Автокөлік бағасына болжам қандай?
Автокөлік бағасына болжам қандай?
315
оқылды
COVID-19 белең алғалы әлемдік автокөлік нарығы тақыр таянып тұр. Мамыр айындағы көрсеткіш бойынша коммерциялық автомобилдердің сатылымы 33,3%-ға дейін төмендеді. Темір тұлпар саудасы жүрген елдердің көшбасында Қытай тұр. Аспан асты елі мамыр айында 2 миллионнан астам машина сатып үлгерген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 10%-ға жоғары. Америкада 1 миллион 129 мың автомобиль сатылды. Өткен жылға қарағанда 28,8%-ға аз. Әсіресе, қатты зардап шеккен Еуропа нарығы. Сатылым көрсеткіші бірден 50%-ға төмендеп кетіпті. Ал Қазақстандағы жағдай қандай? Экономист Мақсат Сералы еліміздегі автонарықты жаңа және қолданыстағы автокөліктер деп екіге бөліп, олардың салық жүйесіне байланысты өз ерекшеліктері барын айтады. Мақсат Сералы – 2018 жыл мен 2019 жылдың басында жаңа көліктер сұранысқа ие болды. Оған тиімді несие ұсынысы әсер етті. Бұл санатқа өзіміз білетін KIA, Hyundai сында көліктер кіреді. Халық «жаңаның аты жаңа деп» өзімізде құрастырылған көліктерді жаппай сатып алды. Кейін жаңа көліктерден гөрі ескі көліктердің сапасы жақсырақ деген тұжырымға келген сияқты. Ескі көліктерге сұраныс артқанын байқаған көлік иелері бағаны қымбаттатып отыр, − дейді сарапшы. Оның айтуынша, қазіргі кезде қолданыста болған көліктердің бағасы 20-30%-ға өскен. Себебі, жаңа көліктерге қарағанда ескі көліктердің шығыны айтарлықтай қымбатқа түспейді. Мысалы, 2002 жылғы Toyota Camry-лар әлі өз құнын жоғалтқан жоқ. – Бұндай көліктер kolesa.kz сайтында бір аптаға жетпей өтіп кетеді. Екі жыл бұрын шамамен 2 млн-ға көлік алғанмын, соны өткен бір-екі айда 3 жарым млн-ға саттым. Эконом сегменттегі жаңа көліктер қолданыста болған көліктермен бәсекелесе алмайды. Екеуінің де бағасы шамамен 4-5 млн теңге шеңберінде. Ауылдағы халық Toyota сияқты қолданыстағы ескі көліктерді алуға ұмтылады. Себебі, сапасы жоғары, бұзылған жағдайда автобөлшектері қолжетімді, − дейді М.Сералы. Экономисттің сөзінше, қазіргі карантиндегі экономикалық ахуалға қарамастан автокөліктерге сұраныс жоғары. Көлігін сататындар да, сатып алушылар да көп. Басқа салаларға қарағанда бұл нарық айтарлықтай зардап шеккен жоқ. – Бірақ жаңа автокөліктерді сатуда қиындықтар бар. Өйткені, көпшілік қазіргі кезде несие алуға құлықсыз. Қалтасында қанша ақшасы бар соған сай көлік алуға ұмтылады. Отандық автокөліктерге 4 пайызбен несие беру бағдарламасының да арты сиырқұйымшақтанып кетті. Автокөліктер саны шектеулі, рәсімдеу мерзімі тым ұзақ болғандықтан, оның үстіне екінші деңгейлі банктер салыстырмалы түрде қаржылық жағынан тиімді ұсыныстар ұсынғандықтан бұл бағдарламаға сұраныс төмендеді, − дейді сарапшы.   Көрші елдердің көші қандай? Russian Automotive Market Research директоры Татьяна Арабаджидың айтуынша, 2018 жылы Ресейден Қазақстанға экспортталған автокөліктендің үлесі 17,8 мың бірлікті құрса, бізден Ресейге небәрі 200 бірлік көлік импортталыпты. ТМД елдеріндегі негізгі автомобиль шығарушы мемлекет – Ресей. Мысалы, Беларуське Ресей 44,2 мың бірлік шығарса, Өзбекстанға 4,4 мың бірлік автокөлік сатқан. Жасыратыны жоқ қазақстандықтар тарапынан Ресейдің көліктеріне таңдау жиі түседі. Оған негізгі себеп, бағасының қолжетімдігі. Сапасы еуропалық темір тұлпарлармен теңесе алмағанымен ақауын жөндеп, ебін тауып жүруге жарайды. Бізде құрастырылған көліктердің сұранысқа ие болмауына бірнеше фактор әсер етуде. – Ресейде көлікті тұтынудағы көзқарас біздікімен салыстырғанда басқаша. Мысалы, қазақстандықтар Toyota маркалы көлікті жақсы көретін болса, Ресей Chevrolet-ті таңдайды. Әр халықтың өз тұтыну менталитеті бар. Бізде құрастырылатын KIA, Hyundai сынды көліктер ресейліктер үшін қызық емес. Оның үстіне бұл көліктер Ресейде де құрастырылады. Оны өткізудің тиімді жолдары қалыптасқан. Өзбекстанда шетелден кіргізілген көліктерге салық тым жоғары. Керісінше, өздерінде шығарылған көліктерге салықты аз төлейді. Сол арқылы өзбектер өз автопромын қорғап отыр. Бізде ескі көліктерден құтылып, жаңа көліктердің санын арттыру үшін мемлекет өзімізде құрастырылған көліктерге айтарлықтай жеңілдіктер қарастыруы керек. Мысалы, салықтық жеңілдіктер я болмаса, сақтандыру полисін тегін жасау деген сияқты, − дейді М.Сералы.   Дилерлік орталықтарда бәсекелестік жоқ Бізде дилерлік орталықтар өте аз. Сондықтан бәсекелестік мүлдем жоқ деп айтуға болады. Себебін экономистен сұрап көрген едік. – Бұл бизнес үлкен қаражатты талап етеді. Автокөліктердің барлығы бізде дайын бөлшек күйінде құрастырылғандықтан, сатушылар көлік құнын өз бағасынан төмен түсіре алмайды. Оның үстіне шетелдің өнімі болғандықтан барлығы доллармен есептелінеді. Бұл саланың белгілі монополистері бар. Биліктің де солармен жұмыс істеуі ыңғайлы. Кез келген кәсіпкер бұл нарыққа оңайлықпен кіре алмайды. Кірсе де, бәсекеге шыдамайды. Қазақстандағы дилерлік орталықтардың саны 5-10 жылда айтарлықтай өзгере қоймас. Осы күйінде қалады. Баяғыдай Еуропа мен Америкадан көлік тасу қазір тиімді кәсіп емес. Себебі, нарықта өнім жеткілікті. Біздегідей көліктерді бір ел шығарып, екінші елде құрастыру да нарыққа әсер етіп отыр, − дейді сарапшы. Оның айтуынша, қазіргі кезде дилерлік орталықтар көлік сатуды ұйымдастыру арқылы ұтулары мүмкін. Мысалы, ескі көлікті өткізу арқылы төмен пайызбен жаңа көлік алу сияқты бастамалардың дәурені жүріп тұр. Бұған қоса, онлайн сауда Қазақстандағы автобазарлардың тоқырауына алып келді. Өйткені, халық баяғыдай базарға барып, көлік таңдауды қойды. Бұл салада комфортқа құрылған жаңа сауданың түрі сипат алды.

Автокөлік

Армения мен Қырғызстан енді шетелден көлік алмайды Автонарық шолушысы Сұңғат Жұртбай Қазақстан азаматтары үшін сұранысқа ие Армения мен Қырғызстан базарларындағы көліктердің саудасы енді тоқтайтынын айтты. Сұңғат Жұртбай – 2020 жылға дейін Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Армения мен Қырғызстан кедендік жүйемен жұмыс істеді. Биылғы қаңтар айынан бастап екі елдің кедендік төлемдері қалған одақтас елдердікімен теңесті. Енді бұл елдерге шетелден көлік әкелу тиімсіз. Десе де биыл көлік сатушылары жарты жылға жететіндей көлік тасымалдап үлгерді. Әлі күнге дейін Армения мен Қызғызстанның базарларында шетелден келген көліктер толып тұр. Олардың барлығы биылғы жылдың қаңтар айына дейін кіргізілген көліктер. Шекаралардың жабылуына байланысты қазір олардың саудасы жүрмей тұр, − дейді С.Жұртбай. Оның сөзінше, Қазақстанда шығарылған көліктерді негізінен Ресейден өзге одақтас елдерге шығаруға мүмкіндік бар. Ал Ресейде кедендік салыққа ілікпейтін көліктерге белгілі талаптар бар. Егер елімізде дайындалған темір тұлпарлар ішкі нарықтың 50 пайызын құрайтын болса, онда отандық өнімді шет мемлекеттерге ұсына аламыз. Біздегі көліктердің ішінде ішкі нарықты қамтып отырғандардың үлесі 50 пайыздан асатындары шамалы. – Биыл жаңа көліктерге сұраныс жоғары болмайды. Келер жылы экспортқа шығатын көліктер саны артуы мүмкін. Қалыптасқан бренд автокөліктердің зауыттары бір елде шықса, логистикалық тұрғыда тиімді болатын екінші бір елде құрастырылады. Екі ел арасындағы алыс-беріс доллар мен немесе еуромен есептелінеді. Кедендік одаққа кіргелі бері 9 жылдың ішінде баж салығы қымбаттады. Шетелдік қолданыста болған, бірақ тозбаған көліктердің легі тоқтатылды. Сырттан келетін көліктер сап тиылғандықтан, жаңа көліктерді несиеге алатындар саны артты. Тіпті, оған шамасы келмегендер тым ескі көліктерді алуға мәжбүр болды. Армения мен Қырғызстаннан келетін көліктер бұл нарыққа оң әсер етті. Бірақ биылғы жылы бұл мүмкіндік те шектеліп отыр. Яғни, енді сұраныс артқан сайын ел ішіндегі көліктер қымбаттай береді деген сөз, − дейді сарапшы. Жаңа автолар сұраныста Қазақстан автобизнес қауымдастығы таратқан мәліметке сүйенсек, маусым айында жаңа көлік сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,6%-ға өскен. Қазақстандық дилерлер 9 163 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника, сондай-ақ 761 жүк көлігі мен автобус сатқан. 2020 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша 36150 автомобиль сатылып өсім өткен жылмен салысытрғанда 12,2%-ды құраған. Қаңтар-маусым айлары бойынша Ravon сатылымда көш бастап тұр. Kia маркалы автомобильдердің сатылымы (3 080 бірлік) бір жарым есеге артқан. Chevrolet те үздік үштіктің қатарына еніп отыр. автокөлік Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша Равон Р3 (2 041) көш бастап тұр. Екінші орында − Lada Granta (1 915 бірлік). Үздік үштікті Hyundai Tucson (1 134 бірлік) түйіндеді. Төртінші орында −Лада 4×4 (954 бірлік). Одан әрі тізім бойынша: Lada Vesta (897 бірлік), Toyota Camry-834 бірлік, Hyundai Crete (742 бірлік), Hyundai Elantra (643 бірлік), Hyundai Accent (636 бірлік) Kia Rio (590 бірлік.)Автокөлік

Еркежан АЙТҚАЗЫ