ҰҚТ-ның 7 мүшесі ұсталды - видео
ҰҚТ-ның 7 мүшесі ұсталды - видео
119
оқылды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Айшуақ-Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық тобының 7 мүшесі қолға түскен сәттің видеосын жариялады.
«Жедел қызметтердің мәліметі бойынша, Қазақстанда ауыр және аса ауыр қылмыстан тайынбайтын 40-тан астам топ бар. Олардың иелігінде көптеген қару-жарақ пен ірі адам капиталы бар, олар қаржылық тұрғыда тәуелсіз», - делінген мәліметте.
Құқық қорғау органдары 2020 жылдың өзінде ғана 10 қылмыстық топты жойып, 40-тан астам топ серкелері мен мүшелерін ұстаған екен. Солардың арасында «Айшуақ-Жантүгел» деген атпен белгілі ұйымдасқан қылмыстық топтың 7 белсенді мүшесі де бар. Күдіктілер қауіпсіздік қызметінің қолына 2020 жылдың қарашасында түскен болатын.
«Тергеп-тексеру кезінде қылмыстық топтың ықпалы 2018 жылы Сарыбұлақ көлінде заңсыз балық аулау кәсібіне бақылау орнатқан кезден бастап, кеңейе түскені белгілі болды. Қолға түскен топ мүшелері Алматы базарлары мен «Сайран» автобекетін және басқа да нысандарды «бақылауда» ұстағандары анықталды. «Алатау», «Өжет», «Кенжехан» базарларының кәсіпкерлеріне «қамқорлық» көрсетіп, аталған базарлар мен «Барахолканың» автотұрақтарын да бақылауда ұстаған. Топ мүшелері қатысқан адам ұрлау және басқа қылмыстармен байланысты қылмыстық эпизодтар әшкереленді», - дейді ҰҚК мамандары.
Ұсталғандардың үстінен кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл, бопсалау және озбырлық фактілері бойынша 17 қылмыстық іс қозғалды. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері жинаған деректер негіз болған.
«Топтың жекелеген мүшелерінің 2016 жылы қылмыс әлемінің беделді өкілі болған Нұрбековтің өліміне қатысы туралы мәліметтер жиналды. Қазіргі таңда аталған топтың қалған мүшелерін анықтау және ұстау бойынша жұмыстар жүріп жатыр», - делінген ҰҚК мәліметінде.
https://www.youtube.com/watch?v=5ZcJsoG13rA