Теріскейге көш: Ақмолаға келген адам жоқ
Теріскейге көш: Ақмолаға келген адам жоқ
345
оқылды

«Еңбек» мемлекеттік бағдар­лама­сына сәйкес, оңтүстіктен сол­түстікке халықты қоныстандыру бас­талғанына біршама уақыт бол­ған. Екі қолға бір күрек ұсынылып, бастарына баспана беріледі деген соң жұмыссыз жұрт солтүстік облыстарды бетке алып көше баста­ған.

Алайда миллиардтар шығын­далған жоба көңілден шықпай тұр. Тіпті, Ақмола облысына күнгейден келген бірде-бір отбасы жоқ.

Жобадан неге ши шықты?

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» мемле­кеттік арнайы бағдар­­ламасы шеңберінде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушы­ларға берілетін субсидияның мөлшері бірден 2 есеге,  яғни 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін бір-ақ көтерілген. Бұған қалалық және ауылдық жерлерде тұрғын үйді жалға алу үшін бе­рілетін мемлекеттік шығын­дарды қосыңыз. Президенттің тікелей бастамасымен Ұлт­тық кеңестің төртінші отырысында кө­теріліп, шегелеп тапсырыл­ған мәселеде шикілік неге шықты деген сұрақ өз-өзінен туындайтыны түсінікті. Өйткені бағдарламаға сәйкес, халқы­ның саны аз, демографиялық жағдайы төмендеп кеткен солтүстік облыстарда мәселе шешу түпкілікті мақсат болған. Бірақ Үкімет пен тиісті министрлік және жер­гілік­ті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілмеді ме, әлде басқа себеп бол­ды ма,  жер-жерде халықтың кері пікір­лері әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген ресми мәліметтеріне сенсек, 2021 жылдың 1 мамырына дейін жұмыс күші мол оңтүстік аймақтардан 607 отбасы, яғни 1 935 адам қоныс аударған. Олардың жұмысқа қабілетті жастағы 593-і, яғни шамамен тек 67 пайызы ғана жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ 35 адам кәсіпкерлік қызметке бет бұрса, үшеуі қайта оқытуға жіберілген. Министрліктің есе­бін­ше бәрі ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр деген қорытындыға келуге де болады. Деген­мен тірліктің қамымен қысы қыты­мыр аяз, жазы салқын солтүстікке ойланып жатпастан келіп қалған тұрғындар арасында енді «ойбайға» басқандар да шығып жатыр.

2023 жылға дейін 23,5 мың адамды солтүстікке қоныстандырмақ...

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми жауабына қарағанда, алдағы жылдары қоныс аударатындардың саны күрт өспек. Яғни, 2021-2023 жылдары ғана 23,5 мың адамға дейін қоныстандыру жоспарланған. Министрлік осылайша еңбекке жарамды адамдар ресурстары аз және демографиялық ахуалы төмен аймақтарға көшірілетінін мәлімдеді. Ақмола көш «Жалпы, мемлекеттік бағдарламамен оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру ел­дегі демографиялық ахуал мен еңбек ресурстарына қажеттіліктерді шешу бағы­тында жүргізіліп жатыр. Болжамдарға сәйкес 2050 жылға дейін еліміздегі халық саны 25,4 миллион адамға жетуі тиіс. Сонымен бірге қазіргі туу көрсеткіші сақталған жағдайда еңбекке жарамды адамдар тапшы өңірлердегі мәселе – 1,3 миллион адамға дейін қысқарту. Ал жұмыс күші мол аймақтардың саны 7,4 миллионға дейін көтерілмек», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен. Министрлік осылай десе де, жергілікті атқарушы биліктің тарапынан күткен­дегідей жағдайды көре алмаған оңтүстіктен келген ағайындар әлеуметтік желілерде де, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да шағымдарын қарша боратқан. Тұрғындар келгенімен салынып жатқан үйлер бітпей, біршама қиындықтарға тап болған. Мил­лиардтар бөлініп, стратегиялық мақсаттар көзделген бағдарламаның жергілікті жерде орындалмай жатқанына Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та алаң­даушылық білдіріп, Президент әкімшілігіне тиісті тапсырма жүктеді.

Ақмолаға бағдарламаға сәйкес неге адам келмеді?

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша шолу жасаған соң Ақмола облысында да бағдарлама жайын білмек болдық. Бірақ аталған бағдарламамен әзірге облысқа қаражат та, келген адамдар да болмапты. «Бізге бұл бағдарлама бойынша облыс аудандарына келемін деушілер болған жоқ. Ешкімнің келгісі келмейтін сияқты. Тіпті, мемлекеттік бағдарламамен қаржы да қарастырылмаған. Сондықтан бұл бағдар­лама жайында еш мәлімет айта алмаймын», – дейді Ақмола облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үй­лестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.

ТҮЙІН.

Сонымен, 2017 жылдан басталған бағ­дар­ламаның биыл соңғы жылы. Төрт жылда тек 1 935 адам көшірілген. Ал алдағы екі жыл­да тағы 23 500 адамның солтүстік об­лыс­тарға қоныс аударуы көзделген. Мил­лиардтар бөлінген бағдарлама осылай жүзеге асырылса, алдағы жылы жүктелген осынша адамды қабылдау, тұрғын үй мен тұрақты жұмыс тауып беру мүмкін бола қояр ма екен? Әлде мемлекеттік бағдарлама тағы орындал­май қала ма? Бұл алдағы уақыттың еншісіне қал­мақ.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы