Қазақстандағы майнингтік фермалар мен дата-орталықтарға электр энергиясының 1 киловатт-сағатына 1 теңге мөлшерінде қосымша салық салынуы мүмкін. Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жіберді. Ал кәсіпкерлер қосымша салықтың енгізілуіне наразы.
Nur Otan депутаты Альберт Рау Салық кодексіне түзетулер енгізуді ұсынды. Депутаттың пікірінше, жаңа салық бюджетті толықтырып қоймай, электр энергиясын бақылаусыз пайдаланып отырған дата-орталықтарға тоқтау болады. "Цифрландыру туралы заңнамада цифрлық майнингтің сипаттамасы көрсетілген, бірақ ол тек параллель өмірде ғана бар. Оған осындай символикалық түрде де заңдылық беру қажет", – деді депутат Кursiv.kz-ке берген сұхбатында. Депутаттың айтуынша, майнинг нарығын реттеп, көлеңкеден шығару қажет. Ол электр энергиясының бір киловатына бір теңге төлеу әсіресе криптовалюта бағамы тұрақты өсіп жатқанда қолайлы деп есептейді. Ал майнингтік дата-орталықтар қосымша салық төлеуге қарсы шықты. Қазақстандағы блокчейн және дата-орталықтар индустриясы қауымдастығының президенті Алан Дорджиевтің айтуынша, цифрлық майнингке салынатын салық шетелдік инвесторларды қашырып алады. Оның пікірінше, егер бір киловатт-сағат үшін 1 теңге қосымша салық енгізілсе, онда негізгі ҚҚС және КТС секілді негізгі салықтардан басқа, майнерлер Қазақстан бюджетіне 4,4 млрд теңге төлейтін болады. Бұл шетелдік инвесторлардың бұл салаға реинвестиция жасауға қызығушылығын жоғалтады. "Қазір Қазақстанда 17 майнингтік дата-орталық бар. Оларға жеке шетелдік компаниялар инвестиция құйып отыр. Оларға салынатын салық көлемі өскен сайын, биснеске қойылатын шарттары өзгере беретін елде жұмысты жалғастыру дұрыс па, бұрыс па деп ойлана бастайды. Кеше ғана бизнес ҚҚС, ЖТС және КТС төлеуге тиіс болды, ал бүгін 1 квт/сағ үшін 1 теңге мөлшерінде қосымша салық шықты. Ертең 5 теңге, келесі күні 7 теңге болатынына ешкім кепілдік бермейді", – деді Алан Дорджиев. Қауымдастық басшысының айтуынша, егер шетелдік компаниялардың жартысы Қазақстанда жұмыс істеуден бас тартса, нарық 10 млрд теңге жеке инвестициядан айырылуы мүмкін. "Цифрлық майнинг қазіргі уақытта 500 МВт электр энергиясын пайдаланады. Электр энергиясы үшін электр станцияларына 57 млрд теңге төлеп отыр. Қызметкерлерге жалақы төлеуге, құрылысқа, жабдық сатып алуға 10-15 млрд теңге жұмсалады. Шетелдік валюта түрінде майнинг қызметтері үшін түсетін қаржы 70 млрд теңгені құрайды, ал 2020 жылы салық аударымдары үшін 7,5 млрд теңге (ҚҚС) және 2 млрд теңге (КТС) төленді", - деді Қазақстандағы блокчейн және дата-орталықтар индустриясы қауымдастығының президенті. Сонымен бірге оның айтуынша, заңнамалық шектеулерге және отандық криптобиржаның болмауына байланысты қазақстандық дата-орталықтар елде валюта өндірудің орнына, шетелде майнинг бойынша қызмет көрсетеді. Айта кетейік, қазір 1 биткойн бағамы 40 мың долларға тең.