Биыл 150 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді. Соңғы қоңырау салтанаты әр аймақтың коронавирус матрицасына сәйкес ұйымдастырылады. Осы тұста мұғалімдерге сыйлық беру, гүл сыйлау мәселесі әлі де трендте. Қалада тұратын ата-аналар ақша жинамаймыз деп ақталғанымен, ауылды жерде бұл «дәстүрдің» әлі де барын білеміз. Ал елорда түлектері іс-шараға қалай дайындалып жатыр? Бір шоқ гүл қанша теңге тұрады?
20 минуттық салтанат
Бұдан бұрын брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова соңғы қоңырау салтанатын өткізу жайын тәптіштеп түсіндірген. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін штат режимінде оқыған, 300-ге дейін оқушысы бар мектеп іс-шараны оффлайн форматта өткізеді. Әрине, 9 және 11-сынып оқушылары үшін таза ауада соңғы қоңырауды соғуға рұқсат. Ал кейбір сыныптар қажет деп тапса, сынып ішінде шағын іс-шара өткізуіне болады. Осыған дейін қашықтан білім алған шәкірттерге соңғы қоңырау онлайн соғылады. Мәселен, елордадағы бірқатар мектептің оқушылары ата-аналарымен бірге Zoom-да бас қосып, ортақ фотоға түсіп, тілек айтып тарқасқан. 25 мамыр 9-11-сынып оқушылары үшін айтулы күн екені даусыз. Сол үшін министрлік санитарлық норманы сақтай отыра, мектеп аумағында жиналуға рұқсат берді. Яғни, іс-шара өңірдегі бас санитарлық дәрігердің келісімімен өткізіледі. 11-сынып түлегі Әсел Қанатқызының айтуынша, соңғы қоңырау салтанаты 20 минутқа созылады. Таңғы сағат 10.00-ден бастап әр сыныпқа осынша уақыт берілген. 20 минут ішінде апайлармен кездесіп, гүл шоқтарын тапсырып, ата-аналар тілек айтып үлгеруі керек. Мектеп ұжымы санитарлық талапты сақтап, індетті өршітпеу үшін осындай шешімге келген екен. Кейбір ауыл-аймақта соңғы қоңырауға тек 11-сынып оқушылары мен мұғалімдер ғана қатысады. Мәселен, Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ІІІ тоқсанда оффлайн форматқа көшкенімен, тоқсан соңына қарай қайта онлайнға ауысыпты. Өйткені ауылда инфекция таралуы жиілеген екен. А.Розыбакиев атындағы орта мектеп мұғалімі Зәуре Бексұлтанқызы 11-сынып оқушыларының ғана іс-шараға қатысатынын құптайды. 1,5 жыл бойы оқушылардың онлайн форматқа үйренгенін, сақтықтың маңызды екенін атап өтті. Іс-шараның онлайн форматта өткені ата-ана үшін тиімді. Өйткені оқу жылының соңын шығынсыз аяқтайды. Мектепке баласын жетектеп барса, ұстазына алғыс ретінде гүл сыйлауы керек. Осы тұста министр А.Аймағамбетов мұғалімге гүл сыйлауды жемқорлықпен шатастырмауды сұрады. Бірақ гүл бағасының 2 АЕК-тен асып кетпеуін қадағалау жағы тағы бар. Сіз қанша теңгеге гүл алдыңыз, жас түлек?Сыйлық күтіп жүрсіз бе?
Вице-министр педагогикалық әдеп қағидатына сай, әртүрлі сыйлық алуға рұқсат етілмейтінін айтқан-ды. Биыл сыйлық пен гүл мәселесі БАҚ пен әлеуметтік желіде қызу талқыланғаннан кейін бе, ауыл-аймаққа да сыйлық бермеу туралы «заң» бары жеткен екен. Мысалы, елорда түлегі Әсел Қанатқызы ұстаздарға арналған букеттің бағасы 5 мың теңге тұратынын, ішінде 15 раушан гүлі барын айтты. Сынып болып әр мұғалімге сатып алғандықтан, сатушы гүл шоғын көтерме бағамен берген. Ол мұғалімге гүл сыйлау құрметтің белгісі екенін тілге тиек етті.Айбике ЖАНАСЫЛ