Қызметтен кейінгі өмір
Қызметтен кейінгі өмір
298
оқылды

Полиция қызметкерлері әдетте  40-тың ар жақ, бер жағына жеткенде зейнеткерлікке шығады. Өйткені «Ішкі істер туралы» заң бойынша солай. Ендеше осындай дайын мамандар қайда барады? Неге олардың кәсіби әлеуетін одан әрі пайдалан­басқа? Зейнетке шыққан құқық­қорғаушылардың одан арғы өмірін қалай ұйымдастыруға болады? Осы тұрғыда саралап көрген едік.

Өзі заңгер, өзі жауынгер

Елімізде бүгінде 70 мыңға жуық поли­ция қызметкері бар екен. Бұл қылмыстық атқару жүйесі, Ұлттық ұлан сынды тағы басқа құрылымдарды  қоспағандағы дерек. Жыл сайын осы жеке құрамның 7-8%-ы қызметтен кетеді. Бірі денсаулығына бай­ланысты, бірі тәртіп жағдайына байланысты деген секілді түрлі себебі бар. Солардың ішінде зейнетке шыққандарының үлесі орташа есеппен алғанда 40%-ды құрайды. Мәселен, 2020 жылы 4 554 адам қызметтен кеткен болса, соның 1 639-ы, яғни 36% зейнет демалысына шыққандар. 2019 жылы бұл көрсеткіш 37,8% болыпты. Зейнеткер­лердің ең жасы 40 жаста. Кадет корпусында оқыған жылдарын қосқанда, 38 жаста шыққандары да бар екен. Ал жалпы заң бойынша, аға басшы құрамнан майорларға 48 жаста, подполковниктерге 50 және полковниктерге 55 жаста зейнетке шығуға рұқсат. «Әр қызметкердің зейнеткерлікке шығу себебі әртүрлі. Мәселен, азаматтық ортадан келген қызметкерлер бар. Олардың ішкі істер саласындағы еңбек өтілі 12,5 жылдан асса, онда рұқсат. Ал жалпы еңбек өтілі 25 жыл болуы керек. ҚАЖ саласында және кейбір аймақта 1 жылдың 1,5 жылға есептелетін коэффиценті бар. Осындай жайттармен алғанда, зейнет жасы әртүрлі болып келеді. Ал зейнеткерлікке шыққан соң полиция қызметкерлері көп ретте заң саласына кетеді. Өйткені олар бірінші кезекте заңгерлер. Адвокат, заң кеңесшісі, медиа­тор, жеке сот орындаушысы болып қызмет атқарып жүргендері көп. Одан соңғы кезекте күзет, инкассатор, эко­номикалық әлде ішкі қауіпсіздік қызметі, жаттықтырушы, спорт менеджері сынды салаларға барады. Өз бетінше кәсіп ашып алғандары да бар. Сондықтан да қайнаған өмірдің ортасында алған тәжірибелері оларды далада қалдырмайды деуге болады. Тіпті, ешқандай жұмыс істемесе де, мемлекеттен берілетін зейнетақысы олар үшін көп көмек», – дейді ІІМ Кадр саясат департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Қанатбек Қарабеков. Негізінен, заң саласына көбіне бұрын тергеуші болып істегендер барады екен. Өйткені олар сотты да отты да көрген кәнігі майталмандар. Ал экономикалық немесе ішкі қауіпсіздік салады жедел қызметте жұмыс істеген уәкілдер жақын келеді. Олардың шытырман оқиғаларды тарқа­татын ебі де соған бейім. Алдын алу жол­дарын да жақсы біледі. Ал күзет қызметіне патрульдік-бекеттік кезекшілікте болғандар барады. Уақытында көлікпен жүйіткіп, көше шолып, ауысымдап күзетте тұрғандар үшін ең үйреншікті кәсіп осы. Болмаса өз бетінше кәсіп ашқандары аз емес. Солар­дың бірі – подполковник Ирина Лукьянина. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінде ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспек­тор қызметінен зейнетке шыққан. Ол қазір туристік бағытта турлар ұйымдастыратын жеке кәсіпкер. «Зейнеткерлікке биыл ақпан айында шықтым. Подполковник шенімен 50 жасқа келген соң жіберді. Негізі, әлі де қызмет етуге ниетім болған. Өйткені балаларым өскен, қолым бос еді. Бірақ карантин басталып кетті де, үйден жұмыс істеуге көштік. Сол аралықта сіңлім қайтыс болды. Оның тоғыз жасар қызын өз қамқорлығыма алдым. Сөйтіп, жұмыстан шығуға шешім қабылдадым. Өзім әуелден саяхат жасауға құмар едім. 45 күндік еңбек демалысын бөліп-бөліп алып, шетелдерге қыды­ратынмын. Зейнеткерлікке шыққан соң соны кәсіп етсем қайтеді деген ой келді. Осылайша, жұмысты бастап кеттім», – дейді Ирина Владимировна. Тур операторлардан бір апталық бағдарлық тур сатып алып, адамдарды қыдыртатын подполковник осы уақытқа дейін Ақтауға бір рет, Түркістанға екі рет туристер тобын апарып келіпті. Өзі де, жолдас серіктері де дән риза.  Әрі хобби, әрі пайда түсіріп тұрған сүйікті ісіне уақыт табылғанына мәз. «Атамекен» ҰКП-ден арнайы курс оқыпты. Тур агенттігіндегілер ұйымдастырудағы тиянақтылығын қатты мақтаған екен. «Бұл да болса ішкі істер саласындағы 22 жылдық тәжірибемнің жемісі», – дейді ол. Полиция қызметіне Ирина 28 жасында азаматтық ортадан келген екен.

Зейнеткерлікке дайындау жүйесі керек пе?

Соңғы уақытта елімізде ішкі істер органдары қызметкерлерінің зейнет жасын 63 жасқа дейін өсіру қажеті туралы жиі айтылып жүр. Майорлар 52, подполков­никтер 55, полковниктер 58, ал жоғарғы басшылық құрам 63 жаста зейнетке шықса деген бастама бар. Өйткені бүгінде 45-55 жаста жұмыстан кетуге мәжбүр болған көптеген тәжірибелі полиция қызметкері түрлі коммерциялық құрылымда қызмет етіп жүр. Сондықтан да олардың төрт-бес жыл болса да қатарда қала бергені абзал. Әйтсе де, бұл ұсынысты әлі де болса тал­қылау қажет. «Кеңес кезінде бекітілген әскерилерге зейнетке шығуға берілген орташа 45 жас – ол ғылыми тұрғыда белгіленген меже. Одан соң адам физикалық жағынан да моральдық жағынан да босаңси бастайды. Оны мойындау керек. Сондықтан да жаңашылдық енгізерде дұрыстап саралап алған дұрыс. Егер штабта, кеңседе, кезекшілік бекетте отыратын қызмет немесе ғылыми мансап болса, бәлкім жөн шығар. Ал үнемі көлікте, қылмыскерлерді іздеуде жүретін қызметкерлер үшін бұл қиындау болады», – дейді URAN қоғамдық бірлестігінің заңгері, запастағы полковник Жасұлан Амержанов. Бұрынғы құқыққорғаушылардың пікірі зейнеткерлік өмірге дайындайтын бір орталықтың болғаны дұрыс деген ұсынысқа келгенде де қақ жарылып отыр. Өйткені 24 сағат жұмыстан бас алмай, ұзақ жылдар бойы қатал әскери тәртіп пен қоғам қауіпсіздігі жолында бар күш-жігерін сарп еткен құқыққорғаушылардың қызметтен қол үзген шағында әдеттегі режимнен ажырап, жалғыз қалып қоюы депрессияға жетелейді. Жаңа ортада жұмыс таба қоюы да, оған үйреніп кетуі де оңай емес. Соның салдарынан ішімдікке салынып кететіндері де, қылмысқа баратындары да кездеседі. Сондықтан оларды алдын ала дайындаған­ның артығы жоқ. «Бізде Ішкі істер министрлігінің Ардагерлер кеңесі бар. Зейнетке шыққан қызметкерлер сонда тіркеледі. Министрлік басшылығы да мерекелерде оларды назардан тыс қалдырмайды. Ал зейнет­керлік өмірге дайындау деген бағдарлама бізде қарастырылмаған», – дейді Қанатбек Өмірзақұлы. Ал Жасұлан Жұмаәділұлының айтуын­ша, құқық қорғау саласында қызмет етуге анау-мынау адам келмейді. Олар моральдық жағынан да, физикалық тұрғыдан да мықты адамдар. Сондықтан оларды жаңа өмірге дайындау қажет дегенмен келіспейді. Қызметтің ыстығын да, суығын да көрген әскери адамдар үшін өмірдің қай сынағын да еңсеру қиын емес. Одан да соған бөлінетін ақшаға мұқтаж жандарға, жетім балаларға көмектескен дұрыс. Ал под­полковник Ирина Лукьянина мұндай бастаманың қажет екенін айтады. «Бұл айтып отырған идеяға қосыламын. Өйткені ер адамдарға жұмыс табу оңай болуы мүмкін. Ал әйел адамдарға қиындау. Мен өз басым әскери тәртіптегі басшыларға бағынып қалғанмын, азаматтық еркін ойлы басшыға бағына алмас едім. Сондықтан да өз бетімше кәсіп бастағанды жөн көрдім. Ал егер Ардагерлер кеңесі мен оның филиалдары жанынан әр облыста осындай орталық ашып, бағдарлама құрып, жұмыс­тар жүргізілсе, құба-құп болар еді. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен келісімге отырып, зейнетке шығуға бір жылы немесе алты айы қалған қызметкерді алдын ала оқытса, түрлі мекеме мен кәсіпорынның бос қызмет орындарын іріктеп ұсынса, бірте-бірте бұл жұмыстар да бірізге түсер еді», – дейді Ирина Владимир­овна. Иә, ішкі істер саласы қиын да, күрделі қызмет. Сол қиындығынан да болар, бұл жолда полиция қызметкерлері денсаулығын сарп етіп, өмірін де қиып жатады. Қиындығына шыдамай, зейнет жасына жетпей жұмыстан шығып кететіндері де қаншама. Ал зейнеткерлікке шыққандары азаматтық ортада өгей күн кешіп, шеттеп қалып жатады. Ендеше өзі психолог, өзі заңгер, өзі шыныққан жауынгер маман­дарды сапта қалдыру-қалдырмау мәселесі күн тәртібінде қала бермек.

Нұрлан ҚОСАЙ