Қызылордада есірткі саудасы көбейді
Қызылордада есірткі саудасы көбейді
119
оқылды
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінің тәртіп сақшылары күдіктіден 10 кг есірткі тәркіледі. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту, тергеу әрекетін жүргізу барысында пәтеріндегі лоджиясында ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес 103 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Тәркіленген заттар сараптама қорытындысымен 10 келіден астам кептірілген марихуана екені анықталды. Сонымен қатар арнайы іс-шара аясында жоғарыда аталған азаматтың бұл затты жеке пайдалану үшін сақтаумен айналысқаны белгілі болды. Белгілі болғандай, күдікті бұрын Қазақстан  Қылмыстық Кодексінің 300-бабы бойынша сотталып, 2018 жылы бостандыққа шыққан. Күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296-бабының 4-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Айта кетейік, аталған қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қызылорда облысы Полиция департаменті нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған іс-шараларды белсенді түрде жалғастыруда, – дейді Қызылорда қалалық Полиция департаментінің өкілдері.
Бұған дейін де, яғни мамырдың 10-ы күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп,  облыс орталығының тұрғыны жарты келіге жуық есірткі затын сатқандығын анықталған еді. Оның тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тексеру барысында көпқабатты үйдің жертөлесінен 4 келіден асатын, автокөлігінде 300 граммға жуық марихуана сақтағандығы белгілі болды. Заттай дәлелдемелер алынып, сараптамаға жолданды. Күдікті азамат есірткіні қала тұрғынынан алғанын айтып, қазір оның тиесілі екенін толығымен мойындады.   Аталған есірткі қылмысына басқа да тұлғалардың қатыстылығы тексеріліп,  Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  297-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
– Облыста жыл басынан  барлығы 45 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде,  есірткі  мен психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеудің 33, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 1, өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдаудың 10,  насихаттау немесе заңсыз жарнамалаудың 1 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 20 келіге жуық есірткі тәркіленді, – дейді Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК,

Қызылорда облысы