Әлем чемпионатындағы сенсация
Әлем чемпионатындағы сенсация
200
оқылды

Шайбалы хоккейден Латвияның Рига қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионаты түрлі сенсациямен басталды. Бастапқы екі ойынның өзінде құрамалар арасында көпшілік күтпеген нәтижелер тіркелді. Латвия құрамасы өз тарихында бірінші рет Канададан басым түсті. Беларусь хоккейшілері шведтерді жеңіп сенсация жасаса, Қазақстан құ­ра­масы турнирдің басты фаворит­тері­нің бірі саналған Финляндияны сан соқ­тырып кетті.

Булиттер сериясында Латвияны 3:2, Финляндияны 3:1 есебімен жеңген Қазақстан төрт ұпаймен В тобында екінші орында тұр. Осылайша, біздің жігіттер плей-офф кезеңіне жолдама алуға бір табан жақындады. Топтағы жағдай төмендегідей: Германияда – 6, Қазақстанда – 4, Латвияда – 4, Финляндия- да – 4, АҚШ-та – 3, Норвегияда 3 ұпайдан бар. Ал Канада мен Италияда әзірге ұпай жоқ. Қазір барлық команда екі кездесуден өткізіп үлгерді. Келесі ойында Қазақстан азулы АҚШ құрамасымен маңызды ұпайды сарапқа салады. Ұлттық құрама жаттықтырушысының ұлы шабуылшы Никита Михайлис қос кездесуде де нәтижелі ойынымен көзге түсіп, үздіктер қатарынан көрінді. Пас та берді, буллиттер сериясында қақпаны да дәл көздеді. Құрама қақпашысы Никита Бояркин де мамандардың мақтауына ілікті. Айтпақшы, Никита Қазақ­стан құрамасы сапында Латвиямен өткен ойында дебютті матчын өткізді. Қазақстандық паспорты бар Хенрик Карлссонды ауыстырған «Сарыарқаның» қақпашысы көпшілікті сенімді ойынымен тәнті етті. Қақпашы әлем чемпиондарымен өткен матчта фин хок­кейшілерінің елуден астам соққысын қай­тарды. Ойыннан кейін Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Юрий Михайлис кездесуден алған әсерімен бөлісті. – Біз матч басталмай жатып-ақ жеңіске жететінімізге сенімді болдық және жеңіс үшін ойнадық. Үмітіміз ақталды. Ынтымағы жарас­қан командамның арқасында үздік нәтижеге қол жеткіздік. Жігіттер соңына дейін ойнады, жанқиярлық танытты. Ең бастысы, өз күші­міз­ге сендік. Кейбір сәттерде, тіпті ойын ба­рысында Финляндия құрамасы бізден басым болды, бірақ біз соңына дейін күрестік, – дейді бас бапкер. Қазақстаннан жеңілген соң Финляндия құрамасының жаттықтырушысы Юкка Ялонен ойынның жоғары қарқынмен өр­бігенін, бірнеше шайба соғатын мүмкіндіктері болғанын,  алайда көп шабуылды сәтті аяқтай алмағанын айтты. «Ойын барысында қақпаға елу соққы бағыттаппыз. Ал қарсылас ко­мандада шайба соғатын төрт мүмкіндік болған. Осыдан-ақ ойын қай құраманың басымдығымен өткенін білуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге сәттілік жетіспеді» деген өкінішін білдірді фин жаттықтыру­шысы. әлем чемпионаты Қазақстан құрамасының қазіргі әлем чемпиондарын қапы қалдыруы сенсациялық жеңіске баланды. Ойын қорытындысына әлем елдерінің БАҚ өкілдері де таңданысын білдірді. Хоккейден қысқы Лиллехаммер Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы, SVT телеарнасында сарапшы ретінде қонақта болған Хокан Лоб эфирде біздің құрамаға: «Қазақстан құрамасы – әлемдегі қарымта шабуылы мықты ең үздік құрама» деп баға берді. КХЛ вице-президенті Валерий Каменский Әлем чемпионатындағы көптеген күтпеген нәтижелерге қатысты ойын айтып, фин ойын­шыларын жеңген Қазақстан хоккейшілері мен латыштарды жеңген Ресей құрамасының топтан шығуға мүмкіндіктері жоғары екенін ерекше атап өтті. Ригалық «Динамо» коман­дасының бұрынғы бас бапкері Гирц Анкипанс те Қазақстанның B тобында топ бастауына шамасы жететінін айтып қалды. – Швеция құрамасының алғашқы екі матчта беларусьтер мен даниялықтарға жеңілгені мен үшін тосын жағдай болды. Енді Тре Кронор командасына плей-оффқа шығу өте қиын болады. Ал қазақтарға келетін болсақ, мен олардың екі кездесуін де мұқият бақыладым. Алдымен Латвия құрамасына қарсы тәп-тәуір ойнап, жеңіске жетті. Бірақ финдерді жеңеді деп ойлаған жоқпын. Өйткені Латвия – Қазақстан матчы түнде аяқталды. Жексенбіде сағат 16.15-те олар финдермен күш сынасты. Қазақстан турнир иелеріне қарсы ойында қарсыластан бір бас жоғары болды. Ал екінші ойында көбірек қорғауға көбірек қорғанысқа иек артты. Буллиттер сериясында шеберліктерін көрсе­тіп, сенімді түрде жеңіске жетті. Мына қарқынымен Қазақстан алдағы ойындарында да жақсы өнер көрсетіп, топтан шығады деп ойлаймын, – дейді белгілі бапкер. Әу баста мамандар тарапынан пандемияға байланысты Әлем чемпионатына қатысатын 16 команданы қысқарту туралы ұсыныс айтылған. Олардың арасында Латвия, Қазақстан, Беларусь құрамалары да болды. Бірақ ұсыныс қабылданған жоқ. Есесіне қазір бұл құрамалар Канада, Финляндия секілді алыптарды жеңіп, жарыстың көрігін қыздыру­да. Әлем чемпионатында NHL ойыншылары аз болғанымен, жарыстың деңгейі еш төмен­деген жоқ. Элиталық топқа 5 жылдан кейін қайта оралған Қазақстан құрамасы турнирді сәтті бастады. Енді АҚШ және Германия құрама­ларымен кездеседі. Михайлис хоккейшілері осы екі ойында ұпай алып, топтан шығуды мақсат тұтып отыр. Қазірдің өзінде ширек финалға өту үшін маңызды қадам жасалды. Дегенмен алда шешуші ойындар бар. Әр турда сенсациялар тіркеліп жатқан турнирде топтан озғандар соңғы турда анықталуы бек мүмкін.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ