«Бір секта сияқты...» – қайтыс болған оқушының туыстары оқиғаның мән-жайын айтты  
«Бір секта сияқты...» – қайтыс болған оқушының туыстары оқиғаның мән-жайын айтты  
253
оқылды

15 жастағы Диана Хамутецкаяның туыстары тергеу жан-жақты жүргізілсе дейді. Марқұмның жақындары қызды мұндай қадамға интернеттегі күдікті қауымдастықтар итермелегеніне сенімді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Туыстары тергеушілерден оқушының ұялы телефонын және өзге жеке заттарын тексеруді талап етуде. Себебі, «Қойын дәптері адам шошырлық сатанисттік сипаттағы небір суретке толы» дейді туыстары. Алматы облысындағы Жәпек батыр ауылында бір отбасы қара жамылды. Осыдан төрт күн бұрын өрімдей 15 жастағы қызының қорада төсек жаймасына асылған өлі денесін анасының өзі алып шыққан. Қайғыдан қан жұтқан Бақытты Айтмұратова Диананың мұндай әрекетке баруына еш себеп болмағанын айтады. Өйткені 9-сыныпты үздік бітіріп аттестат алатынына қуанып жүріпті.

Марқұмның анасы Бақытты Айтмұратова: «Сағат 3-те менің орныма, «дүкенде сіздің орныңызға тұрамын, сіз демалыңыз» деді. Бірақ айтылған уақытта келмеді. Телефоны өшірулі болды. Көршіме хабарласып, үйді тексеруін сұрадым. Еш жерде жоқ деген соң, өзім келіп қарадым. Таппай, құрбысымен мектеппен қоштасу кешіне дайындалып жүрген болар дедім. Әжетханаға жақындай бергенімде қарсы беттегі қорадан аппақ жайманың ілулі тұрғанын көрдім. Ары қарай есімде ештеңе жоқ», – дейді.

Марқұмның туыстары Диананы екі күн бұрын жер қойнына тапсырған. Өмірге құштар қызының бұл әрекетке қалай барғанын түсінбей дал. Себебін іздеуге тырысқан олар күнделігінен қорқынышты суреттерді көріп, жағасын ұстап отыр. Бұларды анасы алғашында тек шимай дәптері деп ойлаған. Өйткені бастапқы бетіне тек армандарын түсірген. Алайда суретті де жақсы салатын Диана ішкі жағына өлімге итермелейтін түрлі үрейлі бейнелер мен жазу жазыпты. Бірінде: «Мен өлімнен қорықпаймын. Ең қымбат адамдарымнан айырылып қалудан қорқамын» десе, енді бірінде тіпті, қанмен сурет салған. Осылайша, жақындары бұл суицид жасауға итермелейтін «Синий кит» ойыны екеніне сенімді.

Туысқан ағасы Мұратбек Айтмұратов: «Түнгі 2-ден келіп таңғы 6-ға дейін отырдым. Бәрін ақтардым. Мынаны таптым, ананы таптым. Өзінен-өзі ойнап-күліп жүрген баланың сөйте салуы  мүмкін емес деп, өзім тергеу жасадым, дәптерін ақтардым. Бір секта сияқты. Сосын ертесі күні бес қыз келген. Киген киімдерін көрсеңіздер. Біреуінің артында табыт, крест, біреуі қолын қап-қара бояп алған. Оң қолында періштенің суреті. Періштенің суреті сызылып тұр», – дейді.

Туыстары марқұмның Instagram-дағы парақшасынан да түрлі күдік тудыратын дүние тауыпты. Алайда уақытында аңғармағанына өкінеді. Мектепте үлгілі оқушы болғанын айтқан ұстаздары да өзіне қол жұмсауы «мүмкін емес» дейді.

№4 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құралай Көшегенова: «Хамутецкая Диана жалпы сабақтан себепсіз қалмайтын. Мінезі ашық. Сыныптастарымен, ұстаздарымен белсенді қарым-қатынаста жүретін үлгілі оқушы болатын. Үздік аттестаттың үміткері. Осы қыздан дәл осындай шығады деп ойлаған жоқпыз. Не итермелегенін тіпті өзіміз де түсінбей отырмыз», – деді.

Дәл осындай қайғылы оқиғалар көрші ауылдарда да болыпты. Бұлардың барлығына интернет арқылы тараған сатанистік сипаттағы қауіпті ойындар себеп болуы мүмкін екен. Алайда құзырлы орындар тергеуді тереңнен бастаудың орнына, істі жәй ғана суицид деп жылы жауып қойып жатыр деп қапалы. Ал Полиция департаменті істі әлі тергеп жатыр.