Иә, Арқаның аязы ашу шақырып, ақтүтек бораны қанша долданса да, аяғымыз жаурап жүрген жоқ. Әсіресе, алты ай бойы ақ қар, көк мұздың үстімен жүретін елордалық ағайын етіктен ақша аямайды. Тек табаннан ызғар өткізбеу үшін басқалардың қалтасын қампайтуға мәжбүрміз. Елжандылығың оянып, отандық өнімге қолдау көрсеткің келгенімен, сапасына бағасы сай «Қазақстанда жасалған» тауарды іздеп табудың өзі қиын. Сонда қайтпек керек? Бүгін осы сұрақтың жауабын іздеп көреміз. Статистикаға сүйенсек, жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы жыл өткен сайын азайып келеді. Тігін-текстиль саласы ішкі нарықтың 10 пайызын да қанағаттандыра алмай отыр. Елдің экономикалық қауіпсіздігі үшін бұл көрсеткіш кем дегенде 30 пайыз болуы керек. Ал қазір отандық нарықтағы қазақстандық аяқкиім үлесі 1,5-2 пайыз ғана. Былтыр Ұлттық экономика министрлігі шеттен келетін аяқкиімдер отандық нарықтың 96,7 пайызын жаулап алғанын айтқан болатын. Импорттың басым бөлігі Қытайға (75 пайыз) тиесілі. Одан кейінгі орында – Түркия. Мамандар елдегі аяқкиім өндірісінің осынша құлдырауын мемлекеттің бұл салаға дұрыс көңіл бөлмеуінен көреді. «Біз отандық кәсіпорындар әділетсіздіктің құрбаны болып отыр деп санаймыз. Өйткені шетелдік бәсекелестерге өз мемлекеті тарапынан жақсы жағдай жасалған. Мысалы, Қырғыз Республикасында барлық кәсіпорындар патентпен жұмыс істейді. Олар қолындағы жабдыққа ғана салық төлейді. Қалған төлемдерден түгел босатылған. Өзбекстанда ҚҚС сияқты салықтар алынып тасталған. Олар бұл қаржыны өндірісті дамытуға жұмсайды», – дейді Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худова. Оның пікірімен Shoes Republic компаниясының директоры Дәурен Раманқұл да толықтай келіседі. «Мысалы, Өзбекстанда аяқкиімнің өзіндік құны 7-8 мың теңге. Біздікі 12-13 мың. Себебі олар бұл салаға инвестиция құйған. Мысалы, біз 90 жылдары өндіріс тоқтап қалған кезде аяқкиімді жаппай Қытайдан әкеле бастадық. Сол кезде Өзбекстан жеңіл өнеркәсіп тауарларын шекарадан кіргізбеді. Сондықтан ол жақта зауыттар өлмеген, әлі жұмыс істеп келе жатыр. Жаңа президент келгелі де осы салаға өте көп қаржы бөлінуде Қазір олар шығаратын аяқкиімдер, тіпті Еуропаға экспортталады», – дейді ол. Ал тауардың өзіндік құнының жоғары болуына, ең алдымен шетелден келетін шикізатқа тәуелділік себеп екен. Бір қарағанда, мал басы миллиондап саналатын Қазақстан үшін бұл үлкен парадокс. Мамандардың айтуынша, жеңіл өнеркәсіптің кенжелеп қалуы шикізатқа сұраныстың азаюына, ол өз кезегінде тері зауыттарының жабылуына алып келген. Бұл жағдайды Любовь Худова өзінше түсіндіріп берді:
Қарапайым халыққа арналған аяқкиім тігумен айналысатын Дархан мырза да бұл жағдаймен жақсы таныс. Өзі де өндіріске керекті шикізаттың 80 пайызын шетелден алдырып отыр. Қарапайым аяқкиім бауының өзін Италиядан әкеледі екен. Тасымал құны мен баж салығы қалтасын қаққанмен, іздегені ел ішінен табылмай сондай қадамға барған. Тапсырыс аз болғандықтан отандық кәсіпкерлер осындай оңай кәсіппен де айналысуға құлықсыз. Елде көптеп зауыттар ашылып, ішкі нарықта сұраныс артқанда ғана өз-өзімізді қамтамасыз етуге болатынын айтады. Сөзіне дәлел ретінде Өзбекстандағы жағдайды мысалға келтірді: «Мысалы, қазір Өзбекстаннан көп аяқкиім келіп жатыр. Технологиясы тура біздікі сияқты. Тек шикізатты өздері дайындайды. Сосын күніне 100 жұп аяқкиім дайындау мен күніне 1 000 жұп дайындағанның өзіндік құны екі түрлі. Өйткені өндірісті автоматтандырасыз, конвейермен жұмыс істейсіз. Нәтижесінде, жұмыс құны аз болады. Сондықтан біздің зауыттар олармен баға бойынша бәсекеге түсе алмайды. Бірақ модель бойынша, сапа бойынша алға түсуге болады», – дейді ол. Иә, отандық өнімнің сапасына сын айтуға келмейді. Тек өндірістің көлемі аз болғандықтан, кәсіпкерлер бағасын түсіре алмай тұр. Ал сананы тұрмыс билеген заманда ешкім де патриоттыққа бой ұрып, қымбатқа жүгірмейтіні белгілі ғой. Сондықтан нарықты шетелден келетін арзан тауар басып кетті. Басты себеп – тауар айналымының жіті қадағаланбауы. Бүкіләлемдік банктің дерегіне сүйенсек, елдегі заңсыз тауар айналымы 2 млрд доллардан асып кеткен. Ал бұл – алыпсатарлар салықтан жалтарып, тауардың құнын түсіреді деген сөз. Яғни, отандық кәсіпорындарды елдегі солқылдақ заң жығып беріп отыр. «Жарайды, біздің өнімдер қымбат-ақ болсын. Бірақ шетелдік тауарларды кедендік одақтың шарттары бойынша кіргізуге болады ғой. Мәселен, отандық кәсіпкер шетелге өнімін шығаратын болса инвойс, СТ1 сетификаты, басқа да сапа сертификаттарды талап етеді. Ал біздің елге ешқандай сертификатсыз, декларациясыз-ақ тонналап тауар кіріп жатыр. Оларға ешкім тоқтау салмайды. Тіпті, бізде ішкі нарықты бақылайтын орган да жоқ», – деп күйінеді Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті.«Елдегі жүннің 14 пайызы ғана өңделеді. Қалғаны Қытайға, басқа елдерге арзанға кетіп жатыр. Терілер де солай шекара асады. Кейін оларды дайын өнім ретінде өзіміз қайтадан қымбатқа сатып аламыз. Бізде негізінен арнайы аяқкиімдерге жарамды қалың, қатты былғары шығарады. Ал сәнді аяқкиім үшін бұл өнімдер жарамайды. Мысалы, Қазақстанда италиялық үлгідегі аяқкиімдер жасайтын кәсіпорындар бар. Олар шикізатты шетелден әкелуге мәжбүр».
«Қазір шетелдік компаниялар отандық кәсіпорындарға тапсырыс бере бастаған. Бұл біздің кәсіпкерлерге, біріншіден, жаңа технологияларды меңгеруге көмектеседі. Бұл тауар экспортталатын болған соң әлемдік стандарттарға сай етіп жасалады. Екіншіден, жұмыскерлер еңбек етіп, табыс табады. Жұмыс орындары сақталады. Мемлекетке салық төленеді. Бұл жаман емес қой». Яғни, отандық жеңіл өнеркәсіптің, оның ішінде аяқкиім өндірісінің болашағынан үміт күтуге болады деген сөз. Бірақ біздің кәсіпкерлерге заман талабына бейімделмей болмайды. Дәурен Раманқұл қазір сауданың да ережесі өзгергенін айтады: «Көп нәрсе маркетингке байланысты. Яғни, сата білу керек. Әлеуметтік желіні де сауатты пайдалануға болады. Және дүкенді де таңдай білу керек. Кей фабрикалардың сауда нүктелері дұрыс жерде орналаспаған. Көбіне адам бармайтын жерлерде тұрады. Сондықтан ол жерде дүкен барын білмейміз». Осы саланың сақа мамандарымен болған әңгімеден аяқкиім саласында Қазақстанның әлеуеті бар екенін түсіндік. Өз деңгейінде қолдау болып, тиісті шаралар қабылданса, қазақ кәсіпкерлері ешкімді алдына түсірмесі анық. Ал қолды байлап тұрған кедергілер уақытша деп үміттенейік.Дегенмен отандық кәсіпорындардың сапалы өнімдері шетелдік алпауыттардың қызығушылығын тудырып отыр. Дәурен Раманқұлдың айтуынша, оның компаниясы қазір Түркияның FLO брендімен келіссөз жүргізіп жатыр. Бәрі сәтті аяқталса, ірі көлемді тапсырыстар алу жоспарда бар. Одан бөлек италиялық өндірушілер де Қазақстаннан серіктес іздеп жатқаны туралы да айтты. Әлемдік алпауыттар өз өндірісінің бір бөлігін аутсорске беріп, тиімділігін арттыру практикасы бұрыннан бар. Бұл кәсіпорынды жылдам кеңейтудің бір жолы. Тапсырыс орындайтын тарап та бұл үрдістен пайда көреді. Любовь Худова отандық нарықтағы бұл өзгерісті жақсылыққа жорыды: