«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген қазақта «Қоянның өзін көр де қалжасынан түңіл» деген де нақыл бар. Алайда әлемде етінің бір келісі сиырдікінен де қымбат тұратын асылтұқымды қоян өсіру үдерісі үстем. Бірақ ел Үкіметі оның осыншалықты пайдасын білмейтінге ұқсайды. Себебі ел экономикасына септесе алатын саланы дамытуға мемлекет тарапынан ешқандай көмек қарастырылмаған.
Қолдау болмаса, құрдымға кетеді
Жалпы, әлемде қоян өсірудің тарихы б.з.д. ІІІ ғасырдан басталады. Франция, Италия, АҚШ, Ұлыбритания, Эстония, Венгрия, Польша, Болгарияда жақсы дамыған. Сондай-ақ қоян етінің өнеркәсібі Аргентина, Бразилия, Индонезия, Нигерия, Гана сияқты елдерде өркендеп тұр. Қазақстанға келсек, біздің қоян асырап, оның етіне «жерік» болып жүргеніміз шамалы. Сондықтан еліміздің агросекторында елеусіз қалған қоян шаруашылығы – қазақ үшін таңсық тақырып. Осы тақырыпты жазуды қолға алғанда ішкі нарықта қоян етіне сұраныс бар екенін анықтадық. Оны өзіміз баға қоймаған соң алыпсатарлар етін сонау Германия мен Венгриядан «арбалап» әлек. Демек, қой баға білген қазақ қоян шаруашылығын да қолға алса, оның агросектордағы ең кірісті саланың біріне айналарына көз жеткізер еді. Неге десеңіз, қоян етін көп тұтынатын қытай халқына жылына оның 925 мың тоннасы (әлемдік жалпы нарықтың 62 пайызы) қажет көрінеді. Әне, салпаңқұлақты асырасаң, ас ететін ірі нарық дәл іргеңде тұр! Мысалы, жоғарыда аталған шетелдік магнаттар кең ауқымды қоян шаруашылығымен отандық экспортын еселей түскен. Ал біздің екінші алып көршіміз Ресей қоян етінің 30 пайызын өзі өндірсе, қалғанын Франция мен Қытайдан тасымалдап отыр. Демек, біздің қоян өсіруімізге ол да бір мүмкіндік. Ресейдің өзіне де Еуропаға ентелегеннен гөрі көршісінің сөресіне көз қиығын тастай салған тиімдірек болар еді. Дерекке сүйенсек, бүгінде Қазақстанда қоян өсіретін 5 мыңдай ұсақ шаруашылық бар екен. Оның 500-дейі асылтұқымды қоянды сырттан әкеп алған. Сол себепті қазір әлемде қоянның 200-ге жуық түрі өсірілсе, бізде соның 40-қа жуық түрі пайда болды. Бұл сала негізінен орыс ұлысы тығыз шоғырланған солтүстік өңірлерде жақсы жолға қойылған. Үлкен ақ қоян, үлкен сұр қоян, шиншилла тұқымдары көбірек өсіріледі. Ал Шымкентте асылтұқымды қоян өсірумен үш-ақ адам айналысады десек, үй жағдайындағы ұсақ шаруашылық 20-ға жуықтайды. Қара базарда қоян етінің 1 келісі – 2 000-2 500 теңге. Өте аз мөлшерде болғандықтан, тез өтіп кетеді. Ал дүкен сөрелерінен мүлде кездеспейді. Әлгі үй ауласында қоян бағып отырғандардың әрқайсысы базарда айына 50-100 келі ет сатуы мүмкін. Әрі кетсе, 200 келіден аспайды. Мысалы, қоян шаруашылығы саласының Кеңес өкіметі кезінде ауқымының өте кең болғаны соншалық соғыстан кейінгі кезеңде қазақстандық 150-ге жуық ферма Ресейге тонна-тонна ет тасымалдаған. Қазір ондай өндірістік өнеркәсіптік кешеннің бірі де жоқ. Ал Қытайда қоян шаруашылығы арнайы мемлекеттік бағдарламаға енгізілген. Шаруалардың уәжіне құлақ түрсек, бізде де қоян шаруашылығының өндіріс қуаттылығын арттырып, шағын ферма ашу, құрылыс пен жемдеу цехын жарақтандыру үшін мемлекет тарапынан субсидия мен жеңілдетілген несие алуды қарастыру керек-ақ. Әйтпесе, бұл саладағы бәсекелестік ендігі 10-15 жылда мүлде жойылуы ғажап емес.Пайдасын білгеннің зияны жоқ
Қоянды қосалқы шаруашылықтың таптырмас нышаны деседі мамандар. Себебі ол ет мәселесін шешуге сеп. Осы орайда қоян өсірудің тиімділігімен танысу үшін экономист Дәулет Төлеутайұлының «Бизнеске бағыт» кітабын парақтап көрдік. «Қоян өсіру фермасы жобасының артықшылығы: басқа ауыл шаруашылығы жануарларын өсіруге қарағанда жоғары емес бастапқы салымдар; фермаға қызмет көрсету бойынша елеулі күштің болмауы (бір қызметкер жеткілікті). Фермерлік шаруашылықтар үшін қоян шаруашылығы өте ыңғайлы кәсіп. Бұл бизнес ірі бастапқы салымдарды талап етпейді, қояндарды өсірудің және күтіп ұстаудың жылдар бойы жұмыс істеген технологиялары осы іспен арнайы дайындықтан өтпей айналысуға мүмкіндік береді. Ең қарапайым жабдықтарды талап ететін кәсіптің қажетті заттарының бір бөлігін фермер өзі жасай алады» деп жазған ол. Алайда асылтұқымды, әрқайсысының ресми жеке құжаты бар қоянды шаруалар шетелден 400-500 еуроға, алып келуімен, құжат рәсімдеуімен 250 мың теңгеге жеткізуде. Оған қоса, ұшақта жүкке де қосымша ақша төлейді. Олардың көбеюі үшін жұбымен әкелу қажет десек, бір жұбының өзіне бас-аяғы жарты миллион теңге жұмсалады екен. Есесіне қорасы жайлы, қарны тоқ болса, қоян – өте өсімтал тіршілік иесі. Мамандардың айтуынша, асқазан құрылысына қарай олардың аузы жемнен құрғамауы керек. Сондықтан тәулігіне 80 рет жемдеп тұрған жөн екен. Ал 2-3 рет қана жемдесе, ашыққан аналығы өзінің жаңа туған көжектерін жеп қояды. Ауылда асырау жағдайына тоқталсақ, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында жас кәсіпкер Константин Батуев аудан әкімінің 500 мың теңгелік гранты арқылы сатып алған бельгиялық, француздық, полтавиялық көжектерін қазір еселеп көбейткен. Олар ыстық-суыққа бірдей төзімді көрінеді. Кәсіпкердің айтуынша, бельгиялық қояндардың үлкені шамамен 12-15 келіге дейін ет береді. Сондай-ақ Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Керейт ауылында да қоян шаруашылығы бар. Олар жылына 3 есе жылдам көбейеді екен. Акселерат деп аталатын бұл тұқым ретро-қоянның бiр жылда қосатын 4-6 келi салмағын 4 айда жинайды. Ет өндірісін жылдам жолға қоюға тиімді. Сол себепті жылына 24 тонна ет, 9 600 терi және 180 мың көжек алу жоспарланған. Сосын олар ешқашан ауырмайтындықтан, вакцина салудың да қажеті жоқ. Сол үшін шымкенттік Елена Важенина да 25 жыл бойы еңбек еткен логистика саласын тастап, 38 жасында қоян өсіруді қолға алған. Елорда іргесіндегі Қосшы ауылында да қоян шаруашылығы бар. 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ай сайын 100-ден астам қоян етін нарыққа шығаруда. Серіктестіктің бас зоотехнигі Мейрам Әбішевтің айтуынша, қоян еті көбіне жеңсік ас болғандықтан, мейрамханалар мен дәмханалардан сұраныс жиі түседі екен. Нарыққа жылына 4 тоннадан астам ет шығарған кездер болған. Осындай мысалдарға мән берсеңіз, бұл саланың экономикалық тұрғыдан өте тиімді екенін түсінесіз. Тағы бір артықшылығы, егер жаңа технологиямен өңдесе, қоян терісі құнды шикізатқа айналады. Одан түрлі сырткиім тігуге болады. «Бір жылға қоянның терісі де шыдайды» деген нақылдың ескіргенін қазір Алматыдағы «Қоян» ЖШС-ның ісмерлері дәлелдеп отыр. Қоян терісінен тігілген тондардың қай кезеңде де сәннен қалмайтынын ескерген олар балалар тонын тігуді қолға алыпты. Сондай-ақ Тараздағы тері өңдеу зауытына жіберер болсақ, акселерат тұқымды қоянның терiсi өте сапалы екен. Одан балаларға және жастарға арналған сәндi сырт киiмдер, көрпе және өзге де тұрмыстық заттар тiгуге болады. Жүнінің де аллергия тудырмайтынын ескерсек, түбіт алу үшін өсірілетін шаруашылықтарда әрбір ірі қояннан 350-500 грамм түбіт шығады. Ал қоян түбіті дегеніңіз жылу өткізгіштігі бойынша меринос жүнінен кем емес. Тіпті, қаптаған шұжықтар арасында қоян етінен әзірленген шұжық та оқшауланып тұрса, тұтынушылар көзге таңсық көрінген дүниенің дәмін де татқысы келеді емес пе?!Маман пікірі:
Екатерина МАКАРОВА, қоян өсіруші:«Бүгінде бұл сала өздігінен дамып келеді. Тіркелмеген шаруа қожалықтары жеткілікті. Ал мемлекет тарапынан олардың қызметі реттелмеген. Басты қиындықтардың бірі – экспортқа шығарылатын өнімге құжаттарды рәсімдеу өте күрделі, мемлекет тарапынан қолдау жоқтың қасы. Мысалы, Өзбекстан қоян өсіруді мал шаруашылығы бағыты ретінде енгізген. Онда фермерлерге субсидия беріледі және ірі ферма салуда. Жақында қоян етінің алғашқы партиясын Ресейге экспорттағалы отыр. Ал біз «Үкімет қашан нақты шаралар қабылдайды екен?» деп күтудеміз.
Еркеғали БЕЙСЕН