Бұрын базарда өзіміз өсірген жеміс-көкөністің 2-3 қана түрі тұрушы еді, қазір сауда орталықтарының өзіне 15 шақты түрін самсатып қойдық. Соның көбі – жылыжай өнімдері. Алайда жылыжай мен сауда сөресінің арасына кесе-көлденең тұра қалатын делдалдың көмегін пайдаланбасаң, бизнесіңе жол жабық. Соның салдарынан отандық өнімнің бағасы өсіп кетеді.
Бұл салада оңтүстік қана озып тұр
Коронавирус пандемиясы әлемдік нарықты қатты өзгеріске ұшыратып, бизнесті бір сілкіп алды. Осынау сын сағатта нарықта шын мықтылар мен төзімділер ғана қала бастады. Өйткені олар экономикалық тиімділікті арттыруды көздеген кей бағыттар бойынша жаңа шешімдер қабылдауға тәуекел ете білді. Соның бірі – жылыжай бизнесі. Қазір еліміздегі жалпы аумағы 500 гектар болатын, негізінен қызанақ пен қияр өсірілетін ең үлкен жылыжай Түркістан облысында салынып жатыр. Келес ауданындағы ол кешеннің 5 жылдық құрылысына ресейлік инвесторлар 1,2 миллиард доллар жұмсамақ. Нәтижесінде, жылына ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталатын 200 мың тонна өнім жинау көзделген. Келес ауданы аумағын инвесторлар оңтүстіктегі ең ыстық нүкте болғаны үшін әдейі таңдап алыпты. Екіншіден, егістік іргесінде өзен ағып жатыр. Өйткені оны суаруға жылына 7 миллион текше метр су кетеді. Сондай-ақ сағатына 100 текше метр газ, тәулігіне 40 МВт жарық тұтынылуы тиіс көрінеді. Бүгінде Түркістан облысы аумағында жалпы көлемі мың гектардан асатын жылыжайлар бар. Өңір шаруалары жылына 500 миллиард теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндірсе, оның 5/1 бөлігі жылыжай шаруашылығына тиесілі екен. Бір ғана Сайрам ауданының өзінде жалпы аумағы 50 гектардан асатын ірілі-ұсақты 125 жылыжай жұмыс істеп тұр. Мысалы, ауданның Қарамұрт ауылындағы польшалық инвесторлардың қаржысына салынған 11 гектардан асатын жылыжай биыл қызанақтың бірнеше сортын экспорттап үлгерді. Оның әр көшеті бір-бір уыс топырақта өсіп-өнуде. Соңғы үлгідегі нидерландтық технологиямен жабдықталған жылыжайдың бір ерекшелігі – қызанақтың әр түбінен жылына 60 келіге дейін өнім алынады екен. Әр келісі 550 теңгеден өтіп жатыр. Сондай-ақ Шымкентте 5 жыл ішінде жалпы құны 21 миллиард теңге болатын 10 жылыжай кешенін ашу жоспарланған. Алматылық Ербол Нотай атты азамат тіпті қаладан үй алуға жинап жүрген ақшасының бәрін Тұрар ауылынан жылыжай ашуға салып жіберген. Қазір жерін кеңейтіп, тағы бірнеше өнім өндіруді жоспарлап отыр екен. Себебі Алматы қаласының тұрғындары күніне 370 тонна картоп, 60 тоннаға жуық пияз, 50 тоннадан астам сәбіз, 45 тонна қызылша, шамамен 75 тонна қызанақ, 40 тонна қияр және 25-30 тонна алма тұтынады деп есептелген. Ал жергілікті өндірушілер соның тек 23 пайызын картоп, 36 пайызын пияз, 33-35 пайызын сәбіз, 34 пайызын қызанақпен қамтамасыз етіп отыр. Оның себеп-салдары келесі тақырыпшада.Қиярымыз ананастан қымбат
Сырт көзге Қазақстандағы көкөніс өндірісінің көлемі жеткілікті көрінгенмен, іс жүзінде соған әлі де онша жарымай отырмыз. Климаттық жағдайға байланысты дала өнімі саудаға жаздың ортасы ауғанда шыға бастайтындықтан, оған дейін өзбек пен қытайдың дәріленген «шөп-шаламын» тұтына тұрамыз. Екіншіден, бізде көкөніс қоймасы жетіспейді. Бұл мәселе Мәжіліс залында талай рет көтерілген болатын. Депутаттардың дерегінше, мұндай қоймалардың жеткіліксіздігі шамамен 250 мың тоннаны құрайды. Осы жағдайда Түркістан облысына салынатын 500 гектарлық жылыжай жағдайды өзгерте ме? Әйтпесе, Польшада жылыжай шаруашылықтарының алқабы 6 мың гектардан асса, Голландияда – 10 мың, Түркияда – 41 мың, ал Қытайда 1,5 миллион гектарды алып жатыр. Олардың бәрі жаңа технологиямен жабдықталғандықтан, едәуір дамып кеткен. Ал біздің шаруалар халықты көкөніспен толық қамтамасыз ете алмай әлек. Қыста жылыжай шаруашылығының 80-90 пайызын Түркістан облысы қамтитыны айтпаса да түсінікті. Солтүстік, орталық, шығыс аймақтарда күн ызғар болғандықтан, жылыту мен электр энергиясына жұмсалатын шығындар баршылық. Мысалы, 1 гектар жердегі жылыжайға шамамен 1 МВт электр қуаты мен 10 мың гекакалория жылу қажет. Оның шығынын көкөніс сату арқылы қайтарып алу да оңай шаруа емес. Сондықтан мамандар газ бен электр энергиясына шығынданғанша, дайын өнімді оңтүстіктен солтүстікке таси салған тиімді деп ойлайды. Алайда сол тасымалдау кезінде де тауар бұзылып, қосымша шығын қосылады. Соның салдарынан өзіндік құны өседі де, онсыз да аз өндірілетін отандық өнім көрші елдердің үлкен партиямен жеткізілген химикат өнімімен бәсекеге төтеп бере алмайды.Жабық кешеннің дәрісі мен вирусы көп
Сонымен қатар көздің жауын алатын жылыжай көкөністерінің көбі адам ағзасына зиян болып келеді. Ауа мен күн сәулесінен қымтырылып өскен қызанақ, қиярды жеп көрсеңіз, олардың дәмі мен түсіндегі өзгерісті аңғару оңай. Себебі тез өнім беру үшін көкөніске азоттық тыңайтқыштар қолданылады. Ал оны мөлшерден тыс қолданғанда, өсімдікке нитраттар көп мөлшерде жиналады. Сондай-ақ фотосинтез үдерісі баяу жүргенде де нитраттар шамадан тыс көбейеді екен. Дәрігерлердің айтуынша, нитраттар ағзада нитриттарға өзгеріп, қанның транспорттық функциясы мен жүйке жүйесінің жұмысына кері әсерін тигізетін көрінеді. Сондықтан жылыжай ұстаушыларға нитраттардың қай өсімдікке көбірек жиналатынын және оның мөлшерін азайту шараларын білгені жөн. Нитраттан бөлек, таяуда Сарыағаш пен Мақтаарал ауданындағы жылыжайда өскен қызанақ пен бұрыштан қауіпті вирус анықталды. Мамандардың айтуынша, жоғары патогенді және қоңыр қатпарлы вирус Европа мен Азия елдерінде жиі кездеседі екен. Ол өте агрессив және жылдам таралады. Сондықтан жылыжай үшін өте қауіпті дейді ауыл шаруашылығының жауапты өкілдері. Қазір Түркістан облысында фитосанитарлық жағдай нашарлап кетпес үшін барлық өнім қайта өңдеу цехтарына өткізілген. Ал шығын көлемі әзірге белгісіз. Еске сала кетсек, биыл Өзбекстан, Иран және Түркіменстаннан жеткізілген қызанақтан вирус 66 рет анықталған еді. Сондықтан да оның бәрі кері қайтарылып отыр.Еркеғали БЕЙСЕН