Футболдан Еуропадағы бірқатар біріншілікте пандемия кезінде көптеген чемпион ауысты. Айталық, Италияда «Интер», Испанияда «Атлетико», Португалияда «Спортинг», Францияда «Лилль» көптен күткен чемпиондық тұғырларына қайта көтерілді. Өзге біріншіліктерде де біраз жыл чемпион болған үздік клубтар тақтан тайды.
«Лилль» – Франция чемпионы
Пари Сен-Жерменді артта қалдырған «Лилль» араға 10 жыл салып Франция біріншілігін ұтты. Бұл олардың төртінші чемпиондығы. Енді мына қызыққа зер салыңыз, 2011 жылы Лилль чемпион болған жылы «ПСЖ» Чемпиондар лигасына да жолдама ала алмаған, ал «Монако» мүлдем төменгі дивизионға түсіп кеткен. Сол уақытта біріншіліктегі басты қарсылас Лион ғана болатын. Айтпақшы, ол кезде париждік клубты шейхтар әлі сатып ала қоймаған. Команда сапында ардагер футболшылар Людовик Джули, Клод Макелеле, Григори Купе бастаған ойыншылар өнер көрсетіп жүрді. Кейін басшылық ауысқан соң Франция 1 лигасында ПСЖ-ға жететін тең клуб болмады. Енді, міне сол алпауыт клубтың гегемиониясын Кристоф Гальтье баптайтын «Лилль» командасы араға біраз жыл салып бұзып отыр. Олар 38 ойында 83 ұпаймен топ бастады. Ал 82 ұпай еншілеген париждіктер екінші орынды қанағат тұтты.«Атлетико» азулы қарсыластарын артқа тастады
«Атлетико Мадрид» соңғы турда жеңіске жетіп, 7 жылдан соң қайта Ла Лига чемпионы атанды. Соңғы турда «Вальядолид» клубын 2:1 есебімен жеңіп, қарсыластарын төменгі дивизионға жіберді. Ал өздері жеңіс тойын тойлады. «Атлетико» маусымды сәтті бастады. Қаңтар айының өзінде басты қарсыластары «Барселона» мен «Реал Мадридтен» 10 ұпайға ұзап кеткен. Бірақ кейінгі ойындарында көп ұпай жоғалтқан Диего Симеоне футболшылары соңғы турларда турнирлік кестедегі жағдайын қиындатып алды. Бір қызығы, «Атлетиконы» шешуші ойындарда «Барселона» керексіз санаған Суарестің жеңісті голдары құтқарды. Сөйтіп, 2021 жылы Испания чемпиондығын тойлаған «матрасшылар» «Реал» мен «Барселонаның» 7 жылдық гегемониясын бұзып, (11 мәрте) біріншілікті бірінші орынмен аяқтады.Италияда жаңа чемпион
Ал Антонио Контенің командасы «Ювентустың» гегемониясын бұзды. Миландық клуб 2009/10 маусымынан бері ұзақ күткен чемпиондық атағын қайтарып алды. Бұл Интердің 19 чемпиондығы. Конте 9 дүркін Италия чемпионы атағына қол жеткізді. Бұл жолы ол өзге командамен алғаш рет А сериясының жеңімпазы атанды. Бұрын италиялық маман «Ювентус» ойыншысы ретінде 5 рет, жаттықтырушысы ретінде 3 рет Скудеттоны жеңген. Бәрінен бұрын «Интердің» қақпашысы әрі капитаны Ханданович 36 жасында мансабындағы алғашқы маңызды жүлдесін жеңіп алды.«Спортинг» – Португалияның үздігі
Рубен Аморимнің шәкірттері «Спортинг» 82 ұпаймен жеке дара көш бастап Португалия чемпионатының жеңімпазы болды. Соңғы рет «Спортингке» чемпиондық 2001/2002 жылғы маусымда бұйырған. Португалия чемпионатындағы бұл жеңіс олар үшін тарихтағы 19-шы жеңіс екенін айта кеткен жөн. Лиссабондық команда біріншіліктің аяқталуына екі тур қалғанда уақытынан бұрын чемпион атанды. Айта кетейік, бұл біріншілікте чемпиондық бойынша рекорд 37 рет Португалия чемпионы болған «Бенфикаға» тиесілі.«Рейнджерс» қайта оралды
Стивен Джеррард «Рейнджерсті» 10 жылдан соң чемпиондық тұғырға көтерді. 40 жастағы маман глазголық клубпен 2018 жылдың мамыр айында ұзақмерзімді келісімшартқа отырған. Осы уақыт ішінде ол командасымен бірге өткен маусымда Шотландия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, көшбасшылықты «Селтикке» беріп қойған. Бірақ келер жылы Стиви Джи кеткен есені қайтарды. Рейнджерс чемпионатты 55 рет жеңді. Сонымен қатар олар ішкі және құрлықтық клубтар арасындағы жарыстарда 116 жеңісімен Еуропадағы ең жүлдесі көп командалардың қатарына енді. Атап айтсақ, «Рейнджерс» Шотландия кубогында 33 рет және Шотландия лигасының кубогында 27 рет жеңіске жеткен. 2012 жылдың соңында қаржылық қиындықтарға тап болып, тоқырауға шұыраған, тіпті 4 дивизонға түсіп қалған команда 2017 жылы жаңа басшылықпен Жоғарғы лигаға оралған еді. Одан кейін клубқа бапкерлікке Джерард келіп, «Рейнджерстің» бұрынғы қалпына келуіне, аз уақытта чемпион атануына үлесін қосты.Киевтің «Динамосы» кеншілерді ығыстырды
Мирча Луческудың командасы төрт жылдан бері жалғасып келе жатқан «Шахтердің» чемпиондығына нүкте қойды. Румыниялық жаттықтырушы командамен үздік көрсеткішке қол жеткізді. «Динамо» ішкі чемпионаттан бөлек, Суперкубок пен Украина кубогын да жеңіп алды. Сөйтіп румындық бапкер дебюттік маусымында бірден үш кубокты иеленді. Динамо 16 рет ел чемпионы болса, Луческу жаттықтырушы ретіндегі тоғызыншы чемпиондығын тойлады. Ол 8 мәрте «Шахтермен», 1 мәрте «Динамомен» ел біріншілігін ұтты.Өзге лигадағы жаңа чемпиондар
Басқа да біріншіліктерде жаңа чемпиондар төбе көрсетті. Данияда «Брондбюге» тең келер клуб болмады. Чемпиондыққа басты үміткер саналған «Мидтьюлланд» чемпиондардан бір ұпайға артта қалып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Аталған команда біріншілікте 16 жылдан кейін жеңімпаз атанды әрі бұл олардың 11 чемпиондығы екенін айта кетейік. Бұған дейін «Брондбю» 1985, 1987, 1988, 1990, 1991, 1996, 1997, 1998, 2002 және 2005 жылдары өткен ел біріншілігінде үздік атанды. Сондай-ақ клуб Дания кубогы мен Лига кубогының жеті дүркін жеңімпазы және елдің төрт дүркін Суперкубогының иегері. Түркияда «Бешікташ» араға 4 жыл салып қайтадан чемпион болды. Клуб 2016-2017 маусымында топ жарған еді. Словенияда «Мура» чемпион атанды. Соңғы турға дейін Марибор «Мурадан» 3 ұпайға алда тұрған. Бірақ шешуші кездесуде «Мура» сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жетіп, клуб тарихындағы алғашқы чемпиондығына қол жеткізді. Жаңа чемпиондардың 2012 жылы құрылып, 4 жыл бұрын үшінші лигада ойнағанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Әзербайжанда «Нефтчи» «Карабахтың» 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан чемпиондық сериясын тоқтатты. Алтын жүлде тағдыры «алтын матчта» шешілді. 90-минутта «Нефтчи» шабуылшысы Ахмед Ахмедов жеңісті гол соғып, командасына біріншіліктегі маңызды титулды сыйлады. Клуб сапында өнер көрсететін әйгілі жапон футболшысы Кейсуке Хонда да чемпион атанды. Ал Кипр чемпионатында «Омония» топ жарды. Никосиялық клубтың бұл осымен 21-ші чемпиондығы. Соңғы рет олар тек 2009/10 маусымында чемпион атанған болатын. Көптен күткен чемпиондық өткен маусымда тойлануы тиіс еді, алайда пандемияға байланысты маусым мерзімінен бұрын тоқтатылған. Уэльс біріншілігінде де өткен жылы чемпионат мерзімінен бұрын аяқталып, чемпион анықталмады. Осы маусымда Нью-Сейнтс командасының 8 жылдық чемпиондық сериясын Коннах-Куэй тоқтатты. Косовода «Приштина» араға 8 жыл салып, тұғырға қайта қонды. Астаналық команда осылайша 11-рет чемпиондық атаққа қол жеткізді. Мальта біріншілігіндегі «Хамрун» командасы 30 жылдан соң чемпион болды. Мальтаның жеті дүркін чемпионы атанған клубта Сейду Думбия өнер көрсетеді. Бұдан бөлек, чемпионаттары нақ орта тұсына таяған өзге де біріншіліктерде жаңа чемпиондар анықталуы мүмкін. Оларды маусым соңында таразылаймыз.Абылайхан ЖҰМАШ