Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір секторы. Бұл тұрғыда Қазақстанның агрокешендік перспективасы өте зор. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде бұл саланы ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ұдайы көңіл бөліп келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласында «Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды» деп атап өткен болатын.
Кеңес мұрасы – депрессивті экономика
Еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкен тұста кеңестік экономиканың жетілмеген кемшін тұстарынан ең қатты зардап шеккен ауыл шаруашылығы саласы болды. Өйткені Қазақстанда әуелден тарихи қалыптасқан жағдай бойынша, соның ішінде кеңестік үлгідегі ұжымдастыру моделі аясында ауылдарды орналастыру және адамдарды қоныстандыру шаралары әлеуметтік, экологиялық, тіпті нарықтық экономика тұрғысынан да өте сәтсіз ұйымдастырылған еді. Соның салдарынан 90-жылдары көптеген ауылдық аймаққа депрессивті экономика тән болды. Мәселен, 1991 жылы республикамызда 13 миллионнан астам адам тұрған 8 мыңнан астам ауыл, 2 жарым мың кеңшар мен ұжымшар, 5 жарым мың бөлімшелер, фермалар, бригадалар және тағы да басқа ауылға жататын елді мекендер болған екен. Сол кеңшарлар мен ұжымшарлар, бөлімшелер мен бригадалар түгелге дерлік жабылып, ауылдықтар жаппай қалаға көшіп, көптеген ауыл қаңырап бос қалды. Ішкі көші-қон нәтижесінде соңғы 15 жылда еліміздегі ауылдардың саны бір жарым мыңға қысқарып, бүгінде республикамыздағы 6,6 мыңнан астам ауылдық елді мекенде 8 млн-ға жуық адам өмір сүріп жатыр. Пайызбен айтқанда, еліміздің халқының тең жартысына жуығы, яғни 42%-ы ауылда тұрады. Урбанизациялық процестер соңғы жылдары біраз саябырсығанымен, әлі де болса сақталып отыр. Кеңестік жоспарлы-әкімшілік экономика кезінде жіберілген қателіктердің бірі өндірістік күштерді алыс-алыс ауылдарға шашыратып орналастыруында еді. Нарық заманы туған тұста бұл жүйе күрделі қиындықтар тудыра бастады. Ауылдық елді мекендердің басым көпшілігі сол өндірістердің болашағы жоқтығынан және бәсекеге қабілетсіздігінен экономикалық тұрғыда өзін-өзі қамтуға дәрменсіз болып шықты. Осыдан келіп өндірістегі проблемалардан бөлек, ауылдарды әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда дамыту мәселесі бірінші орынға шықты. Әуелден-ақ қалыптасқандай ауыл шаруашылығында еңбекақы көлемі өзге салалармен салыстырғанда соншалықты көп емес еді. Тіпті, олардың үштен біріне жуығының кірісі күнкөріс деңгейінен төмен-тұғын. Бұл әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезінде онсыз да тоқырап жатқан ауыл шаруашылығын одан сайын күйрете түсті. Тұрғындар табыс көзі көп қалаға қарай ағылды. Осы бастапқы кездегі қиын жағдайды тұрақтандырып, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін мемлекет тарапынан көптеген кешенді шара атқарылды. Қысқа уақытта жер туралы, жер реформасы туралы, меншік туралы, шаруа қожалықтары туралы, кооперация туралы, жалдау және жалға беру туралы заңдар қабылданды. Соның негізінде жаңа формадағы ұйымдар құру арқылы ауылшаруашылық өнімдері мен шикізаттарының өндірісін, еңбек өнімділігін арттыру жөнінде бағдарламалар қабылданды. Әсіресе, бидай экспортын төмендетпеу, мал басын сақтап қалу, қолда бар өндірістік-материалдық базаны ұстап қалу жолындағы тағы да басқа жұмыстар бірінші кезекке қойылды. Енді бүгінде еліміздің агроөндірістік кешені қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, дамудың даңғыл жолына бет бұрып отыр. Ауыл шаруашылығы басымдықтары келесі бағыттар бойынша қойылған: жер қатынастарын дамыту, ауылшаруашылық суын пайдаланудың тиімді жүйесін қалыптастыру, егістік алқаптардың құрылымын оңтайландыру, өсімдіктерді қорғау және карантин, асылтұқымды мал шаруашылығын және ветеринарияны дамыту, ауыл шаруашылығына арналған машина құрастыруды, сақтандыруды, несиелендіруді, салық саясатын дамыту. Бұл бағыттағы реформалар жемісті болуы үшін онымен бірге ақпараттық-маркетингтік жүйені де реформалап дамыту қажет.Агрокешеннің тынысын ашқан 10 құжат
30 жылдағы жетістіктердің бастауына көз жүгіртер болсақ, тәуелсіздік жылдарында агроөндірістік кешен бойынша мемлекеттік саясат 10 бағдарламалық құжат бойынша жүзеге асырылған екен. Олар – «1991-1995 жылдарға және алдағы перспективада 2000-жылға дейін арналған мемлекеттік «Ауыл» әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы, 1993-1995 жылдарға және алдағы перспективада 2000-жылға дейін арналған АӨК-ті дамыту құжаты, 2000-2002 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту құжаты, 2003-2005 жылдарға арналған мемлекеттік агро азық-түлік бағдарламасы, 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту, 2006-2010 жылдарға арналған АӨК-ні тұрақты дамыту құжаттары, 2006-2010 жылдарға арналған АӨК тұрақты дамыту тұжырымдамасы, 2010-2014 жылдарға арналған құжат, «Агробизнес–2017» және «Агробизнес–2020» бағдарламалары. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында тек ауыл шаруашылығын ғана емес, бүкіл экономиканың барлық көрсеткіші бойынша өсу тенденциясына қол жеткізе алды. Атқарылған жұмыстар аясында ауылшаруашылық саласын дамытуға инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте 2002 жылы Еуропа даму және қайта құру банкі (ЕБРР) Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдау үшін 100 миллион доллар бөлген болатын. Бұл демеу еліміздің аграрлық бизнесінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсті. Соның нәтижесінде 2003-2005 жылдарды ауылдарды өркендетуге арнады. Ел тарихында бірінші рет ауылға үлкен көңіл бөлінген еді. 2003 жылдан бастап еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында қосымша 10 миллиард теңге көлемінде субсидия бөліне бастады. 2005 жыл Ауыл жылы болып жарияланды. 2004-2010 жылғы жұмыстар легі ауқымы мен жаңашылдығы жағынан жаңаша қарқын ала түсті. Бұл мемлекеттік бағдарлама екі кезең бойынша жүзеге асырылды. 2004-2006 жылдары үш міндет қойылды. Әуелі ауыл тұрғындарының әлеуметтік және инженерлік қамтамасыз етілуінің ұлттық стандарты бекітілді. Ауылдық көші-қонның легін оңтайландыруды мемлекеттік реттеу бағдарламасы қабылданды, қолданыстағы заңнамаға ревизия жүргізіліп, қажетті нормативтік-құқықтық құжаттар жасап шығарылды. Екінші кезеңде (2007-2010 жылдар) әр ауылдық елді мекеннің қанша адам сыйдыра алатынына баға беріліп, оларды тарату, біріктіру, ауылдық аймақтарды дамыту жұмыстары жүзеге асырылды. 2013-2020 жылдарда жүргізілген жұмыстардың бағыты ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналды. Өндіріс пен еңбек өнімділігін жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейтін бұл кезеңдегі құжаттардың түйіні – үш жылды қамтитын «Агробизнес – 2020» бағдарламасы. Оның мақсаты – ең бірінші кезекте бәсекелестікті дамыту. Соның ішінде АӨК нысандарын қаржылай сауықтыру, АӨК-ке арналған тауарлар, жұмыстар және қызметтердің қолжетімділігін арттыру, басымдықты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, агарарлық ғылымды дамыту және тағы басқалар. Бұл бағдарламаны қаржыландыруға 3122,2 млрд теңге қарастырылған болатын. Осылайша, Қазақстанның ауылшаруашылық саласы формациялық тоқырауды да, нарықтық өзгерісті де, агробизнестік қалыптасуды да бастан өткерді. Енді бүгінде өнеркәсіптік даму мен экономикалық диверсификацияға бет бұрып келеді. Алдағы уақытта дәл осы ауыл шаруашылығын әртараптандыру саясаты еліміздің әлемдік нарықтағы жаһандық өзектілігі жоғары болып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде бәсекелестіктігін арттыра түспек.Нұрлан ҚОСАЙ