Жамбылда су шайған ауылдарда жағдай тұрақты
Жамбылда су шайған ауылдарда жағдай тұрақты
119
оқылды
20 мамыр күні  Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында толассыз жауған жауынның салдарынан тау бөктеріне жақын орналасқан Өрнек, Ақыртөбе, Тереңөзек және Қайынды ауылдарын ағын су шайған болатын. Әлеуметтік желіде тараған алғашқы видеоларды көрген халық жағасын ұстап, ел амандығын тілеген еді. Алайда жергілікті билік бүгінде Т.Рысқұлов ауданындағы жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.   «Табиғаттың тосын құбылысынан ағып келген су Өрнек ауылдық округіне қарасты Өрнек ауылындағы 3 үйдің, Ақыртөбе ауылдық округіне қарасты Ақыртөбе ауылындағы 7 үйдің, Қайыңды ауылдық округіне қарасты Мамай-Қайыңды ауылындағы 3 үйдің, барлығы 13 үйдің ауласына кірген. Күш-құралдарының іс-қимылы шұғыл түрде ұйымдастырылып, жиналған суды сай салаға бұру арқылы қауіптің беті дер кезінде қайтарылды. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтар, мал шығыны жоқ. Тек, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сәлімбай ауылына кіреберістегі шағын көпірдің екі жақ тұйықтаулары аздап бүлініп, шұғыл түрде қалпына келтіру жұмыстары дер кезінде жүргізіліп, қазіргі кезге толық қалпына келтірілді. Қалыптасқан жағдайды бағалау үшін оқиға орнына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов  жетіп, мәселені толық өз бақылауына алды. Аулаларына су кірген әрбір үйді аралап, үй иелерімен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жоғарыда аталған ауылдардағы  көшелер мен үй аулалары толық тазартылды. Су деңгейінің көтерілуі салдарынан бүлінген, бұзылған жөндеу жұмыстарын қажет ететін аула (қора-жай, сарай т.б.) анықталған жоқ. Тасқын су орын алған жағдайдан кейін 2021 жылғы 21 мамырға қараған түнгі сағат 02.00 шамасында жағдай толық қалыпқа келтірілген. Қазіргі таңда жағдай  бірқалыпты», - делінген ресми ақпаратта. Әрине апат айтып келмейді. Құландықтарға Құдайдың көзі түзу болсын деп тілейміз.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы