Алматы облысында «жасыл» энергетиканы дамытуға баса назар аударылып, Жетісу жеріндегі күн сәулесі молынан түсетін аймақтарды, екпіндеп жел соғатын өңірлерді электр қуатын өндіруге пайдалану бағытында нақты жұмыс атқарылды.
Соңғы жылдары Қапшағай қаласына қарасты аумақта бірнеше жел және күн электр стансалары орналасып, облыстағы және еліміздегі жасыл экономиканың дамуына үлкен үлес қосып келеді. Қазіргі мұнай, газ және тағы басқа да қуат көзі болып саналатын қорлар азайып бара жатқан кезде қолда бар мүмкіндіктерді тиімділікпен, үнемділікпен пайдалануға негізделген мұндай бағыттарды барынша қуаттап, қолдау керегі айтпаса да түсінікті. Сондықтан Қапшағайдағы сияқты қадамдарды барлық аудандар мен қалаларда қолға алса, артық етпесі анық. Алматыдан Талдықорғанға кетіп бара жатқанда күрежолдың оң жағында алыстан көзге шалынатын аса ірі күн электрстансасы Eneverse Kunkuat деп аталады, нысанның қуаттылығы – 100 МВт. – Бұл күн электрстансасында PV Power Container жинақталған қайта құрастырушы қосалқы стансасының моноблоктарына орналастырылған, дара қуаттылығы 2*1,25 МВт болатын 36 инвертор орнатылған. Нысанның өндірістік қуаттылығы – 160,0 млн кВт*сағат. Болжамды жылдық өндірістік көлемі 5 000,0 млн теңге, – дейді станса басшысы Ерен Еркінұлы. «Қуаттылығы 100 МВт болатын күн электрстансасына 220 кВ жоғары кернеулі желі құрылысы» жобасының «БЖК – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылғанын, жобаның құны – 243,6 млн теңге екенін және жергілікті бюджеттен қаржыландырылғанын айрықша атап кеткен жөн. Жасыл экономика бағытында бұдан басқа орындалған жобалар бар. Өткен жылы «Хевел» компаниясы қуаттылығы 3 МВт «Қапшағай» және қуаттылығы 4,95 МВт «Сарыбұлақ» электрстансаларын пайдалануға берді. Күн электрстансалары заманауи гетероқұрылымды және екіжақты күн модульдерімен және күнді бақылап, ілесіп отыратын жүйелермен жабдықталған. Екіжақты модульдердің сыртқы жағын да пайдалану арқасында маусымға және ауа райы жағдайына байланысты 23-24% деңгейінде қосымша электрқуатын өндіру қамтамасыз етіледі. Күннің қозғалысын бақылап отыратын трекерлік жүйелер де күн панельдері жұмысының тиімділігін арттырып, күн модульдерінің өндіргіштігін қамтамасыз ету арқылы оларды орналастырудың статистикалық тәсілімен салыстырғанда, электр қуатын өндіруді орташа алғанда 20-25%-ға арттыруға қосымша мүмкіндік береді. «Хевел» компаниясының салынған және тұрғызылып жатқан барлық күн электрстансалары осындай тиімділігі жоғары гетероқұрылымды екіжақты панельмен және күнді бақылайтын трекерлік жүйемен жабдықталған. «Қапшағай» және «Сарыбұлақ» күн электрстансаларының болжамдық жылдық қуат өндіру мүмкіндігі 14,1 млн кВт*сағатты құрайды және жинақтап айтқанда, ауаға 7,5 мың тонна көміртегі диоксидінің таралуының алдын алып, қоршаған ортаның зиянды қалдықтармен ластануына жол бермейді. Өндірілген электр қуатының барлығы Қазақстанның Бірегей электрэнергетикалық жүйесіне жеткізіледі. Өндірісі өркендеп отырған облыстың алға жылжыған жылдармен бірге артып отырған электр қуатына деген сұранысын қамтамасыз ету үшін өңірдегі жел дәліздерін іске қосу мақсатында Қапшағай қаласында «АННАР» ЖШС «Қуаттылығы 4,5 МВт болатын жел электрстансасының құрылысы» жобасын жүзеге асырды. 2018-2019 жылдары «Кербұлақ ЖЭС» және «Кербұлақ-2 ЖЭС» ЖШС-нің қатысуымен Шеңгелді ауылдық округі аумағында 12 жел генераторы орнатылды. Басты жабдықтардың барлығы Еуропадан әкелінген. Жобаның жалпы құны – 7,5 млрд теңге.Болат АБАҒАН, Алматы облысы