Қазақстан энергетикасы: бүгіні мен болашағы
Қазақстан энергетикасы: бүгіні мен болашағы
Оның ішінде мұнай, газ, уран және басқа да шикі­заттар қоры жеткілікті ел­дің бағы зор. Осы мүм­кін­дікті тиімді пайдалану ха­лықтың әлеуметтік тұрмы­сына оң әсер етеді. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан алпауыт империяның ши­кізат көзі болғаны белгілі, өкінішке қарай біз әлі күнге осы келешегі күмәнді әрі құр­дымға әкелетін ба­ғыт­тан – шикізат сатуға тә­уел­діліктен арыла алмай ке­леміз. Себебі бұл күнкөріс үшін ең оңай, алайда бола­шағымыз үшін тиімсіз жол. Миллиондаған баррель мұ­най өндіретінімізді айтып мақ­танғанда алдымызға жан сал­маймыз, ал оның қайда кетіп жатқаны, одан қанша пайда көріп отырғанымызды біле бермейміз. Осы тұста біз органикалық ши­кізаттың бүгін болмаса ертең тау­сылатынын естен шығарма­уымыз керек. Тиын-тебенге саты­лып жатқан шикізаттан өнді­рілген өнімді ертең қымбатқа сатып алмасымызға кепіл жоқ. Олай болса, бүгінгідей мұнай бағасы құлдырап, мұнай өндіру шектеліп жатқан кезде «алдағы күніміз не болады?» деген сұрақ туындайды. Сала маманы ретінде осы сұраққа жауап іздеп көрдім. Қазақстан – бағыт-бағдары белгіленген, шын кіріссе өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, табиғи байлыққа бай дамушы мемлекет. Жеріміздің асты-үстіндегі ши­кізатты өндіруді, одан аз да болса өнім шығаруды үйрендік, бірақ сол өнімдердің негізгі көлемі экс­портқа өте арзан бағамен шы­ға­рылады. Өкінішке қарай, тәуел­сіздік алғалы экономиканың бірді-екілі бағытында болмаса, ауыз толтырып айтатындай үлкен өндірістерді іске қоса алмадық, жаңа экономика құ­рылмады. Біздің бюджет пай­далы қазбалар ши­кізатын сатуға тәуелді болған­дықтан, ел бо­лашағы шикізаттың әлемдегі бағасына тікелей бай­ланысты, бұл өз кезегінде ден­саулық сақ­тау, білім беру, мәде­ниет, қа­уіпсіздік салаларының жағдайын қиындатады. Үкіметтің мазмұнды, страте­гия­лық, қысқамерзімді, ұзақ­мер­зімді бағдарламалары қомақты қаржы жұмсалғанына қарамастан, өз деңгейінде орындалмады. Неге олай болды, ел экономикасының дамуына, жаңа технологияның келмегеніне, инновацияның да­мымай қалғанына жауапты ма­мандар уақыты келгенде жауап береді деп үміттенемін. Сондық­тан «енді әрі қарай не істеуіміз керек, қай бағытты дамыту тиімді, бізден бірнеше онжылдыққа озып кеткен елдерді қалай қуып же­теміз?» деген сұрақтың жауабын ізде­ген абзал. Осы арада мен жалпы энергетиканың негізгі тармағы – электр энергиясын өндіруді да­мытуды ұсынар едім. Себебі дәл осы бағыт эконо­ми­каның драй­вері, әртарап­тан­дырудың, жаңа технологиялық дамудың бала­ма­сыз бағыты болады деп санаймын. Бізде «жасыл экономиканың» концепциясы қабылданды, бұл кәдімгі өзіміз айтып жүрген «жасыл энергетика». Ондағы бірінші қадам – баламалы энер­гетиканы қарқынды дамыту. Бұл орайда, бүгіндері Түркістан, Ал­маты, Жамбыл, Шығыс Қазақ­стан облыстарында іске асырыл­ған жобалар бар. Мысалы, Түр­кістан облысы Қазығұрт ауданын­дағы Өгем өзенінің орта ағымында су электр стансасы каскадының алдын ала жобалау (ПредТЭО) жұмыстары басталды. Сол сияқты 2019 жылдың тамыз айында Төлеби ауданының Сайрамсу өзенінде қуаты 2,5 МВт (жобалық қуаты 3,75) «Кеңес-1» ШГЭС іске қосылды. Осы облыста МГЭС «Кеңес-1» ШГЭС жанында «Ке­ңес-2» ШГЭС жобалау жұмыс­тары және Ақсу, Арыс, Сайрамсу, Қасқасу өзендерінің бойында бірнеше ШГЭС жобалары, сон­дай-ақ Отырарда қуаты 50 МВт күн электр стансасы салынып жатыр. Бүгiнде баламалы энергетика көзін дамыту жоспары мен ны­сандар құрылысын жүзеге асы­руға қатысты барлық заң, заңна­малық актілер бар. Қазақстанда осы бағытты жүзеге асыруға барлық өңірде мүмкіндік бар. Иә, елімізде электр энергиясының барлық көзінің жобалық қуаты 20 000 МВт, оның 15 000 МВт тұтынылады, әрине бұл бүгініміз бен ертеңіміз үшін жеткiлiктi. Осы тұста біз сол электр қуатының 70 пайызы әлемнің жетекші елдері бас тартып жатқан, елдің экологиясына миллиондаған тонна қалдық қалдыратын көмiр пайдаланылатын стансаларда өндiрiледi. Егер ертеңiмiздi ой­ласақ, органикалық шикiзаттар кө­лемі шексiз емес екенiн түсi­нуiмiз керек. «Болашақ ұрпаққа не қалдырамыз?» деген сұрақ та­ғы бар. Сол үшін қазіргі энерге­тикалық жүйенi баламалы қуат өндiруге бағыттағанымыз жөн. Мысалы, жел энергиясының әлеуеті 92 млрд КВт-с/ж, ал өзен­дерден өндiретiн электр қуаты­ның әлеуеті 62 млрд КВт-с/ж, сон­дай-ақ күн сәулесiмен өндi­рiлетін энергия қуатының көлемi, әсiресе онтүстiк өңiрде, сол ша­мада, батыс-солтүстiк аймақтарда жел энергиясының әлеуеті жо­ғары. 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану тура­лы» заң, осы заңды iске асыруға байланысты бiрнеше заңнамалық актi қабылданды. Жаңартылған энергия көзін дамытудың мақ­сатты индикаторы белгiленді. Енді 2030 жылға қарай жаңар­тылған энергия көзінің жалпы электр энергиясындағы үлесін 10 пайызға, ал 2050 жылы 50 пайызға жеткізу керек. Қазiргi уақытта бұл көрсеткіш 2,3 пайызды ғана құрайды. Аталған заңда қаржылай міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін өндірілген электр қуатын белгіленген тарифпен және аук­ционнан сатып алу, ҚЕАО (қаржы есеп айырысу орталығы) арқылы электр өнімін тарату, инвес­тициялық жеңілдіктер, қосымша жинақ қорын құру қарастырылған. ЖЭО құрылымдарын орналас­тыру жөніндегі жоспар инвести­циялық тәуекелді азайту үшін аукциондық тәсіл арқылы енгі­зіледі. Осынау маңызды бағытты жүзеге асыру үшін Энергетика министрлігінің нақты іс-шаралар жүргізгенін айтуға болады, ал оңтүстік облыстардан өзге жер­гілікті атқарушы органдарда бұл бағыттағы жұмыс қарқыны баяу. Келешекте стратегиялық мәні зор бағытты дамытуға барлық өңір белсенді жұмыс істейді деп ойлаймыз. Қазақстанның технологиялық төңкеріс жасауы үшін маңызды және қажетті екінші қадам атом энергетикасының дамуы дер едік. Өйткені уран қоры бойынша әлемде 2-орында екенімізді, уран өндіруден әлемде ешкімді алға жібермей келе жатқанымызды ескерсек, экономикамызды да­мы­туға зор мүмкіндік бар. Атом энергетикасының маңызды бағы­ты ел аумағында атом электр стан­сасын (АЭС) салу, атомды медицинада пайдалану, атом өнеркәсібін дамыту, термоядролы энергетика саласында ғылыми-зерттеуді кеңейтуге мүмкіндік бар. Заманауи технологиялар бізге бүгіндері тиісті барлық халық­аралық талаптарға сай қауіпсіздік ережелері мен міндеттелген стан­дарттарды қолданып, атом стан­сасын салуға, сондай-ақ өңделген ураннан шыққан қалдықтарды залалсыздандыруға мүмкіндік береді. Кезінде атом электр стан­сасын салуға саяси сипаттама бергендер болды, егер АЭС са­лудың тиімділігін сауатты түсін­діріп, анық ақпарат берілсе, оның қажеті мен маңызы айтылса, халық қолдау көрсетеді деп сене­мін. Оның үстіне, көршілес Өз­бекстан бұл мәселеде бізден алға шығып кетті, АЭС құрылысын бастап жіберді. Ал Беларусь Ос­тро­вец атом стансасының бірінші блогын іске қосып та қойды. Энергетика саласындағы біз үшін үшінші, яғни ең күрделі мә­селе – энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттырумен ай­налысу. Себебі бүгінде Қазақстан ІЖӨ-дегі энергия сыйымдылығы көрсеткіші бойынша әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе, ЭЫДҰ (экономикалық ын­ты­мақтасу және даму ұйымы) елдерімен салыстырғанда 4 есе, ал ТМД елдері арасында 5 есе жоғары. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру саласында еліміздің ішкі жалпы өніміндегі энергия сы­йым­дылығын биыл кем дегенде 25%-ға, 2050 жылға қарай 2 есе төмендету міндетін қойды. Бұл бағытта жұмыс басталған, мысалы 2012 жылы қабылданған «Энер­гияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң­ды іске асыру үшін қажетті нор­мативтік-құқықтық актілер бекі­тілді, Мемлекеттік энергетикалық тізілім құрылды, ұлттық оператор ретінде Электр энергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты құрылды, энергия тиім­ділігінің картасы, энерге­ти­калық аудит, энергия сервистік шарттар жүйесі енгізілді. Әрине, мемлекет деңгейінде экономиканы әртараптандыру, осы бағытта технологиялық, инно­вациялық қадам жасау, өңір­лік саясат жүргізу, кадр дайындау кезек күттірмейді. Жалпы, энер­гетика саласы келешекте Қазақ­стан экономикасын дамыған елдер экономикасымен теңесті­руде маңызды орын алады. Ол мақ­сатқа жету үшін бүгіннен бас­тап еліміздің барлық өңірінде жаңартылатын энергия көзін көбейту, атом энергетикасының дамуын, сол бағытта атом стан­сасын салу, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру ша­ра­ларын қамтамасыз етуіміз қажет.  

Мақсұт ОРДАБАЕВ, ТМД мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі