Балаларды қорғау рейтингінде – 50-орын

Балаларды қорғау рейтингінде – 50-орын

Save The Children халықаралық қорының балаларды қорғау рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 50-орынға тұрақтады. Ал Сингапур мен Словения балалар үшін ең жақсы, Нигерия және Орталық Африка Рес­публикасы ең қолайсыз аймақ ретінде танылды.

Индекс денсаулық сақтау, білім беру көрсеткіштерін және жалпы балалардың қауіпсіздігін ескереді. «Сингапур 1 000-нан 989 балмен рейтингте көш бастап тұр. Батыс Еуропаның сегіз елі денсаулық, білім және балаларды қорғау бойынша өте жоғары балл жинап, алғашқы ондық қатарына кіреді. Нигерия соңғы орында» деп жазылған рейтингте. Алғашқы бестікке Сингапур, Словения, Финляндия, Швеция және Норвегия кірді. ТМД елдері арасында Қазақстанды тек Беларусь пен Ресей басып озған. Рейтинг деректері бойынша, Қазақстанда 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітім деңгейі 10 000 тууға шаққанда 99 өлім екен. Балалардың 6 пайызы (негізінен қыздар) 15-19 жас аралығында үйленеді, 8 пайызы 5 жасқа дейін дұрыс тамақтанбайды. Балалар еңбегінің таралуы 2,2 пайызға тең. Жасөспірімдер жүктілігінің коэффициенті 1 000 қызға 29,8, балалар суицидінің коэффициенті 100 мың тұрғынға 1,3 болған. Өткен жылы Қазақстан 933 ұпаймен бұл рейтингте 40-орында тұрған. Биыл 10 сатыға төмен түсті.  

      М.ХАҚНАЗАР