Президентке әкімдер есеп берді
Президентке әкімдер есеп берді
143
оқылды

Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қа­был­дады. Бұл туралы Ақор­да­ның баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы төрт айдағы даму қорытындылары мен Президент тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ Жамбыл об­лысында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндалды. Бердібек Сапарбаев қаңтар-сәуір айларында Жамбыл облы­сының өнеркәсіп көрсеткіші 107,1 пайызға, ауыл шаруа­шы­лығы 103,2 пайызға, құрылыс 110,3 па­йызға артып, өңірге құйыл­ған инвестиция 75,2 мил­лиард теңгеге жеткенін айтты. Сонымен қатар былтыр облыста 768 мың гектар жерге егін егілсе, биыл егістік алқап 46 мың гек­тарға ұлғайған. Аймақта Президент тапсыр­масына сәйкес, өзге ұлт өкілдері тығыз шоғырланған 25 елді ме­кеннің этнокартасы жасақталған. Мемлекет басшысына Қордай ау­данындағы ахуал жөнінде баян­далды. Облыс әкімінің айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты. Был­тыр тұрғын үй, жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңге болатын 392 жоба іске асырылған. Барлық зардап шеккен нысандар мен тұрғын үйлер толығымен қал­пына келтірілген. Мемлекет басшысы облыс­тағы эпидемиялық ахуалды ба­қылауда ұстау, инвестиция тарту және мем­лекеттік бағдарла­ма­ларды тиімді жүзеге асыру жұмыс­тарын жан­дан­дыру жөнінде тап­сырма берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті қабылдады. Қазақстан Президентіне өңір­дің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, жер қатынастарына қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасының жүзеге асыры­луын қамтамасыз ету, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмыстары, инвестиция тарту және Жайық трансшекаралық өзенінің проблемалары жөнінде баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жер­гілікті жұртшылықтың бюджеттен қаржыландырылатын жобалардың жүзеге асырылуын бақылауға, өңір­ді сумен және жылумен қам­тамасыз етуге, автожолдар салуға және электр желілерін жаңғыртуға қа­тысты мәселелерді шешуге ат­салысып жатқаны туралы мәлімет берілді. Мемлекет басшысы өңірдің ет өнімдерін ұлғайтуға және осы салада еліміздің әлемдік нарық­тағы орнын нығайтуға мүм­кін­дігі бар екенін атап өтіп, әкім­діктің Батыс Қазақстан облы­сында мал шаруашылығын да­мытудың ғылыми-өндірістік базасын құру жөніндегі жос­парын қолдады. Президент Оралда машина жасау саласының техникалық және кадрлық әлеуетін сақтау қажет екеніне назар аударып, Ғали Есқалиевке демографиялық қауіпті азайту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу және инвес­тор­ларды қолдау жөнінде міндет жүктеді.