Түркістан қаласының әкімі әкімдік ғимаратының сатылуына қатысты пікір білдірді
Түркістан қаласының әкімі әкімдік ғимаратының сатылуына қатысты пікір білдірді
180
оқылды

Түркістан әкімдігінің төртқабатты ғимараты аукционда 313 млн теңгеге сатылған. Сатылмас бұрын 257 млн теңгеге жөндеу жүргізілген.

«Ғимарат құны 30 пайызға арзан сатылды» деген күдікпен прокуратура сотқа жүгінген. Сот сату-сатып алу келісімшартын заңсыз деп тапты.

«Біріншіден, қала әкімдігінің бұрынғы ғимаратына қатысты расында да қалада саммит кезінде қонақүйлерді көбейту мәселесі туындаған. Осы бойынша жанындағы «Евразия« қонақүйіне және басқа жерлерге де ұсынған болатынбыз. «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жасау да қарастырылды. Бірақ шешім өзгеріп, аукцион арқылы сатылатын болып шешілді. Ғимараттың бағасын шығару әкімдіктің құқығында емес, арнайы мекеменің құзырында. Сол бойынша ғимараттың бағасын шығарған болатын», – деді қала әкімі.

Әкім 1970 жылы салынған әкімдік ғимаратына (жалпы аумағы – 2554,7 шаршы метр) 257 млн теңгеге жөндеу жүргізілгенін растады. Бірақ жөндеу үш жыл бұрын жасалған. «Ғимаратқа 2018 жылы 257 млн теңге көлемінде жөндеу жүргізілген, сол баға бойынша қосылған және де ол Қаржы министрлігіне қарасты web-порталға енгізілген еді. Ол жердегі сатып алушыны да, сатып алуға қатысушыны да және оның бағасын қадағалайтын әкімдік емес. Жалғыз сол портал арқылы нарықтық жүйемен жасалады. Яғни, ең бірінші ағылшын жүйесімен бағаның көтерілуі бойынша оған бірнеше адам тіркелді. Бірақ, оған ешқандай сауда болмаған. Екінші аукцион бағаны төмендету бойынша өтті. Аукцион басталған кезде біз порталда кімнің тіркелгенін көре алмаймыз. Сол кісі төмендету кнопкасын басу арқылы сатып алды. Бірақ, қосымша айтып кету керек, ұсынылған бағадан бір тиын да төмен түскен жоқ. Сондықтан прокуратураның айтқанына келіспейміз. Сол себепті бірінші келісімшартты бұзу туралы шешім шыққанымен, біз ары қарай апелляциялық сотқа шағым жаздық. Біз ары қарай да соттасатын боламыз. Өйткені, бір қызығушы адам алмады деп сатып алушының артынан қудалаудың қажеті жоқ деп ойлаймын», – деді Түркістан қаласының әкімі.

Бұған дейін Түркістанда әкімдік ғимаратының сатылуына қатысты прокуратура тексерісі жайында жазған болатынбыз.