Биыл 150 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді. Соңғы қоңырау салтанаты әр аймақтың коронавирус матрицасына сәйкес ұйымдастырылады. Осы тұста мұғалімдерге сыйлық беру, гүл сыйлау мәселесі әлі де трендте. Қалада тұратын ата-аналар ақша жинамаймыз деп ақталғанымен, ауылды жерде бұл «дәстүрдің» әлі де барын білеміз. Ал елорда түлектері іс-шараға қалай дайындалып жатыр? Бір шоқ гүл қанша теңге тұрады?
20 минуттық салтанат
Бұдан бұрын брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова соңғы қоңырау салтанатын өткізу жайын тәптіштеп түсіндірген. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін штат режимінде оқыған, 300-ге дейін оқушысы бар мектеп іс-шараны оффлайн форматта өткізеді. Әрине, 9 және 11-сынып оқушылары үшін таза ауада соңғы қоңырауды соғуға рұқсат. Ал кейбір сыныптар қажет деп тапса, сынып ішінде шағын іс-шара өткізуіне болады. Осыған дейін қашықтан білім алған шәкірттерге соңғы қоңырау онлайн соғылады. Мәселен, елордадағы бірқатар мектептің оқушылары ата-аналарымен бірге Zoom-да бас қосып, ортақ фотоға түсіп, тілек айтып тарқасқан. 25 мамыр 9-11-сынып оқушылары үшін айтулы күн екені даусыз. Сол үшін министрлік санитарлық норманы сақтай отыра, мектеп аумағында жиналуға рұқсат берді. Яғни, іс-шара өңірдегі бас санитарлық дәрігердің келісімімен өткізіледі. 11-сынып түлегі Әсел Қанатқызының айтуынша, соңғы қоңырау салтанаты 20 минутқа созылады. Таңғы сағат 10.00-ден бастап әр сыныпқа осынша уақыт берілген. 20 минут ішінде апайлармен кездесіп, гүл шоқтарын тапсырып, ата-аналар тілек айтып үлгеруі керек. Мектеп ұжымы санитарлық талапты сақтап, індетті өршітпеу үшін осындай шешімге келген екен. Кейбір ауыл-аймақта соңғы қоңырауға тек 11-сынып оқушылары мен мұғалімдер ғана қатысады. Мәселен, Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ІІІ тоқсанда оффлайн форматқа көшкенімен, тоқсан соңына қарай қайта онлайнға ауысыпты. Өйткені ауылда инфекция таралуы жиілеген екен. А.Розыбакиев атындағы орта мектеп мұғалімі Зәуре Бексұлтанқызы 11-сынып оқушыларының ғана іс-шараға қатысатынын құптайды. 1,5 жыл бойы оқушылардың онлайн форматқа үйренгенін, сақтықтың маңызды екенін атап өтті. Іс-шараның онлайн форматта өткені ата-ана үшін тиімді. Өйткені оқу жылының соңын шығынсыз аяқтайды. Мектепке баласын жетектеп барса, ұстазына алғыс ретінде гүл сыйлауы керек. Осы тұста министр А.Аймағамбетов мұғалімге гүл сыйлауды жемқорлықпен шатастырмауды сұрады. Бірақ гүл бағасының 2 АЕК-тен асып кетпеуін қадағалау жағы тағы бар. Сіз қанша теңгеге гүл алдыңыз, жас түлек?Сыйлық күтіп жүрсіз бе?
Вице-министр педагогикалық әдеп қағидатына сай, әртүрлі сыйлық алуға рұқсат етілмейтінін айтқан-ды. Биыл сыйлық пен гүл мәселесі БАҚ пен әлеуметтік желіде қызу талқыланғаннан кейін бе, ауыл-аймаққа да сыйлық бермеу туралы «заң» бары жеткен екен. Мысалы, елорда түлегі Әсел Қанатқызы ұстаздарға арналған букеттің бағасы 5 мың теңге тұратынын, ішінде 15 раушан гүлі барын айтты. Сынып болып әр мұғалімге сатып алғандықтан, сатушы гүл шоғын көтерме бағамен берген. Ол мұғалімге гүл сыйлау құрметтің белгісі екенін тілге тиек етті. Кез келген оқушы көтерме бағамен гүл сатып ала алмайтыны белгілі. Осы тұста қаладағы гүл дүкендерінен баға жайын сұрастырдық. Мәселен, Leika_kazakhstan гүл дүкені арнайы мектеп бітірушілеріне арнап, еуробукет бағасын 3 500 теңгеден бастаған. «Бастаған» сөзіне назар аударсаңыз, баға гүл санына байланысты өсетінін ескеріңіз. Еуробукеттердің 20, 30, 40 мың теңгеден асатын да түрі бар. Ал раушан гүлдеріне келсек, 15 раушан – 9 900 теңге, 21 раушан – 13 800 теңге, 25 раушан 13 700 теңге екен. Яғни, 25 раушан алсаңыз, біреуін 500 теңгеден береді. Қызығы сол, елордадағы бұл дүкенде еуробукеттер қалмапты. Тек раушанның түр-түрі бар. Биыл еуробукеттердің сәнге айналғаны бар, сондықтан оқушылардың таңдауы да соған сай екенін топшыладық. Ал Romantic.kz гүлдер желісі іс-шараға арнап жасаған бейнеролигінде орташа бойлы еуробукеттің 25 800 теңге тұратынын байқауға болады. Жоғарыда айтқанымыздай, гүл мен сыйлық сыйлау мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Facebook-тегі төмендегі пікір біздің де назарымызды аударды. «Оқушымның сыйлығы мен үшін ерекше қуаныш. Англиядан Альмира керемет бренд сөмке жіберді. Мақтанып ұстап жүрмін. Нұр-Сұлтан қаласынан Ақботаның әжесі курьермен корзина толы раушан гүлдерін жібергендегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Сыйлық алып, байып кеткен шығар десеңіз, қонаққа келіңіз» деп жазған мұғалім Нағима Сағатова. Ал Салтанат Ибрагимованың: «Өзіміз де сыйлық, гүл бердік. Ол кездің ата-аналарының пейілі кең, көңілі дарқан, ұстазға деген құрметі ерекше болды. Қазір ше? Ұстаз кім? Ол дәл бүгінгі қоғамда ата-ана үшін сыйлық күтуші болып қалған. Бір әріп үйреткен адамға қаншалықты құрмет көрсетсеңіз де артық етпес» деген пікірін оқып ойланып қаласың. Расымен, қоғамның пікірі өзгерген бе? Сіз бен біз үшін ұстаз сыйлық дәметкен тұлғаға айналды ма? Мәселен, ата-ана Бәтима Шежінбаева кейінгі кезде гүлге ғана ақша жинайтынын, бұрынғыдай сыйлыққа деп жиі ақша жинау келмеске кеткенін айтады. «Бұрын бастауыш сыныпта оқытқан мұғаліміне бір, сынып жетекшісі мен пән мұғаліміне бір сыйлық жасайтынбыз. Мұғалімдер күні қарсаңында сыйланатын ыдыс-аяқ бір бөлек. Қазір ақша жинамаймыз. Кім шын көңілден бергісі келеді, соған мархабат», – дейді ата-ана. Алайда қайткен күнде де мұғалім оқушыдан сыйлық күтпегені жөн. Білім бергені үшін алатын жалақысы мен үстемеақысы бар. Еңбегіне сай айлық табысы түсіп отыр. Мәселен, шахтер жер қазғаны үшін қосымша сыйлық сұрамайды. Мұның бәрі құқықтық қоғамды қалыптастырушы фактор. Әркім құқын біліп, қай кезде ненің дұрыс екенін бағамдағанда қоғам ілгері дамиды. Ал мұғалімге гүл сыйлау не сыйламау оқушының еншісіндегі дүние. Көңілден орын алған мұғалімге гүл де, құрмет те өз аяғымен келері белгілі.Айбике ЖАНАСЫЛ