Марқұмның жақындары қызды мұндай қадамға интернеттегі күдікті қауымдастықтар итермеледі деп отыр. Бұл жайында "КТК" арнасы жариялады.
Оқиға Алматы облысындағы Жәпек батыр ауылында болды. 9-сыныпты үздік бітірген оқушы асылып өлген. Қорада төсек жаймасына асылып өлген 15 жастағы қызының денесін анасы тауып алған. Қайғыдан қан жұтқан Бақытты Айтмұратова Диананың мұндай әрекетке баруына еш себеп болмағанын айтуда.Марқұмның туыстары өмірге құштар Диананың бұл әрекетке қалай барғанын түсінбей дал. Себебін іздеуге тырысқан олар күнделігінен қорқынышты суреттерді көріп, жағасын ұстап отыр. Оларды анасы алғашында тек шимай дәптері деп ойлаған. Өйткені бастапқы бетіне тек армандарын түсірген. Алайда суретті де жақсы салатын Диана ішкі жағына өлімге итермелейтін түрлі үрейлі бейнелер мен жазу жазыпты. Бірінде: “Мен өлімнен қорықпаймын. Ең қымбат адамдарымнан айырылып қалудан қорқамын” десе, енді бірінде тіпті, қанмен сурет салған. Осылайша, жақындары бұл суицид жасауға итермелейтін “көк кит” ойыны екеніне сенімді.“Сағат 3-те “дүкенде сіздің орныңызға тұрамын, сіз демалыңыз” деді. Бірақ айтылған уақытта келмеді. Телефоны өшірулі болды. Көршіме хабарласып үйді тексеруін сұрадым. Еш жерде жоқ деген соң, өзім келіп қарадым. Таппай, құрбысымен мектеппен қоштасу кешіне дайындалып жүрген болар дедім. Әжетханаға жақындай бергенімде қарсы беттегі қорадан аппақ жайманың ілулі тұрғанын көрдім. Ары қарай есімде ештеңе жоқ”, – деді марқұмның анасы Бақытты Айтмұратова.
Туыстары марқұмның инстаграм желісінен де түрлі күдік тудыратын дүние тауыпты. Алайда уақытында аңғармағанына өкінеді. Мектепте үлгілі оқушы болғанын айтқан ұстаздары да өзіне қол жұмсауы “мүмкін емес” дейді.“Түнгі 2-ден келіп таңғы 6-ға дейін отырдым. Бәрін ақтардым. Мынаны таптым, ананы таптым. Бір секта сияқты. Сосын ертесі күні бес қыз келген. Киген киімдерін көрсеңіздер. Біреуінің артында табыт, крест, біреуі қолын қап-қара бояп алған. Оң қолында періштенің суреті. Періштенің суреті сызылып тұр”, – деді марқұмның туысқан ағасы Мұратбек Айтмұратов.
Дәл осындай қайғылы оқиғалар көрші ауылдарда да болыпты. Олардың барлығы интернет арқылы тараған сатанистік сипаттағы қауіпті ойындар себеп деп отыр. Алайда құзырлы орындар тергеуді тереңінен бастамай, "суицид" деп жылы жауып қоюына қапалы. Бірақ полиция департаменті тергеу тоқтамағанын жеткізді.“Хамутецкая Диана жалпы сабақтан себепсіз қалмайтын. Мінезі ашық. Сыныптастарымен, ұстаздарымен белсенді қарым-қатынаста жүретін үлгілі оқушы болатын. Үздік аттестаттың үміткері. Одан дәл осындай шығады деп ойлаған жоқпыз. Не итермелегенін тіпті, өзіміз де түсінбей отырмыз”, – деді №4 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құралай Көшегенова.
Диананың ата-анасы қызының ұялы телефоны мен қандай да бір жеке заттарын тексеруді талап етуде. “Қызымды қайтара алмасам да, өзге балалардың өміріне араша түсе аламын” деген ана полицейлерден істі бүге-шігесіне дейін тергеуді сұрайды.“Аталмыш іс бойынша ҚР ҚК-тің 105-бап, 3-бөлігі, яғни өзіне қол жұмсау фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот медициналық-сараптама тағайындалды. Бастапқы қорытындысы көрсетіп отырғандай, жасөспірімнің өліміне тыныс алу жолдарының механикалық асфекциясы себеп болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғастырылып жатыр”, – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.