Балық қырылған ай
Балық қырылған ай
142
оқылды

Балықты өңір Атырау үшін биылғы мамыр айы жайсыз болды. Балық қырылып қалды.

Атырау қаласы іргесіндегі Бесікті ауы­лын­дағы «Безымянное» көліне уылдырық шашуға келіп, өзенге кері жете алмай қал­ған балық­тарды тұрғындар балық қорын қорғаушы­лардың ескертуіне қарамастан  несібе деп теріп әкеткендерін ел ұмыта қоймаған болар. Әлқисса, Бесікті маңындағы «Безымян­ное» су қоймасында 2 мамыр мен 9 мамыр ара­лығын­да 6,8 тонна балық қырылып, 25 тон­надан астамы құтқарылды. Ақтоғай ауылының жанындағы «Бақсай» каналын­да 4,6 тонна қаракөз қырылып, 8,1 тоннасы құтқарылды. Құрманғазы ауданындағы «Шарон» өзенінде 700 келі балық жойыл­ған. Балықтың қырылуына судың таяздығы мен оттегінің жетіспеушілігі басты себеп бол­ған. Бұл туралы Атырау облыстық Балық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы баспасөз брифингінде мәлім етті. Таратып айтсақ, 2-3 мамыр күндері Атырау қаласы Бесікті елді мекенінің маңынан  Жайық өзенінен жайылымға өр сулары шығуына орай көктемгі уылдырық шашуға кірген қаракөз балықтары жағаға шығып қалған. Атырау қалалық әкімдігі, Атырау об­лысы Балық шаруашылығы басқармасы мен Балық шаруашылығы комитетінің Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, сон­дай-ақ жастар мен ерікті­лердің белсенді қатысуымен балықтарды құтқару жұмыс­тары жүргізілді. Балық өтетін канал темір тормен жабдықталды, балықтың көлге өтуі тоқтатылды. Нәтижесінде, 25 тонна балық құтқарылып және өлген 6 тонна 87 келі балық санитарлық талаптарға сай жойыл­ды. Қазір 2004 жылғы 9 шілдедегі «Жануар­лар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайда­лану туралы» заңның 34-бабы, 6-тармағына сәйкес, «Құрманғазы» ЖШС мен «Інжу маржан» ЖШС арқылы қырылу қаупі бар су айдындарында, мелиорациялық аулау-жаппай аулау ұйымдастырылуда. Тап осындай жағдай Махамбет ауданы Ақ­тоғай ауылы «Бақсай» су айдынында бол­ған. Бұл аумақта,4,6 тонна балық өліп, 8 тонна балық құтқарылған. Балық қорын қорғаушылар мен балықшы­лар тонналаған тірі балықтарды  құтқара алмай жанталасып жатқанда Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылынан 20 шақырым қашық­тықта орналасқан «Шарон» өзегіне қосылатын каналда да балықтар қырылып жатты. Балық шаруашылығы комитетінің Жа­йық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен «Каспий Таңы» Ө/к және «Павлодар өзен порты» ЖШС арқылы өлген 700 келі балық жиналып, санитарлық талаптарға сай жойылған. Қазір қала және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, Балық қырылу қаупі бар Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Индер, Жы­лы­ой аудандарындағы  52 су  айдындары, яғни каналдар мен еріктер тазаланып, балықтың еркін өтуіне жағдай жасалып, жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінде батыс аймақтарда бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, сондай-ақ олардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету мақсатында «Жайық–Каспий бассейнінің су айдын­дарында «Бекіре-2021» іс-шарасы өтуде. Іс-шара басталғалы Жайық–Каспий об­лыс­аралық бассейндік балық шаруа­шылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызмет­керлері бірлесіп, табиғат қорғау заңнама­сын бұзудың 939 дерегін анықтаған. Осы дерек бойынша 680 адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Жайық–Каспий облысаралық бас­сейн­дік балық шаруашылығы инспекциясы өкілдері  берген мәліметке сүйенсек,  90 іс әкімшілік сот органдарына жолданды, браконьерлік және сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз айналысу фактілері бойынша 44 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзушы­ларға 11,7 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 30,3 тонна балық алынды, оның ішінде 4 тонна 517,3 келі бекіре тұқымдас балық түрлері, 812 бірлік балық аулау құралдары, 21 бірлік автокөлік және 53 бірлік суда жүзу құралы алынды. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті сүзу жұмыстары нәтижесінде су қоймаларынан 2 358 бірлік заңсыз балық аулау құралы алынды.

P.S.

 Атыраудағы балық өсіретін зауыттардан және тоғандардан 1998 жылдан бастап биылға дейін Жайық – Каспий бассейніне 90 миллиардқа жуық данадан астам бекіре тұқымдас балықтардың өміршең шабақтары жіберілген. Алайда Жайық өзенінің таяздануы салдарынан балықтардың уылдырық шашатын орындарында судың жеткілікті мөлшерде болмауы олардың тонналап қырылып қалуына себеп болып жатыр. Бұдан басқа балықты тағылықпен аулаудың кесірінен балық қоры жыл сайын азайып келеді. Өзенді мекендеген балық­тарды да сақтау үшін кешенді жоспар құрылып, іске асырса ғана Атырау өңірі судан тапшылық көрмей, балық бағасы базарлар мен дүкен сөрелерінде шарықтап тұрмас еді...

 

Tyrsin

     

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ­, Атырау облысы