Соңғы жылдары көлік бағасы тоқтаусыз өсіп жатқанын байқау қиын емес. Шынында, баға оңып тұрған жоқ. Былтыр жыл аяғына таман жаңа көліктер лезде 17 пайызға қымбаттаған болатын. Бұрын жүрілген, ескі темір тұлпарлардың да құны көңіл көншітпейді. Кейбір жандардың сабылып, шетелден көлік тасымалдауына да елдегі бағаның әсер еткені жасырын емес. Ал көлік қымбатшылығының түпкі себебі неде?
Пандемияны еңсерген нарық
Былтыр, яғни пандемия кезеңінде автокөлік бағасы бір емес, екі рет көтерілді. Әуелі шілде айында 11 пайызға, қарашада тағы 17 пайызға өсіп кетті. Ал көліктерді жіктеп қарастырған ресми дерек бойынша, жалпы карантин уақытында импорттық көліктер бағасы 23, елімізде құрастырылған темір тұлпарлар құны 13 пайызға көтерілген екен. Бірақ құн өсті екен деп сұраныс «құнсызданбады». Көлік тізгіндегендер алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға артты. 2020 жылғы күзде Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі автокөліктерді онлайн тіркеу қызметіне жүгінгендердің саны екі есе артқанын мәлімдеді. Яғни, көлік атаулының саудасы жүрді. Ақыры халықтың темір тұлпар тізгіндеуге деген құлшынысы көлік нарығын пандемия дағдарысынан сақтап қалды. Былтыр алғашқы 6 айда 35 мың көлік сатылған. Ал биыл да көлік саудасы тіптен жанданды. Елімізде жыл басынан сәуірге дейінгі 4 ай ішінде жеңіл көлік, автобус пен ауыр жүк көліктерін қосқанда 34 199 машина сатылып, сауда өсімі 20 пайызға жетіпті. Қош, ал біз баға артуының себебіне үңілсек.Әлі де қымбаттай бермек
Көбіне сарапшылар автокөлік қымбаттауының себебін АҚШ доллары бағамының теңгеге шаққандағы өсімімен түсіндіреді. Яғни, ұлттық валюта құнсызданған сайын соған сәйкес құн да өспек. Соңғы 5 жылдың ішінде жаңа көліктердің бағасы 1,5-2 есеге дейін артты. Мысалы, дәуірінде сұраныстан түспеген Reno Duster автокөлігі 2015 жылы 4 млн теңгеге жетпес сомада саудаланған еді. Ал қазір 8 миллионнан асып жығылды. Өткен жылы ғана жаңа Nissan Qashqai 12 миллион тұрса, биыл 16 миллионға жетпек сыңайда. Мұндай мысалды көптеп келтірсек болады. Ал құн өсіміне тек долларды кінәлаған жөн бе? Бәлкім, қымбатшылыққа әсер еткен басқа да себептер бар болар. Автокөлік нарығының сарапшысы Айжан Күлмұханбетованың айтуынша, шетелден шыққан көліктерді елге жеткізу шығыны бағаның өсуіне әкеліп отыр. – Доллар бағамының теңгемен санағандағы өсуі – көлік қымбаттауының басты себебі екенін жоққа шығара алмаймыз. Бәрінің бағасы доллармен есептелетін болғандықтан, доллардың өсуі бірінші әсер етеді. Екіншіден, біздің елге жеткізу басқа елге жеткізуден қымбаттау болуы мүмкін. Себебі біздің халықтың саны аз және жаңа көлікті алу мүмкіндігі төмен. Көптеп жеткізудің қажеттілігі жоқтығынан жеткізу ақысы қымбаттайды. Алдын ала есептеу жұмыстары жүргізілетіні анық. Ол жерде тапсырыс, халықтың сатып алу мүмкіндігіне, сұранысына, қандай көліктерге қызығушылық бар-жоғына дейін ескеріледі. Сондай-ақ автосалондардың көбі көлік бағасына өз шығындарын қосады. Көлікті сақтап, оны жарнамалап, сатушылар қызметіне төлейтін қаржыны сауда есебінен толтырады, – дейді сарапшы. Оның айтуынша, пайдаланылған көліктерді Армения, Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресейден алып келуге қазір көбі қорқады. Біріншіден, оны заңды тіркеу ақысы тура көліктің бағасына тең деген ұғым қалыптасқан. Салығы өсіп кетсе, ұрланған көлік болып шықса деген үрей тағы бар. «Тіпті, күнделікті жол полициясы қызметкерлерінің де маза бермейтінін ойлап, азаматтарымыз көбіне елдегі ескі көліктерге басымдық береді. Басқа елден алып келуге мүмкіндігі жоғын білген жұрт қолда барының бағасын өсіріп отыр. Ал Қазақстанда құрастырылған көліктерді алып жатқандар бар. Бірақ сапасына сенімсіздік танытатындар одан да көп. Импорттық көліктерге банктердің пайыздық үстемеақылары өте жоғары», – дейді маман. Ал автонарық шолушысы Олжас Оқас болса, бір емес, бірнеше себепті алға тартады. Оның айтуынша, металл бағасының өсуі де көлік нарығына тікелей әсер етеді. – Утилизациялық алымның кесірінен көлік бағасы қымбат. Утилизациялық алымның көлік бағасындағы үлесі – 30 пайыз. Мысалы, 4 миллионға сатылып жатқан көліктің бағасы – 2 млн 900 мыңдай. Жалпы, көлік ешқашан арзандаған жоқ. Өйткені металл қымбаттап жатыр. Қазірдің өзінде коммерциялық техника 30-50 пайызға қымбаттады. Таяуда жеңіл көліктер қымбаттайды. Сондықтан өндірушілер металл прокатына салынатын салықты азайтуды сұрап отыр. Бірақ бұл екіталай. Бір жағынан тауар долларға байланған, ал теңге әлсіз. Сондықтан компаниялар бағаға түзету жасап, сәйкестендіреді. Теңгемен көлік құнын қымбаттатады. Қазір ең арзан шағын көлік Chevrolet Damas-тың құны шамамен 3 млн 650 мың теңге. Седанға келсек, Chevrolet Nexia 4 млн теңге шамасында. Екінші нарықта Toyota Camry сұраныста. 2013-2014 жылғы машиналардың құны 9 миллионға бара жатыр, – дейді ол. Маман сөзінен аңғарғанымыз – көлік бағасы мұнымен тұрақтанып қалмайды. Сарапшылар биыл да 15-20 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін болжап отыр. Тәуелсіз автобизнес одағының өкілі Мақсат Мейірмановтың ойынша, алдағы уақытта автокөлік құны кем дегенде 20 пайызға шарықтап шықпақ. Сарапшы оны пандемиямен емес, доллардың жиі құбылуымен байланыстырады. Шетел валютасына байланған барлық өндіріс ошағы мен дилерлік орталықтар бағаны өзгертіп отыруға мәжбүр. – Баға бірден 20 пайызға көтеріліп кетеді деп айта алмаймыз. Оның ауыртпалығын тұтынушы сезінбес үшін ақырындап көтеріп, өзгерте береді. Клиенттердің сұранысы да өзгеріске ұшырайтыны анық. Қалтасындағы ақшасына қарай пікірін өзгертіп, неғұрлым арзанын іздейді. Мысалы, Mercedes өз тауарын 20 пайызға арттырса, Lexus өндірушілермен келісіп, 1 пайызға асықпай көтеруі мүмкін. Ең өкініштісі, тұтынушы үшін таңдау еркіндігі анағұрлым азаяды, – дейді Мақсат Мейірманов.Қымбат баға автопаркімізді ескіртті
Ескі көліктер де құнын жоғалтпай тұрғанын айттық. Бірақ дәл осы көліктер Қазақстан автопаркін жыл өткен сайын тоздырып жатыр. Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының ақпараты бойынша, еліміздің жолдарында жүрген 1 миллион 200 мың көлікке 20 жылдан асып кеткен. Яғни, әбден тозығы жеткен машина көп. Олар әлі күнге дейін сатылымда жүр. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 59 пайызды құраған. Үш жылдан кейін бұл көрсеткіш 65 пайызға жетсе, 2020 жылы 70 пайызға өсті. Сонда елдегі 4 миллионнан астам көліктің 2,8 миллионы тозған. Бұдан кейін автоөнеркәсіптің дамуы мен экологияға деген қамқорлық жайлы айту қисынсыз көрінеді. Автопарктің осылай ескіруіне бағаның қолайсыздығы себеп болғаны анық. Мәселен, қолыңызда 3-4 миллион теңге болса, шыққанына 3 жыл толмаған көлік сатып ала алмайсыз. Мүмкіндігіңіз нөлге тең. 3 жылға жетпеген, ең арзан көлік түрлерін таңдаймын десеңіз, кемі 5-7 миллион теңгеңіз болғаны абзал. Демек, 10 млн теңгеге жетпейтін бағадағы машиналарды жұрт несие арқылы алып жатқанда, ескі, есесіне арзандау көліктерге сұраныс әлі толастамайды. Содан кейін шетелден көлік тасымалдауға асығатындар көбейсе – заңдылық. Армения, Грузия секілді елдерде жаңа болмаса да, ескіре қоймаған көліктер бізге қарағанда қолжетімді бағада сатылады. Грузияда 100 мың шақырымнан астам жүрген Hyundai Elantra көлігін 2 млн теңгеге алуға болады. Ал елімізде сол тәрізді темір тұлпарды 4,5-5 млн теңгеге сатып аласыз. 2 есе баға айырмашылығы тұр. Қазір жаңа импорттық көліктер ең азы 17 пайыздық мөлшерлемемен несиеге беріліп жүр. Бірақ несиеге көлік алу – жұрт үшін тиімді емес. Көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жоғалта береді. Ал «отандық өнеркәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көліктерге жаппай сұраныс жоқ. Көлік бағасы осы қарқынмен қымбаттай берер болса, келешекте ескі көлігіміз көбейіп, жаңа көлікке қол жеткізу қиындай беретін тәрізді.Мадияр ТӨЛЕУ