Экономикалық өсімнің орталығы
Экономикалық өсімнің орталығы
295
оқылды

Осыдан үш жыл бұрын, 2018 жылғы 5 шілде күні тарихи оқиға болды: елордада «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының тұсауы кесілді. Ашылу рәсімінде Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев балғамен үлкен дабыл-гонгты соққаны есте. Әлемде қабылданған дәстүр бойынша бұл биржа жұмысының басталуын білдіреді. Қа­зақстан осы арманын жүзеге асыруға үш жыл қамданды: Елбасы АХҚО-ны құру туралы Жарлыққа 2015 жылы қол қойған болатын.

Қатысушылар қатары көбеюде

Қазақстан EXPO-2017 халықаралық көрмесіне арналып тұрғызылған қымбат инфра­құры­лымды өзге елдердегідей қараусыз қал­дыр­май не күресінге жібермей, әрі қарай пайдалануға ұйғарғаны мә­лім. Сол жоба-жоспар аясында «Астана» орталығы көрме кеше­нінің бір бөлігін мұраға алып, сонда орналасты. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы – өңіріміздегі елдерді өзара байланыстыратын ерекше тұғырнамаға айнала аларына сенім білдірген-тін. Бүгінде орталық біраз жетістікке жетіпті. АХҚО-ның қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті негізгі қорытындыларын жариялады. Нақтырақ тоқталсақ, 2020 жылы орталықта жаңадан 287 қатысушы тіркелді. Нәтижесінде, АХҚО-да АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Сингапур, Италия, Финляндия, Малайзия, Оңтүстік Корея, Ресей секілді барлығы 49 ел­ден 650 компания тіркеуге тұр­ды. Олардың арасында актив кө­лемі бойынша әлемде екінші орын­­дағы Қытай Құрылыс банкі, Қы­тай Даму банкі секілді қаржы институттары, CITIC, Wood Co сияқты әлемдік ірі брокерлер және даму институттары бар. Осы компаниялар отандық өндіріс, қаржы технологиялары, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секторларына жарты миллиард доллар көлемінде инвестиция құйды. Өткен жылдың қыркүйегінде орталыққа тіркеу процесі 100% онлайн режиміне өтті. Сонымен бірге тіркеу мерзімі 2018 жылғы 7 күннен 2020 жылы 1 күнге дейін қысқарды. Инвестицияларды сату және сатып алу бойынша бір жыл ішінде әртүрлі платформаға негізделген 5 жаңа қаржылық қызмет енгізілген. Сөйтіп, АХҚО-да ұсыну­ға болатын қаржылық қызметтердің жалпы саны 35-ке жетті. 2020 жылдың 9 айында орталық қатысушылары ел бюджетіне 5,678 млрд теңге салық пен алым төлепті. Салыстыру үшін айтсақ, бүкіл 2019 жылы АХҚО қатысу­шылары 7 миллиард теңге алым-­салық аударған екен. Орталықта тіркелген ком­пания­лардан жиналатын алым-салықтың артуы АХҚО-ға 2023 жыл­­ға қарай өзін-өзі ақтайтын деңгейге шығуға мүмкіндік беретін көрінеді. АХҚО биржасында листинг­тен өткен, яғни акцияларын саудалаған «Қазатомөнеркәсіп», Poly­metal, Қазақстан Халық бан­кі, Ferro Alloy Resources Limi­ted, Kcell, Kaspi.kz секілді компаниялардың жалпы нарықтық капиталдануы 16 миллиард доллардан асты.

Орталық судьялары қалай жұмыс істеуде?

АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) 2020 жыл­ғы нәтижелерін жариялады. Бұл екеуі өз қызметін 2018 жылғы 1 қаңтарда бастағаны мәлім. Содан бері АХҚО соты және арбитраждық орталығы жалпы алғанда 296 істі табысты шешіпті. Соның ішінде 291 іс 2020 жылы қарастырылды. АХҚО сотына 12 іс табыс­талды және олар бойынша 9 ше­­­­шім шығарылды. ХТО-да төрелік талқылау мен медиацияны талап ететін 282 іс шешімін тапты. Төрелік істердің саны едәуір өсті, бірақ істердің көпшілігі үкімге жеткізілмей, б­і­тім-медиация арқылы шешілген. ХТО-да дауларды медиация жолымен реттеу арқасында осы істер бойынша одан әрі судьяның төре­лік етуі немесе сот талқы­лауын жүргізу қажеттілігі қалмаған. Істерге Ресей, Қытай, Өзбекс­тан және Ұлыбритания секілді 11 елдің тараптары қатысты. Ал Қазақстаннан 11 қала мен облыс тартылған. Даулар борыштық міндеттемелерге, өзге де қаржы мәселелеріне, қызметтер көрсетуге, еңбек қатынастарына, мүлікке, жер меншігіне қатысты туындаған болып шықты. «Қолданыстағы құқықтық нор­малардың қатарына АХҚО, Қазақстан және Ресей заңдары кірді. Барлық қаулы мен төрелік шешім АХҚО сотының бірегей қадамдық процедурасын пайдалана отырып, 100% орындалды» деп хабарлады қаржы орталығы. Айта кету керек, 2020 жылғы наурызда COVID-19 жаһандық пандемиясының басталуына байланысты АХҚО соты мен ХТО барлық жұмысын онлайн режимге ауыстырыпты. Сондай-ақ қызметтерін үздіксіз атқаруға қол жеткізді. Барлық дау электронды түрде шешілді: бұл eJustice электрондық сот ісін жүргізу жүйесін қолдана отырып жүзеге асырылды. Барлық дауды реттеу және шешу, сотқа дейінгі және сот тыңдауларын өткізу үшін зама­науи бейнетехнологиялар қолданылды. АХҚО сотында тараптардың мүдделерін қорғау үшін жалпы саны 222 заңгер тіркелген. Арасында АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия және басқа да Еуропа, Орталық Азия, Африка, Азия өңірлеріндегі 23 елдің (25 юрисдикцияның) заңгері бар. Айта кетер жайт, АХҚО соты мен ХТО-ның дауларды реттеу жөніндегі үлгілік ережелері қазір 4 мыңнан астам бизнес келісімшартқа, мысалы Шеврон мен «Теңізшевройл» ЖШС компания­ларының қатысуымен жасалған келісімшарттарға енгізілді.

Болашаққа сенімі зор

АХҚО-ның осы құрылымдары дауларды реттеудің жергілікті жә­не халықаралық орталықтарымен, заңгерлер қауымдастық­тарымен және оқыту бойынша серіктестермен өзара түсіністік туралы 31 меморандумға қол қойды. Орталық елімізде халықаралық деңгейдегі заңгерлерді, адвокаттар мен судьяларды даярлауға өз үлесін қосуда. Қазақстанның 2 мыңнан астам азаматы АХҚО со­ты мен ХТО-да дауларды реттеу жөніндегі халықаралық стандарттарға сай оқытудан өтті. «Жалпы, 2020 жыл АХҚО соты мен ХТО үшін айтулы жыл болды. Жаһандық пандемия тудырған қиын­дықтарға қарамастан, оның дауларды шешу қызметтері бүкіл әлемдегі бизнес пен іскер адамдар үшін тартымды бола түсті. Жаңа серіктестік қарым-қатынастарды құру және оқытудың ауқымды бағ­дар­ламаларын жүргізу нәтижесінде біз сот істерінің санын едәуір ұлғайтуға, сот және төрелік шешімдерді табысты орындауға қол жеткіздік. Сондай-ақ Қазақ­станның және Орталық Азияның заңгерлік қоғамдастығын дамытуға елеулі үлес қостық. Осы ке­зең­де күткенімізден асып түс­кен, салмақты нәтижелерге қол жеткіздік. Енді болашаққа деген өршіл жоспарымыз бар», – дейді АХҚО сотының және ХТО-ның тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт. Іске қосылған үш жыл ішінде «Астана» халықаралық қаржы ор­­та­лығы әлемдік деңгейде танылды. Бұған, мысалы Ұлыбританияның Корольдік салық және кеден қызметі АХҚО-ға «таныл­ған қор биржасы» деген мәртебе беруі дәлел. Ресми дерек бойынша, мұн­дай мәртебеге тіпті Ресей биржалары да қол жеткізе алмапты. Осылайша, АХҚО – ТМД және Орталық Азия елдерінде әл­­гіндей мәртебеге ие жалғыз сау­да алаңы болып отыр. Қаржы орталықтарының жа­­һан­дық индексінің былтырғы шы­ғарылымына сәйкес, АХҚО дүниежүзіндегі 108 қаржы орталығы арасында 72-орында тұр.  

Елдос СЕНБАЙ