Соңғы қоңыраудағы гүлдер шеруі
Соңғы қоңыраудағы гүлдер шеруі
232
оқылды

Биыл 150 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді. Соңғы қоңырау салтанаты әр аймақтың коронавирус матрицасына сәйкес ұйымдастырылады. Осы тұста мұғалімдерге сыйлық беру, гүл сыйлау мәселесі әлі де трендте. Қалада тұратын ата-аналар ақша жинамаймыз деп ақталғанымен, ауылды жерде бұл «дәстүрдің» әлі де барын білеміз. Ал елорда түлектері іс-шараға қалай дайындалып жатыр? Бір шоқ гүл қанша теңге тұрады?

20 минуттық салтанат

Бұдан бұрын брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шол­пан Каринова соңғы қоңырау салтанатын өткізу жайын тәп­тіштеп түсіндірген. Оның ай­туынша, осы уақытқа дейін штат режимінде оқыған, 300-ге дейін оқушысы бар мектеп іс-шараны оффлайн форматта өткізеді. Әрине, 9 және 11-сынып оқушы­лары үшін таза ауада соңғы қоңырауды соғуға рұқсат. Ал кейбір сыныптар қажет деп тапса, сынып ішінде шағын іс-шара өткізуіне болады. Осыған дейін қашықтан білім алған шә­кірттерге соңғы қоңырау онлайн соғылады. Мәселен, елордадағы бірқатар мектептің оқушылары ата-аналарымен бірге Zoom-да бас қосып, ортақ фотоға түсіп, тілек айтып тарқасқан. 25 мамыр 9-11-сынып оқу­шылары үшін айтулы күн екені даусыз. Сол үшін министрлік санитарлық норманы сақтай оты­ра, мектеп аумағында жина­луға рұқсат берді. Яғни, іс-шара өңір­дегі бас санитарлық дәрігердің келісімімен өткізіледі. 11-сынып түлегі Әсел Қанатқызының ай­туынша, соңғы қоңырау салта­наты 20 минутқа созылады. Таңғы сағат 10.00-ден бастап әр сыныпқа осынша уақыт берілген. 20 минут ішінде апайлармен кездесіп, гүл шоқтарын тапсырып, ата-аналар тілек айтып үлгеруі керек. Мектеп ұжымы санитарлық талапты сақ­тап, індетті өршітпеу үшін осын­дай шешімге келген екен. Кейбір ауыл-аймақта соңғы қоңырауға тек 11-сынып оқу­шылары мен мұғалімдер ғана қатысады. Мәселен, Алматы об­лысы Пенжім ауылындағы мектеп ІІІ тоқсанда оффлайн фор­матқа көшкенімен, тоқсан соңына қарай қайта онлайнға ауысыпты. Өйткені ауылда инфекция тара­луы жиілеген екен. А.Розыбакиев атындағы орта мектеп мұғалімі Зәуре Бек­сұлтанқызы 11-сынып оқушыларының ғана іс-шараға қатысатынын құптайды. 1,5 жыл бойы оқушылардың онлайн форматқа үйренгенін, сақтықтың маңызды екенін атап өтті. Іс-шараның онлайн форматта өткені ата-ана үшін тиімді. Өйт­кені оқу жылының соңын шы­ғынсыз аяқтайды. Мектепке ба­ла­сын жетектеп барса, ұстазына алғыс ретінде гүл сыйлауы керек. Осы тұста министр А.Айма­ғам­бетов мұғалімге гүл сыйлауды жемқорлықпен шатастырмауды сұрады. Бірақ гүл бағасының 2 АЕК-тен асып кетпеуін қада­ғалау жағы тағы бар. Сіз қанша теңгеге гүл алдыңыз, жас түлек?

Сыйлық күтіп жүрсіз бе?

Вице-министр педагогикалық әдеп қағидатына сай, әртүрлі сый­лық алуға рұқсат етілмейтінін айтқан-ды. Биыл сыйлық пен гүл мәселесі БАҚ пен әлеуметтік же­ліде қызу талқыланғаннан кейін бе, ауыл-аймаққа да сыйлық бер­меу туралы «заң» бары жеткен екен. Мысалы, елорда түлегі Әсел Қанатқызы ұстаздарға арналған букеттің бағасы 5 мың теңге тұра­тынын, ішінде 15 раушан гүлі барын айтты. Сынып болып әр мұғалімге сатып алғандықтан, са­тушы гүл шоғын көтерме баға­мен берген. Ол мұғалімге гүл сый­лау құрметтің белгісі екенін тілге тиек етті. соңғы қоңырау Кез келген оқушы көтерме ба­ғамен гүл сатып ала алмайтыны белгілі. Осы тұста қаладағы гүл дүкендерінен баға жайын сұрас­тырдық. Мәселен, Leika_kazakhstan гүл дүкені арнайы мектеп бітірушілеріне арнап, еуробукет бағасын 3 500 теңгеден бастаған. «Бастаған» сөзіне назар аудар­саңыз, баға гүл санына байла­нысты өсетінін ескеріңіз. Еуро­букет­тердің 20, 30, 40 мың тең­­геден асатын да түрі бар. Ал рау­шан гүлдеріне келсек, 15 раушан – 9 900 теңге, 21 раушан – 13 800 теңге, 25 раушан 13 700 теңге екен. Яғни, 25 раушан алсаңыз, біреуін 500 теңгеден береді. Қызығы сол, елордадағы бұл дүкенде еуробу­кеттер қалмапты. Тек раушанның түр-түрі бар. Биыл еуробукеттердің сәнге айналғаны бар, сондықтан оқушылардың таңдауы да соған сай екенін топшыладық. Ал Romantic.kz гүлдер желісі іс-шараға арнап жасаған бейнеролигінде орташа бойлы еуробукеттің 25 800 теңге тұратынын байқауға болады. Жоғарыда айтқанымыздай, гүл мен сыйлық сыйлау мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Facebook-тегі төмендегі пі­кір біздің де назарымызды ау­дарды. «Оқушымның сыйлығы мен үшін ерекше қуаныш. Ан­глиядан Альмира керемет бренд сөмке жіберді. Мақтанып ұстап жүрмін. Нұр-Сұлтан қаласынан Ақботаның әжесі курьермен ко­р­зина толы раушан гүлдерін жі­бергендегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Сыйлық алып, байып кеткен шығар десеңіз, қонаққа келіңіз» деп жазған мұ­ғалім Нағима Сағатова. Ал Салтанат Ибрагимованың: «Өзіміз де сыйлық, гүл бердік. Ол кездің ата-аналарының пейілі кең, көңілі дарқан, ұстазға деген құрметі ерекше болды. Қазір ше? Ұстаз кім? Ол дәл бүгінгі қоғамда ата-ана үшін сыйлық күтуші болып қалған. Бір әріп үйреткен адам­ға қаншалықты құрмет көр­сетсеңіз де артық етпес» деген пікірін оқып ойланып қаласың. Расымен, қоғамның пікірі өзгерген бе? Сіз бен біз үшін ұстаз сыйлық дәметкен тұлғаға айналды ма? Мәселен, ата-ана Бәтима Шежінбаева кейінгі кезде гүлге ғана ақша жинайтынын, бұрын­ғыдай сыйлыққа деп жиі ақша жинау келмеске кеткенін айтады. «Бұрын бастауыш сыныпта оқыт­қан мұғаліміне бір, сынып жетек­шісі мен пән мұғаліміне бір сыйлық жасайтынбыз. Мұға­­­лім­дер күні қарсаңында сыйланатын ыдыс-аяқ бір бөлек. Қазір ақша жинамаймыз. Кім шын көңілден бергісі келеді, соған мархабат», – дейді ата-ана. Алайда қайткен күнде де мұ­ғалім оқушыдан сыйлық күт­пегені жөн. Білім бергені үшін алатын жалақысы мен үстеме­ақысы бар. Еңбегіне сай айлық табысы түсіп отыр. Мәселен, шахтер жер қаз­ғаны үшін қосымша сыйлық сұра­майды. Мұның бәрі құқықтық қо­ғамды қалыптастырушы фак­тор. Әркім құқын біліп, қай кезде ненің дұрыс екенін бағамдағанда қоғам ілгері дамиды. Ал мұғалімге гүл сыйлау не сыйламау оқушы­ның еншісіндегі дүние. Көңілден орын алған мұғалімге гүл де, құрмет те өз аяғымен келері бел­гілі.  

Айбике ЖАНАСЫЛ