Пандемиядан жапа шеккен экономика секторлары аз емес. Соның бірі – кино және кинопрокат. Бұл индустрия бір орында тұралақтап қалды. Алайда ертең карантин шектеулері алынса, бұл сала өзінің бастапқы қалпына оралады. Онымен бірге шетелдік киноның нөпірі, олардың қазақ тіліне қате аудармалары, кинотеатрда көрерменге ыңғайсыз уақытта көрсетілетін қазақша кинолар және басқа да мәселе қалпына келмек. Жағдайды түзеу мүмкін бе?
Сәуірдің соңында «Nur Otan» партиясының жанындағы Miras кеңесінде осы мәселелер талқыланды. Нақтырақ айтсақ, ұлттық киноның мәртебесі, кинонарықтағы қазақша фильмдердің үлесі, қаржыландыруы, шетелдік кинолардың қазақ тіліне аудармасындағы жіберілетін қателер, бұл процестегі Мәдениет және спорт министрлігінің рөлі. Отырыста министр Ақтоты Райымқұлова жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз деп көлемді есеп оқыды. Дегенмен сол жұмыстың нәтижесі жемісті болса, партия зиялы қауымның басын қосып, кино тақырыбын мәселе етіп көтермес еді. Өз нарығымызда үлесіміз 10-15%. Сөзімізге дәлел болу үшін келесі сандарды мысал етейік. 2021 жылдың алғашқы тоқсанында 112 жаңа фильм көрсетілді, оның ішінде: 9-ы қазақстандық (9%), 26-сы – ресейлік (23%), 77-сі – шетелдік (68%). Ресей де өзге ел. Сондықтан бұл елдің өнімін де шетелдіктер санатына қосса, онда нарықтағы шеттен келетін киноның үлесі 91%-ға жетеді. Биыл алғашқы үш айда отандық 9 ғана кино көрерменге ұсынылған. Былтыр дәл осы уақытта 17 кино дайындалған. Саны кеміп жатыр. Пандемияның салдары болар деп өз-өзімізді жұбатайық. Ал 2021 жылы үш айда кинопрокаттан түскен ақшаға келсек. Жалпы, ақша 3,3 млрд теңге. Шетелдік өнімнің үлесі 2,7 млрд (80,8%), ресейліктердікі 453 млн (13,4%), ал отандық кино 191 млн теңге жинаған (5,6%). Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, кинопрокаттың жалпы табысы 2 еседей азайған. Ал қазақстандық фильмдердің ақшасы 9 есе кеміген. Себебі 2020 жылы көрермендер отандық фильмдерді көру үшін 1,8 млрд теңге төлеген екен. Қысқасы, Қазақстандағы кинонарықты шетелдік фильмдер билеп-төстеп келеді. Бұрыннан қалыптасқан жағдай. Өйткені өзіміз түсіретін киноның үлесі 10-15% шамасы, 85-90% жырақтан келеді, көрсетіледі, ақшасын алып, шетелге кетеді. Ал жалпы кино көрсетілімнен түсетін ақша аз емес. Пандемияға дейінгі статистикаға қарасақ, азаматтарымыз кино көру үшін 2019 жылы 64 млрд теңге төлеген екен. Міне, осы ақшаның 90 пайызы шетелдерге ағылады деген сөз. Осы сандарға қарап-ақ, министрдің есебі шынайы жағдайды ашып көрсетіп тұрған жоқ деген қорытындыға келуге болады. Алайда қазіргі статус-квоға министр кінәлі деген сөз емес, бұл – 30 жылдық процестің нәтижесі. Дәл бүгінгі кинопрокаттағы фильмдерге көз салайық. Kino.kz сайтының мәліметінше, 19 кино көрсетіліп жатыр. Оның үшеуі ғана отандық өнім және барлығы да жеке студиялардың туындысы. Олар: «Аға», «Без крыши» және «Где мое кольцо». Пайызға шақсақ, отандық киноның үлесі 15 пайыз. 2019 жылы отандық прокатқа 350 фильм шыққан екен, оның 48-і отандық кино болған. Жобалап алсақ, сол 13-15 пайыз шамасы. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, аз. Неге? Салыстырып көрейік. Мәселен, былтыр Ресейде әрбір екінші көрермен ресейлік фильмдерге билет сатып алған. Яғни, билет сатылымында ресейлік киноның үлесі 50 пайызға жеткен, сондай-ақ кинопрокаттан түскен барлық ақшаның 46 пайызы ресейлік фильмдер еншісінде болған. 400 мың доллардан аспасын. Сонымен, отандық киноөндіріс неге өз елінде доминант бола алмай отыр? Киномамандардың пікірін зерттесек, оған бірнеше себеп бар. Қазақстандық фильмдердің басым бөлігі комедия және орыс тілінде түсірілетінін аңғару қиын емес. Жұрттың бәрі түсінсін деп қазақ актерлерін орысша сөйлетеді және шығыны аз, жұртқа жақын деп комедия жанрын таңдайды. Төл өнімді өндіруге көшкен мамандар отандық фильм бюджеті 400 мың доллардан асса, ол өз шығынын ақтамайды деген пікірде. Мысалы, «Сабина келін» фильмінің бюджеті – 161 мың доллар, «Жұлдызға арналған коктейль» фильмі 350 мың долларға түсірілді. Ал алғаш рет 1 млрд теңге жинады деген «Кореядағы қазақы бизнес» фильмінің бюджеті 400 мың доллар екен. Ендеше неге 400 мың доллар отандық кино үшін «жоғары шек» саналады? Бірнеше фактор бар. Елде халық саны аз, яғни көрермен де көп емес. Көп техника шетелден келеді. Оны долларға сатып алады. Ал кинотеатрдағы билет теңгеде сатылады. Долларды теңгеге шаққанда шығын көбейеді. Актерлердің де тәуліктік гонорары өсті. Өйткені соңғы жылдары отандық телеарналар сериал өндірісін көбейтіп, актерлердің сұранысын арттырды. Кинотеатр саны да көп емес. Ел бойынша 2020 жылдың басында 91 кинотеатрда 400 кинозал болған. Пандемиядан соң жабылып қалғаны қаншама? Семейдегі «Еңлік-Кебек», Алматыдағы Silkway және «Номад» кинотеатрлары банкрот болмау үшін жабылатыны хабарланған еді. Продюсерлер қазақстандық кино өзін-өзі ақтау үшін кемі 1 500 кинозал қажет дейді. Сонда отандық киноға жұмсалған шығын ақталуы бек мүмкін. Бұл коммерциялық киноиндустриядағы жағдай. Шығыны мол мемлекеттік кино. Ал енді мемлекеттік бюджет есебінен түсірілетін киноларға келсек. Бұл саладағы тірегіміз сол баяғы «Қазақфильм». Кезінде «Көшпенділерді» 34 млн долларға түсіріп, аузымыз күйді емес пе?! Жалпы, бюджет ақшасына түсірілген кинолардың өз шығынын ақтағаны жоқ сынды. «Қазақфильм» киностудиясының сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, 2010-2018 жылдар аралығында мемлекет қаржысына 85 көркемфильм түсірілген. Казтаг сайтының мәліметінше, «Ликвидатор» (2011) бюджеті 352 млн теңгені құраған, кинопрокатта 56 млн теңге жинады. «Жаужүрек мың бала» (2012) 2 млрд 187 млн теңгеге түсірілсе, билет тек 128 млн теңгеге сатылған. «Анаға апарар жол» (2014) фильмінің шығыны 1 млрд 850 млн теңгені құраса, пайдасы 34 млн теңге болған екен. Атышулы «Томирис» те шығынын ақтамаған. Бюджеттен 3 млрд 850 млн жұмсалса, кинопрокаттан 562 млн теңге жиналған. Яғни, «Қазақфильм» түсірген туындылардың арасында «Ликвидатордың» ғана көрсеткіші жоғары, ол өз шығынының бар болғаны 16 пайызын ғана өтеген. Ұлттық киноның үлесі арта ма? Отандық кинонарыққа қарасақ, киноны қаржыландырудың екі көзі қалыптасқан. Бірі – мемлекеттік, екіншісі – жеке инвестордың ақшасы. Оларды жоғарыда сипаттап өттік. 2019 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Негізгі миссиясы – кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, ұлттық фильмдерді кешенді түрде қолдау. Ал ұлттық фильм деген не? Жаңа заңда оған мынадай анықтама берілген: «Халықтың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға және мемлекетке қызмет етуге қабілетті фильм жоғары көркемдік деңгейде жасалуы керек». Сондай-ақ фильм продюсері қазақстандық болуы керек. Фильм авторлары құрамының кем дегенде 50 %-ы қазақстандық болуы тиіс. Ұлттық фильмді шығару, тарату және көрсету Қазақстанда тіркелген ұйымдардың кем дегенде 70%-ын қамтуы керек. Бұл орталық республикалық прокаттағы ұлттық контенттің үлесін кемінде 30% - ға жеткіземіз деп желпінбесе де, алдына сондай мақсат қойған. Қазір отандық фильмдер прокатта 15 пайызға жеткенін және ол жеке студиялардың үлесі екенін жоғарыда жаздық. Жеке студиялар заңдағы «ұлттық фильм» терминіне сай келетін «халықтың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған» туынды түсірмесі анық. Соған қарағанда, бұл орталық отандық кинопрокаттағы ұлттық фильмдердің үлесін жақын аралықта 30 пайызға жеткізе қоюы екіталай деген пессимистік ой айтуға мәжбүрміз. Тек ертең жеке студиялар түсірген орысша комедияларына сәл-пәл ақша құйып, міне ұлттық контентті 30 пайызға жеткіздік деп қолдан статистика құрамаса болғаны. Әр ел өз нарығын қорғайды. Не десек те, отандық кино нарықта шетелдік фильмдердің үлесі орасан мол. Қазақстандық фильм аз, ал ұлттық фильм талабына сай келетіндері тіпті байқалмайды. Әлемде мемлекеттердің өз кино прокатын қорғау тәжірибесі жетерлік. Мысалы, Францияда әр сатылған билеттің 10,72% үлесі кинематография ұлттық орталығына жиналады. Бұл қаражат кейін француздың ұлттық киноларын түсіруге жұмсалады. 2015 жылы Францияда барлық сатылған билет құны 1,3 млрд еуроны құраған, яғни 143 млн еуро әлгі орталықтың есебіне аударылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында Францияның «Такси», «Танцующая в темноте», «13-й район» секілді танымал фильмдері жарық көрді. Ал Кореяда ұлттық киноны көрсетуге 73 күндік квота бар. Кезінде бұл 146 күн еді. Кейін қысқарды. Нидерландтың өз киносын қолдау тәжірибесі де қызық. 2003 жылы құрылған Голланд кино қоры киноөндірісті қаржыландырады, фестивальдар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастырады. Қордың байқауында жеңіске жеткен киножобаға 1 млн еуро қаражат төленеді және елінде тегін кинопрокат қамтамасыз етіледі. 2014-2017 жылдар аралығында бұл қор 245 фильмді қаржыландырыпты, оның 93-і тек нидерланд өнімі саналады. Германияда Кино бойынша неміс федералды кеңесі бар. Тәуелсіз жеке ұйым саналады. Жылдық бюджеті 75 млн еуроны құрайды. Бұл ақша неміс киносын қолдауға жұмсалады. Кинотеатрлар сатылған әр билеттің 1,3-3% үлесін осы кеңеске төлейді. Заң үнемі өзгеріп тұрады, енді Amazon, Netflix сынды стриминг платформалары да әлгі салықты төлеуге мәжбүр. Жапонияда шетелдік киноимпортқа шектеу бар. Ол жалпы прокаттың 54%-дан асып кетпеуі керек. Қытай да өз нарығын қорғайды. Үкімет шешімі бойынша, Қытайда 1 жылда көрсетілетін шетелдік фильмдердің саны 34-тен аспауы тиіс және АҚШ фильмдерінің үлесі 80%-дан жоғары болмауы қажет. Қалауын тапса, қар жанады. Қарап отырсақ, өзге елдер өз кинонарығын қызғыштай қорғауға тырысады және оны цензура деп есептемейді. Өзінің ұлттық кино контентін дамытуға ақшаны аямайды. Бір қызығы, ол ақшаны бюджеттен емес, кинотеатрда әр сатылған билеттен, телеарналарда көрсетілген фильмдерден жинайды. Яғни, нарық есебінен ұлттық киноның бюджеті құралады. Үкімет бұл жерде ұлттық киноның мүддесін қорғаушы әрі үйлестіруші рөлін атқарады. Үйренуге тұрарлық тәжірибе. Осы жайттарды ескере отырып, «Nur Otan» партиясының жанындағы Miras кеңесінде партияның фракциясына бірнеше ұсыныс жасалды. Егер мүмкіндік туса, фракция мүшелері биыл желтоқсан айында «Кинематография туралы» заңға сол ұсыныстарды енгізуі мүмкін. Негізгі мақсат – отандық кино нарығындағы ұлттық киноның үлесін арттыру, шетелдік өнім тасқынын реттеу.Нұрмұхамед БАЙҒАРА