Бөбекжайдан дау шықты
Бөбекжайдан дау шықты
385
оқылды
Петропавлда сарапшылар мен ата-аналар мемлекеттік балабақшаның шенеуніктің жұбайына берілуіне нара­зылық танытуда. Солтүстік Қазақстан облысының орта­лы­­ғындағы мемлекеттік 3 ба­­лабақша жеке қолына көшіп кеткен.   «Балам «Балдәурен» бөбек­жайына барып жүр. Бұл мем­лекеттік қазыналық коммунал­дық кәсіпорын. 2020 жыл ба­сында жиналыс болып, сонда бала­бақша жекенің иелігіне өткені жарияланды. Сөйтіп, балалардың тамақтану ақысы қымбаттады. Бұдан бөлек, қосымша ақылы қызметтер енгізілді. Бұрын хорео­графия, ағылшын тілі секіл­ді қызметтер балабақша ақысы құ­­нына кіретін. Енді бұл қызмет­терге жеке төлеуіміз керек», – дейді Петропавл тұрғыны Гүлжан Жаңабаева. 2008 жылы қыркүйекте үл­кен салтанатпен ашылған «Бал­дәурен» бөбекжайы тамаша жа­рақ­талған. Бүлдіршін топтары ай­налысатын бөлмелер кең, күн сәулесіне толы. Тіпті, үлкен бассейн де бар. Ата-аналардың мәлі­метінше, 2019 жылғы жазда мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тиісінше, ғимарат тұтас бір айға жабылған. «Жаңа балабақшаны жеке­шелендірудің заңдылығы сұрақ тудырады. Өйткені жеке қолға беру алдында неге оған ел қар­жы­сына жөндеу жұмыстары жүргізіледі? Яғни, оны иемденген жеке тұлғаға жөндеуге де, жарақ­тандыруға да ешқандай қаржы шығындау қажет болмайды. Тек таза табыс тауып, ақша сауады. Неге басшылар жөндеуді, жаб­дықтауды қажет ететін ескі бала­бақ­шаларды бизнесмендерге бер­мейді? Соларды дамытсын», – дейді ата-аналар атынан әкімге шағым білдірген қоғам белсендісі Гүлжан Жаңабаева. Ал облыс әкімдігінің мәлі­метінше, «Балдәурен» СҚО әкім­дігінің қаулысымен бекітілген МЖӘ аясында 2019 жылы жүзеге асырылатын жобалар тізіміне кір­ді. Соған сәйкес, сенімді бас­қаруға берілді. Сондай-ақ облыс басшылығы күрделі жөндеу жүр­гізілген жоқ деп отыр. «Балабақша тұрғызылғалы күрделі жөндеу жүргізілген емес. 2019 жылдың маусымында ша­тырына ағымдағы жөндеу жүр­гізілді. Ары қарай МЖӘ келісім­шарты бойынша күр­делі жөндеу жасалады және за­манауи жабдықтармен жарақтан­ды­рылады», – деді СҚО әкімдігі.  width= Алайда тек «Балдәурен» ғана емес, басқа екі мемлекеттік бала­бақша да дауға шатылды. Оның бірінде жаңа қожайын орысы көп өңірде сұраныс аз деп, қазақ топтарын жаппай жауып тастаған көрінеді. Петропавлдағы жанжалға прокуратура араласып отыр. Құзырлы орган қоғамға жария болған деректердің анық-қа­ны­ғын тексеруге кіріскен. Жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері де 3 мемлекеттік бала­­бақшаны бизнесмендерге беруге қа­тысты нақты ақпаратты жа­сырды деп білім саласына жетек­ші­лік ететін шенеуніктерді айып­тап жатыр. Кеңес мүшесі Павел Афанасьев жаңа қожайын­дар құятын инвестиция көлемі күлкі туғызатынын жеткізді. «Мысалы, Grand Broker ЖШС он жыл ішінде «Ивушкаға» небәрі 20,4 миллион теңге, яғни жылына 2 миллион теңгеден салмақ. Бұл өте күлкілі сома. Ата-аналардан бір айда одан бірнеше есе ар­тық ақы жинайды. Компания «Балдәуренге» 10 жылда бұдан да аз, небәрі 15,7 млн теңге құймақ. Ал «Баларман» ЖШС «Ақботаға» он жыл бойы бар-жоғы 10,5 миллион теңге бағыттауды жоспарлауда. Девальвация болса, бұл тиын-тебен ғана болып қалады. Осыны да инвестиция деп атай ма?» – деді П.Афанасьев. Ол құжат жүзінде бәрі дұрыс еке­нін, алайда іс жүзінде күмән туды­ратын мәселелер барын жеткізді: «Кімдердің жеңгеніне қараңыз. Бір ЖШС-ны қалалық білім беру бөлімі басшысының күйеуі басқарады. Екінші ЖШС кезінде жанжалға ұшыраған, мек­тептің директоры болған адамға тиесілі», – дейді Павел Афанасьев. Қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Самиевтің айтуынша, қала әкімінің салаға жетекшілік ететін орынбасарын және бі­лім беру бөлімінің басшысын тәртіп­тік жазаға тарту жөнінде ұсыным берілді. Бірақ білім беру бөлімінің басшысы Сара Миронова еңбекке жарамсыздық қағазын ашып, сырқаттанып жатып алған. Айтқандай, ата-аналарының төлемдері сыртында, бюджет осы үш балабақшадағы әр балаға ай сайын 30 мың теңгеден аударып тұрады. Тағы бір гәп: СҚО әкімі МЖӘ нысандарының тізімін бекіту туралы шешімді 2019 жыл­ғы 4 қазанда қабылдапты. Ал 3 балабақша бойынша тендер­ одан 2 ай бұрын, 14 тамыз­да өткізіп қойылған. Сол себепті жер­­гілікті жұрт­шылық «балабақ­шалар билікке жақын адамдарға мол ақша табу үшін берілді» деген ой білдіреді.   Елдос СЕНБАЙ