21 мамырда Елбасы кітапханасының музейінде, «Адамға табын, Жер, енді!» халықараралық көрмесінің көпшілік бағдарламасы аясында «Адамзатқа қызмет ететін ғарыштық технологиялар» дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара онлайн және офлайн форматта өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ғарыш саласының ғылым мен техниканы дамытудағы маңыздылығын нұсқап, әлемнің экономикалық бәсекесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының еліміздің басымдылығы екенін әрдайым белгілейтін.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев айтқандай, ғалымдар мен конструкторлардың, сынақшылар мен инженерлердің ерен еңбегісіз ғарышты игеру мүмкін емес. Олардың кәсіби біліктілігі мен адал еңбегі арқасында заманауи ғарыш саласы бүгінгі таңда лайықты дамып келеді.
Елбасы кітапханасының дөңгелек үстеліне еліміздің ғалымдары, ғарыш және биотехнология саласының мамандары, «Жер, адамға тағзым!» көрмесінің серіктестері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Іс-шарадан бұрын қатысушыларға Күмбез залында «Жер. Алғашқылардың уақыты» көрмесінің экскурсиясы жүргізілді.
– Ғарыш – жаһандық орта. Ол – адамзаттың ортақ мұрасы. Демек, ғарыш пен ғарыш технологияларын дамыту – өркениет пен жүйені дамытатын, Жер бетіндегі әр мемлекеттің мүддесі үшін маңызды іс. Ұлттар мен елдердің техникалық, экономикалық, интеллектуалдық күшін жұмылдырғанды талап ететін жұмыс адамзатқа серіктестіктің ірі мүмкіндіктерін бірқатар онжылдық түгілі, бірнеше ғасырға кепіл етеді, - деді дөңгелек үстелдің модераторы, Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
– Бүгінде өмірдің барлық саласына әбден сіңген ғарыш технологиялары күнделікті өміріміздің бөлігіне айналып отыр. Сондықтан да басқа өмірді елестету бізге қиын. 60 жыл өтсе де. Дәл 60 жыл бұрын қазақ жерінен адам ғарышқа алғаш ұшқан. Адамзаттың басқа әлемдерге қол жеткізетіні анық, бірақ алдымен біз өз бесігімізді, жерімізді жабдықтауымыз керек. Бүгінгідей іс-шараларды да осы мақсатта өткіземіз, - деді Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің басшысы, Қазақстандағы Ресей Федерациясы елшілігінің кеңесшісі Алексей Короченко.
«Ұлттық ғарыш зерттеулері мен технологиялар орталығы» АҚ басқарма төрағасы, Халықаралық ақпараттандыру академиясы мен ҚР инженерлік академиясының академигі Марат Нұрғожин өз сөзінде отандық ғарыш ғылымының ахуалы мен жоспарына тоқталды:
– Алдағы уақытта Қазақстан халықаралық деңгейдегі ақпараттық ресурстар мен сервистерді құрып, қазіргі заманғы ғарыш қызметтерінің әлемдік нарығына лайықты үлесті иеленуі қажет. Ағымдағы жағдайды талдаудың арқасында қазіргі заманғы ғарыш саласының драйверлері болып табылатын бес негізгі бағытты анықтауға болады. Олардың қатарында ғарыш қызметі құнын төмендетуге мүмкіндік туғызатын технологиялық жетістіктер; ғарыш саласына жеке инвестициялар үлесін арттыру; жаһандық экономиканың дамуы; ғарыш қызметін экономикалық өсудің көзі ретінде қарастыру; ғарыш саласындағы елдердің әскери-стратегиялық дамуы, - деді ол.
«Ұлттық биотехнология орталығы» РМК бас директоры, Nazarbayev University профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерлан Раманқұлов ғарыш саласындағы заманауи технологияларды тілге тиек етті:
- Шешілмеген басты мәселе - ғарыш экспедицияларын отынмен, сумен және тамақпен қамтамасыз ету болып отыр. Америкалық ғалымдар пайымдауынша, бұл мәселені шешуде синтетикалық биология көмектесуі тиіс. Ғарыш агенттіктері мен жеке компаниялар мұндай жобаларды жүзеге асыруды ойлап жатыр. Мысалы, голланд ғалымдары Марстың бетінде шалғам, бұршақ, қара бидай және қызанақ өсіруге болатындығын дәлелдеді, - деді ол.
Дөңгелек үстелге «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шоқан Свогузов, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Жерді қашықтықтан барлау департаментінің директоры Бауыржан Бекмұхамедов, В.Г. Фесенков атындағы «Астрофизика институты» ЕЖШС директорының орынбасары Рашит Валиуллин, «Ғарыштық техника және технологиялар институты» ЕЖШС зертханасының меңгерушісі Нұрлан Богуспаев, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Жерді қашықтықтан барлау департаменті директорының орынбасары Раушан Ақназарова, «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» АҚ стратегиялық жобалар департаментінің директоры Әділқайыр Қадір қатысты.