жуырда 30 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныстойын тойлады. Бұл игі шара тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсартумен қатар, отбасы тұрақтылығын нығайтуға және қоғамдағы әлеуметтік үйлесімділікті арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі болып отыр.
Салтанатты рәсім барысында жаңа пәтерлердің кілті тұрғын үй кезегінде тұрған және «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына сәйкес төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға табысталды. Қоныс иелері Ақжайық шағынауданындағы заманауи көпқабатты тұрғын үйлерден баспаналы болды. Баспанаға ие болғандардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және өзге де бюджет саласының қызметкерлері бар. Бұл санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет жүргізіп отырған отбасы саясатының маңызды бағыттарының бірі.
Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үй мәселесінің шешілуі отбасының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі саналады. Өз шаңырағына ие болған отбасының ертеңге деген сенімі артып, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік туады. Сондықтан тұрғындарды баспанамен қамту тек әлеуметтік қолдау шарасы емес, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады. Жаңа тұрғын үйлер заманауи құрылыс талаптарына сай бой көтерген. Үйлер қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Балалар алаңдары, абаттандырылған аулалар мен қолайлы инфрақұрылым тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
Бүгінде Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Қалада халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, жастар мен жас отбасылардың баспанаға қолжетімділігін кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар отбасы институтын нығайтуға, демографиялық өсімді қолдауға және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға қызмет етеді.
Айта кетейік, жуырда ғана мемлекеттік жеңілдетілген тұрғын үй несиелеу бағдарламасы аясында тағы да 30 отбасы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қолынан жаңа пәтер кілтін алған болатын. Үй кезегінде тұрған азаматтарға жалға беру шартымен ұсынылған бұл жаңа үйлер Бозарық шағынауданында орналасқан және барлық құрылыс нормасы мен сапа талаптарына сай пайдалануға берілген.
Отбасы – мемлекеттің берік негізі. Ал әр отбасының өз шаңырағы болуы бақытты өмірдің, берекелі тұрмыстың және ұрпақ тәрбиесінің маңызды кепілі. Сондықтан Шымкентте жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламалары мыңдаған азаматтың баспана мәселесін шешіп қана қоймай, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамның әлеуметтік дамуына серпін беріп отыр. Жаңа қонысқа қол жеткізген шымкенттік 60 отбасының қуанышы елдегі әлеуметтік саясаттың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
