«Инспекторларды адам құрлы көрмейді» – кәсіпкерлер Ұлттық паркте монша, сауна, қонақүй, қора салып алған
«Инспекторларды адам құрлы көрмейді» – кәсіпкерлер Ұлттық паркте монша, сауна, қонақүй, қора салып алған
156
оқылды

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы жеке кәсіпкерлер табиғатқа қастандық жасап жатыр деп дабыл қақты. Айтуынша, жерді 49 жылға жалға алғандар Алма-Арасан шатқалында қора салып, мал өсіруге көшкен. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Орманшының пікірінше, ерекше қорғалатын аумақтағы жалғыз заңсыздық бұл емес. Ауқымды текcеріс жүргізілсе, талай былықтың беті ашылатынына заңгерлер де сенімді. Әлеуметтік желі арқылы Президенттен араша сұраған Қайрат Найзабаев Іле Алатауы табиғи паркінің инспекторы қызметіне кіріскелі жылға жуықтаған. Қорықшының үндеу жариялауына дәл үйінің іргесінде тұрғызылған қора себеп болыпты. Тау бөктерінде кірпіштен қора соғып, мал өсіру еш талапқа сай емес дейді ол.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Қайрат Найзабаев: «Таудың астын қопарып тастаған. Топырақты сырып алып тастаған. Бұл – өте зиян. Сосын қора соққан. Паркте мұндай қора салуға болмайды. Туризмді дамытамыз деген желеумен барлығы бизнес жасап жатыр. Бұл - басшылардың қателігі. Жерді кім көрінгенге таратып беріп жатыр. Бұлай кете берсе, ерекше қорғалатын аң-құс пен өсімдіктен ештеңе қалмайды», – деді.

«Табиғатты аялайық» деген орманшының жанайқайын әзірге еститін құлақ болмай тұр. Тіпті Іле Алатауы ұлттық паркінің басшысы бұл мәселені біле тұра ешқандай шара қолданбаған. «Шарасыз күйге түстім» деген Қайрат табиғатты ластап, оңды-солды құрылыс жүргізетін жалға алушылармен күресіп келетінін айтады. Бірақ нәтиже шамалы. Өйткені парк басшысымен ым-жымы бір кәсіпкерлер қорықшылардың ескертуін елемейді. Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Қайрат Найзабаев: «Жалға алушылардың 90 пайызында іргетасы құйылған осындай нысандары бар. Керек десеңіз, монша да бар. Жалға алушылар инспекторларды адам құрлы көрмейді. Біз оларды ескертіп, айыппұл салатын құқығымыз бар. Бірақ олар бізді пысқырмайды. Әрине, басшылардың істеп отырған ісі ғой», – деді. Іле Алатауы ұлттық паркінде 200 мың гектар жер жалға берілген. Туристер тынығуға барлық жағдай жасалуы тиіс кей кәсіпкерлер қалтасының қамын күйттеп кеткендей. Ең сорақысы, ерекше қорғалатын аумақтағы гектарлаған жер жекенің қолына өтіп кеткенін заңгер Бақытжан Базарбай әшкере қылған. Ол коттедж, сауна сынды түрлі нысанды тұрғызған дөкейлер тұмса табиғатқа қастандық жасап отыр деп қынжылады. Заңгер Бақытжан Базарбай: «Заңсыздық өте көп. Егер Іле Алатауы ұлттық паркін құзырлы органдар тиісті тексерсе, заңбұзушылық ауқымы өте көп. Күн сайын саябақ аумағындағы жерлер заңсыз беріліп отыр. Оны қоғам білмей отыр. Монша, сауна, қонақ үй соғып тастаған. Уәкілетті орган бәрі заңды деп айтады. Сондықтан тәуелсіз тексеру ұйымдастыру керек», – дейді. Алайда қорық басшысы ерекше қорғалатын қорық аумағындағы жерлер ешкімге сатылмайды деп сендіруге тырысты. Ал туризмді дамытпай, талапты бұзған жалға алушылармен келісімшарт бұзылады дейді Дамир Малгелдиев.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Дамир Малгелдиев: «Министрлік табиғатқа зиян келмейтін материалдардан құрылыс жасауға рұқсат береді. Біз ай сайын мониторинг жүргіземіз. Орманшылардан шағым түссе, оны қараймыз. Өзіміз тікелей шығып қараймыз. Бұл жұмыстар бақылауда. 123 шарт жасалған, Іле Алатауы паркінде. 20 шартты бұздық. 25 шартпен соттасып жатырмыз. Ол шарт бойынша, жұмыстар атқармағаны үшін келісімшарт бұзылады», – дейді.

Ұлттық парктің директоры қарамағындағы қызметкерінің сөзін теріске шығарды. Оның айтуынша, мемлекет меншігіндегі жерге инвестор қора салып беріпті-міс. Ол жерге қыста инспекторлардың жылқылары тұрады дейді директор. Қазір қорықшының мәлімдемесін арнайы құрылған комиссия тексеріп жатыр.